Ұларбек Нұрғалымұлының шығармаларын оқудан үздік шыққандар марапатталды (ВИДЕО)
Фотосурет: ашық дереккөзден
Қосшы қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының туған күніне орай тағылымды әдеби кеш өтті. Рухани мазмұнға бай шара аясында қаламгердің «Дайағашшы», «Қараманнан шыққан қайыршы», «Ауылды «ұстайтын» апа», «Қар суымен кеткен жылқы» атты туындыларын оқудан байқау ұйымдастырылып, оқырман жазушы шығармашылығын терең сезініп, көркем сөзбен жеткізуге тырысты.
Байқауға әртүрлі жас санатындағы оқырман қатысып, шығармалардың мазмұнын, идеялық мәнін, кейіпкерлердің болмысын әсерлі түрде ашып көрсетті. Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс мәнеріне, мәтінді түсіну деңгейіне, сахналық мәдениетіне және көркемдік жеткізу шеберлігіне ерекше назар аударды.
Ұларбек Нұрғалымұлының өзі кешке құрметті қонақ ретінде қатысып, байқауды тамашалап қана қоймай, қазылар құрамында отырып, өнер көрсеткен жастарға бағасын берді.
Кеште әдеби байқаумен қатар, қаламгердің өлеңдері оқылып, мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ қаламгердің туған жеріндегі ұстаздары арнайы бейнеқұттықтау жолдап, шәкіртіне деген мақтаныштарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.
Ұларбек Нұрғалымұлы шығармаларының көркемдік қуатын сезініп, мазмұнын терең түсініп оқыған барлық қатысушыға орталық кітапхана атынан кітаптар табысталды. Ал ең жоғары нәтиже көрсеткен үш оқырман арнайы диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Пікірлер (0)