«15 жыл азаматтық некеде болған: Күйеуі пышақтап өлтірген әйелдің оқиғасына қатысты сұмдық дерек жарияланды
Фотосурет: istockphoto
Алматы облысында ер адам 15 жыл бойы отасқан әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірді. Ата-әжесін көмекке шақырған да сол кішкентай қызы екен. 39 жасында үзілген Жазираның денесін туыстары кеше жер қойнына тапсырды. Ал күдіктіні полицейлер қылмыс болған күні ұстаған. Марқұмның жақындары оған ең ауыр жаза сұрап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Жантүршілерлік оқиға сәрсенбі күні үйде болған. 45 жастағы ер адам әйелге бірнеше мәрте пышақ сұғып, төсегіне жатқызып кеткен. Ең сорақысы, қанды қылмыс бес жасар қызының көз алдында болыпты. Күдікті ізін жасырмақ болып үйін тазалап, қанға боялған сүлгіні газ пештің артына жасырып кеткен. Қанжоса болған әйелін ұйықтап жатқан қызының қасына жатқызып, үстіне көрпесін жауып кетіпті. Сөйтіп қызы таңертең ұйқысынан ояна сала, бірден ата-апасының үйіне көмек сұрауға барған.
— Газды жылжытқан кезде газдың артынан қан-қан сүлгілер шықты. Үйді тазалап, төсекке жатқызып, үстіне көрпе жауып, жанында қызы ұйықтап жатқан ғой, соның жанына жатқызып кеткен. Олар бөлек, жоғарғы үйде тұрады, әке-шешесі төменгі үйде тұрады.
«Апа-ау, жедел жәрдем шақырсаңшы, мамама пышақ салып кетті ғой, неғып отырсың» дегенде, мен жүгіріп барып келдім. Үсті-басының бәрі қан. Аударып, кофтасын шешкенде мына жерінен, екі қолтығынан пышақ тыққан, ішіне пышақ тыққан, - дейді марқұмның анасы Тұраш Қуанышева.
Анасының айтуынша, жүк тасушы боп істейтін күйеу баласының пышақ сұқпаған жері жоқ. Ол ішімдікке әуес болған дейді. Ерлі-зайыптылар 15 жылдан бері азаматтық некеде болған. Сондықтан күдіктіні қатаң жазалауды сұрайды.
Ұрған сайын арасына түсетінмін. Келіп, талай қуып жібердім ғой. Арақ ішеді, аузына келгенін айтатын шығар, кім біледі. Талай айттым, ажырасып кетші, неғыласың бұны деп. Соттасын немесе өлтірсін. Біреуді жалдаса да, өлтіртіп тастасын, - дейді марқұмның анасы Тұраш Қуанышева.
Қанды қылмысқа отбасындағы жанжал себеп болған. Дегенмен көрші-қолаң олардың жиі ұрысқанын «байқамадық» деп отыр. Марқұм ауылдағы дәмхананың бірінде аспаз болып жұмыс істеген екен. Жазира тәтені мен бұрыннан танимын ғой, кішкентай кезімнен бастап. Өте жақсы кісі. Адамға деген жаманшылығы жоқ. Өзінен өзі ұрыс шығару деген әдеттерін көрмегенбіз, дейді марқұмның көршісі Елжас Рахиман.
Күдікті сол күні де мас болған көрінеді. Қазір кісі өлтіру бабы бойныша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіп жатыр.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, отбасындағы жанжалда ауыл тұрғыны азаматтық некедегі жұбайын екі рет пышақтап, әйелі бірнеше сағаттан кейін көз жұмған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, қамауға алды. Оқиғаның мән-жайын жан-жақты толық әрі обьективті анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр», - Алматы облысы ПД бөлім басшысы Ернар Сәйділдин.
Осы айдың басында ғана күш көрсеткіш күйеу баланың үстінен арыз жазылған. Арада екі апта өтпей, қызының жансыз денесін құшақтап ата-анасы аңырап қалды.
Пікірлер (0)