19 ақпан – Рамазан айының бірінші күні!

Қосшы жаңалықтары
view 44
news

Фотосурет: sunnaportal.com

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі мұсылман қауым, бауырлар! Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!

Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!

Қасиетті Рамазан – мұсылман жүрегіне нұр құятын, жанды тазартатын, иманды күшейтетін берекелі ай. Бұл ай – пенденің Раббысына жақындайтын, тәубе мен кешірімге кенелетін айрықша мүмкіндік.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ораза парыз етілді. Сендерден бұрынғыларға да парыз етілген еді. Бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер». (Бақара сүресі, 183-аят).

Тағы бір аятта: «Рамазан айы – адамдарға тура жол нұсқаушы, хақ пен жалғанды айыратын дәлел ретінде Құран түсірілген ай». (Бақара, 185-аят). Міне, Рамазан – Құран түскен нұрлы ай. Құран оқылған үйге береке қонады, жүрекке тыныштық орнайды.

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім Рамазан айында иманмен әрі сауабын Алладан үміт етіп ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Муслим).

Тағы бір хадисте: «Рамазан келгенде жәннаттың есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» (Бұхари, Муслим). Бұл – Рамазанның қаншалықты мейірім мен кешірім айы екенін білдіреді. Бұл айда әрбір ізгі амал еселеніп жазылады. Бір ауыз жақсы сөз, бір мұқтажға берген садақа, бір шынайы тәубе – бәрі ізгілікке бастар жол.

Рамазан – нәпсіні тәрбиелейтін, сабырды үйрететін, жүректі жұмсартатын ай. Аштық пен шөл арқылы адам баласы шүкіршіліктің қадірін түсінеді, мұқтаждың хәлін сезінеді.

Құрметті мұсылман қауым! Он екі айдың сұлтаны – рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Рамазан – нұр шашқан ай

Рамазан сөзі арабтың ежелден келе жатқан тілдік сөздіктерінен алынған. Хижри күнтізбенің 9-шы айы. Бұл ай арабтардың өте ыстық, табиғатты күйдіріп жіберуге дейін болатын мезгілге тұспа-тұс келгендіктен «Рамазан» деп аталған.

Рамазан дегені «рәмзә» сөзінен алынып, «қыздыру» , «күйдіру , «қызыл шоқ болу» мағыналарға сай келеді. Сол үшін де аталмыш айда ораза ұстаған адамның күнәлары кешіріліп, жоқ болады, қате-кемшіліктері Рамазан айы кезіндегі жалындап тұрған отқа жағып, күйіп кетеді деп пайымдалған.

Рамазан оразасы Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға хижрат (көшіп-қону) қылған жылдың екінші жылында, яғни шағбан айының екінші кешінде парыз етілді. Кейбір ғалымдар, демек бұл жәйт миләди күнтізбе бойынша 623 жылы 7 ақпанда орын алған дейді. Шағбан айы тәмәм бола сала Пайғамбарымызбен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге барша мұсылман қауымы Рамазан оразасын тұта бастады.

Ол күндер өте аптап ыстық еді. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) 9 жыл Рамазан оразасын ұстаған. Рамазан айлардың сұлтаны һәм қасиеттісі. Оның басқа айлардан көп артықшылықтары бар. Олардың кейбірін атап өтейік: 1. Рамазан айында Құран Кәрім нәзіл болды. Рамазан айындағы қадір түнінде Лаухул Махфуздан Бәйтул Ғиззаға бір мезетте түсірілді. Кейін Құран Кәрім Пайғамбарымызға с.ғ.с. 23 жыл бойы бөлек-бөлек болып, түрлі себептерге байланысты түсіріліп отырған.

Алла Тағала бұл жайында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді.» (Бақара сүресі, 185 аят). 2. Рамазан айының оразасы Исламның бес парыздарының бірі. Хазреті Ибн Омар р.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес негізге құралған. Алладан өзге Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі екендігіне куәлік беру, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылық жасау», деген. (Имам Бұхари, Имам Муслим риуаяттары) 3. Рамазан айында жасалған жақсылықтар және қайырымды істер басқа айларға қарағанда сауабы өте мол. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзі табиғатынан жомарт жан еді. Рамазан айы бойы әр қайырымдылығын үздіксіз жасар еді. Рамазан айында жасалынған жақсылық амалдардың өзге айлардан жетпіс есе артық екендігіне төмендегі мына бір хадис дәлел бола алады.

Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазанда бір мәрте тәсбих тарту, басқа айларда мың мәрте айтқаннан да жақсырақ» дейді. (Бәйһақи риуаяты). 4. Рамазан айында мың айдан да жақсырақ болған бір түн бар. Ол Қадір түні. Аталмыш түннің мың айдан артық артықшылығы бар екендігін Алла Тағаланың Өзі де, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) да растап бекіткен. 5. Рамазан айының басқа айлардан айырмашылығы ол айдың кештерін намазбен өткізу сүннет болған. Нақты айтар болсақ, тарауих намаздары жамағат болып оқылып, дұғалар жасалынатын болса, оның сауаптарын ешнәрсемен өлшеп болмас екен. 6. Рамазан айы – Құран айы. Құранды оқитын, үйренетін әрі өзгеге үйрететін ай. Бұл айда құран оқуды көбейту, құран дәрістерін көбейту мұстахаб амалына жатады. Өйткені Пайғамбарымыз с.ғ.с. да Құран дәрістерін Жәбрайіл ғ.с. періштемен көп қайталайтын болған екен. Кезінде саңлақ сахабаларымыз, ата-бабаларымыз да тіпті медреселер де өзге сабақтарын, дәрістерін тоқтатып, тек Құранмен ғана шұғылданатын болған. 7. Рамазанда өзге айлардай болмайтын қонақтарға арналған дәмдер, былайша айтқанда түрлі ауызашар дастархандары жайылады. Мұндағы мақсат үлкен-кіші, мұқтажды, ауыз бекіткенді қуандырып шаттықа бөлеу. Хадистердің бірінде «Кімде кім бір мұсылманға ауыз ашар беріп, батасын алатын болса, оның сауабы иесіне екі есе болып қайтарылады» делінген. Рамазан айында ораза ұстаудың парыз екендігі жайында Алла Тағала Құранда: «Әй мүминдер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар» дейді.(Бақара сүресі, 183 аят). Демек Адам Атадан Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) дейінгі барлық пайғамбарлардың үмметтерінің баршасына өздерінің жағдайларына қарай Рамазан айында ораза ұстау парыз етілген. Кейбір үмметтердің оразалары 50 күн болған.

