2023 жылғы жаһандық сын-қатерлер
Экономика
547
Алдағы онжылдықта күллі әлемді қандай сын-қатер күтіп тұр? Көптеген ақыл-ой орталықтары осы сұрақтар төңірегінде зерттеу жүргізіп келеді. Мәселен, 2023 жылы Дүниежүзілік экономикалық форум 1 200-ден астам жетекші сарапшының қатысуымен Жаһандық сын-қатерлер туралы есеп дайындаған.
Осы тақырыпты «Eurasia Group» консалтинг компаниясы да қарастырған екен. Зерттеу деректері бойынша, келесі онжылдықта технологиялық даму, қазіргі геосаяси және экономикалық жағдай экологиялық және әлеуметтік дағдарыстарға алып келуі мүмкін.
Алдағы уақытта жедел және кең тарайтын сын-қатердің бірі – «өмір сүру құнының дағдарысы». Аты айтып тұрғандай, бұл инфляцияға байланысты халық кірісінің күрт төмендеп, азық-түлік пен жанар-жағармай сияқты күнделікті игіліктер бағасының жылдам өсімін білдіреді. Расында да, әлемнің барлық елінде «электр энергиясымен қамту», «инфляцияның артуы» және «азық-түлікпен қамтамасыз ету» ең өткір мәселеге айналып, домино эффектісі бойынша ең алдымен әлеуметтік осал топтарға ықпал етеді. Зерттеуде осы ахуалды тұрақтандырудың бірден-бір жолы ретінде «адам дамуына жұмсалатын инвестиция көлемін арттыру» деп көрсетіледі.
Жер бетінде тез белең алуы мүмкін тағы бір мәселе – биоалуандылықтың жоғалуы және экожүйенің күйреуі. Аталған есеп көрсетіп отырғандай, жасыл технологияға қомақты инвестиция құюға кейбір мемлекеттердің ғана шамасы келеді. Ауыз судың тапшылығы да жүйелі жаһандық проблемалар қатарына кіргеніне қарағанда, барлық үкіметтер бұл мәселені уақытша дағдарыс ретінде қарастырмауға тиіс.
Зерттеуде технология дамуының киберқауіпсіздік пен қоғамдағы теңсіздік аспектілеріне кері әсері айтылған. Киберқылмыстың өсетіні мәлім болса, саяси акторлар (қатысушылар) өзге елдердің технология ресурстары мен қызметтеріне жиі шабуыл жасауы әбден мүмкін. Мұндай әрекеттер әсіресе ауыл шаруашылығы, сумен қамтамасыз ету, қаржы жүйесі, қоғамдық қауіпсіздік, энергетика, ғарыштық және су асты коммуникация жұмысына да кедергі келтіруі ықтимал.
Әлемдегі сауда-экономикалық текетірес, санкциялар жалғаса берсе, инфляциялық қысым тудырушы фактор болып есептелетін логистикалық тізбектер әлсірей түседі. Зерттеу деректеріне сүйенсек, алдағы 10 жылда жаһандық экономикалық фрагментация мен геосаяси шиеленіс тоқтамаса, қарыз дағдарысы ушыға беретіні анық.
Дамыған және дамушы елдердің табиғи ресурстарды шамадан тыс, әрі тиімсіз қолдануы әсерінен азық-түлік пен су үшін күрестің күшеюі былай тұрсын, металл мен минералдардың жетіспеушілігіне байланысты гуманитарлық және экологиялық дағдарыс тереңдейді. Алайда дағдарыс атаулы дамушы және дамыған нарықтарға әркелкі ықпал етеді. Дағдарыстар қоғамдық инфрақұрылымның құлдырауына өз ықпалын салыстырмалы түрде тигізеді.
Жоғарыда аталған және кестеде көрсетілген мәліметтер мен болжамдарды негізге ала отырып, мұндай сын-қатерлердің алдын алу шараларын іске асырып, олардың қоршаған ортаға әсері мен әлеуметтік салдарын мейлінше зерделеуді қолға алған маңызды. Жаһандық сын-қатерлер бәрінен бұрын адами капиталдың дамуына өте жойқын әсер ететінін ескеру қажет.
Айдана АМАЛБЕКОВА,
Қазақстан қоғамдық
даму институтының сарапшысы
Пікірлер (0)