Алдынғы мұсылмандарға рамазан оразасы парыз етілместен алдын оларға Ашура күні ораза ұстау парыз етілген екен. Рамазан оразасы парыз етілген соң Пайғамбарымыз с.ғ.с. ашура оразасы жайлы: «Кім қаласа ол күні ораза ұстасын, ұстамаса өз еркі» деген. (Бұхари, Муслим риуаяттары). Намаздың өз шарттары рүкіндері бар болғаны сияқты оразаның да өз шарттары бар. Оразаның себебі: Рамазан айына жету, яғни Рамазан айын көру.

Оразаның шарттары: Мұсылман болу, ақылы есі толық болу және балиғат жасына жету әрі денсаулығы дұрыс болуы шарт. Оразаның рүкіні дегеніміз – оразаны бұзатын нәрселерден сақтану болып саналады.

Сонымен Рамазан айының оразасы кімдерге парыз деген сұраққа шариғатымыз 1. Мұсылман болу, 2. Ақыл есі толық болу, 3. Балиғат жасына жеткен болуы, 4. Денсаулығы бар адамға, 5. Жолаушы емес тұрғылықты адамға деп белгіленген. Ораза ұстап жүрген адам сырқаттанып қалатын болса, оразасын тоқтатып, кейін сырқаты тоқтаған соң қаза оразасын өтейді.

Сондай-ақ, жолаушы адам жұртына оралған соң, әйел адамдар хайыз, нифас жағдайларынан тазарған соң қалып қойған оразаларын кейін қаза етіп ұстайды. Аяғы ауыр немесе бала емізулі әйелдер де кейінірек өткізіп алған оразаларының қазаларын өтейді. Жасы келіп отырған қарт кісілерге ораза ұстау денсаулығына қиын болып тұрса ұстамайды. Оның орнына фидия садақасын береді. Рамазан оразасы жайында жүзге жуық хадистер жеткен.

Төменде солардың кейбіріне тоқталып өтеміз: Әбу Һурайрадан р.ғ. хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) айтады: «Кім Рамазанда иманмен және сауап үмітімен ораза ұстаса, өткен күнәлары кешіріледі. Кім Рамазанда иманмен, сауап үмітімен түнгі намазға тұрса, өткен күнәләрі кешіріледі және кім Қадір түнін иманмен, сауап үмітімен өткізсе өткен күнәлары кешіріледі.» (Бұхари және Муслим риуаяты) «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар. Бірі – ауыз ашқан кезінде, екіншісі – Раббысына жолыққан кезінде. Ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс Алланың алдында жұпар иісті мисктің иісінен артық». (Бұхари және Муслим) Жәннатта «Раййан» деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкiм кiрмейдi. Қиямет күнi: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады.

Ораза ұстағандар тұрып, сол қақпадан кiредi. Олар кiрiп болған соң ол жабылып, одан басқа ешкiм кiрмейдi.» (Бұхари) Сөз соңында айтарымыз, Рамазан айының оразасын және жалпы Рамазан айын құрметтеу әрбір мұсылман баласына міндетті. Ал ораза ұстаушының сауабын Алла ғана береді.

Жаратушымыз бір құдси хадисте: «Ораза тікелей Мен үшін жасалатын құлшылық, оның қайтарымын Өзім ғана беремін» деген. Кез келген ғибадат атқарылып жатқан уақытта сырттай көзге көрініп тұрады. Ал енді кімнің ораза ұстап жүргені сырттай байқалмайды. Оны тек Раббымыз ғана білуші. Рамазан – кешірім айы. Бұл айда Аллаға өте көп истиғфар (кешірім сұрау, жарылқау тілеу) айтып, көбірек құлшылық жасаған дұрыс. Алла Тағала шынайы ықыласпен кешірім өтініп, жарылқау тілеген құлын кешіріп, мал-мүлкін көбейтеді, ол пендені түрлі бәле-жаладан сақтайды. Олардың несібелерін молайтады. Биыл Рамазан айының алғашқы күні 19 ақпанға сәйкес келді.

Тарауих намазы 18 ақпан күні Құптан намазынан кейін басталады. Ораза айттың бірінші күні 20 наурызға дәл келді. Биылғы жылы пітір садақасы еліміз бойынша 735 теңге болып бекітілді. Рамазан – нұр шашқан ай. Сол нұр жүрегімізден өшпесін, ғұмырымызға бағыт-бағдар болсын! Алла Тағала осы нұрлы айда ұстаған оразамызды, оқыған тарауық намазымызды, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл етсін.

Жүрегімізді Құран нұрымен сәулелендіріп, иманымызды күшейтіп, шаңырағымызға береке дарытсын.

Төлеген АРҒЫНБАЙҰЛЫ,

Қосшы қалалық «Бөгенбай батыр» мешітінің имамы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *