Қосшы қаласы әкімшілік бірлік ретінде 2021 жылдың 26 шілдесінде ұйымдастырылды. Қаланың жалпы ауданы 6,2 мың га құрайды. Бүгінгі таңда статистика агенттігінің мәліметтері бойынша халық саны 52 584 адамды құрады. Газетіміздің осы нөмірінде «Қосшы қаласы экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Рустем Қабдуалиұлы Мусинмен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сұхбатын ұсынамыз.
– Рүстем Қабдуалиұлы, бүгінде Қосшы қаласының даму қарқыны қуантады. Оған шаһардың елорданың іргесінде орналасқандығы да себеп шығар. Осыған орай қалада өнеркәсіп қалай өркендеп келе жатқанын айтып берсеңіз.
– Жыл басынан бері қалада алғашқы үш айда қолданыстағы бағамен 1 616,8 млн теңге сомасына өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл былтырғы сәйкесінше мерзіммен салыстырғанда 104,1% - ға артық. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде – 1 318,9 млн теңге, өнеркәсіп өндірісінің индексі 2023 жылғы қаңтар-наурызда 2022 жылғы қаңтар-наурыз деңгейіне 104,4% құрады, өндірістің ұлғаюы мынадай қызмет түрлері есебінен болды: резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі – 158,0 млн теңге, өсім 158,2% құрады («Kaiser Engineering»ЖШС-де пластикалық құбырлар мен жинақтаушы элементтер өндірісі); жиһаз өндірісі – 203,6 млн теңге, өсім 172,4% құрады («Kazyna-SR» ЖШС-де және жеке кәсіпкерлерде корпустық жиһаз өндірісі); дайын металл бұйымдарының өндірісі - 12,7 млн. теңге, өндіріс көлемі 2022 жылғы қаңтар-наурызға ұқсас («Sky Express Elevator» ЖШС-де лифт жабдығының өндірісі) құрады.
Әйтсе де, кейбір қызмет түрлерінде өндіріс көлемінің төмендегенін де айтпай кеткен жөн болмас. Мәселен, құрылыс материалдарының өндірісі - 458,5 млн теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 46,6% - ға төмендеді («Даш Бетон» ЖШС-де тауарлық бетон өндірісі төмендеді). Сондай-ақ ет өнімдерін қайта өңдеу және өндіру 10,5% - ға төмендеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында 480,0 млн теңге сомасына ет өнімдері өндірілді және қайта өңделді. Бұл өнімнің негізгі өндірушісі БАӘ-де ет өнімдерін экспорттаушы болып табылатын «Алтын Қазақ» ЖШС болып табылады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 155,6 млн теңге, өнеркәсіптік өндіріс индексі 2023 жылғы қаңтар-наурызда 2022 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 144,6% - ды құрады. Осы саладағы қызметті жүзеге асыратын кәсіпорын «Александрит - ИВ» ЖШС карьерді әзірлеу арқылы қиыршық тас өндірісін жүзеге асырады.
Электр энергиясымен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда – 74,9 млн теңге, өнеркәсіптік өндіріс индексі 79,6% құрады. Сумен жабдықтауда, қалдықтарды жинауда, өңдеуде және жоюда ластануды жою жөніндегі қызмет – 67,1 млн теңге, өнеркәсіптік өндіріс индексі 2023 жылғы қаңтар-наурызда 2022 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 140,9% -ды құрады.
Осылайша, өнеркәсіптік өндіріс көлемінің негізгі өсуі өңдеу өнеркәсібі есебінен 4,4% - ға, қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындарының қызметі есебінен, оның ішінде құрылыс материалдарын өндіру, ет өндіру және қайта өңдеу, корпустық жиһаз өндірісі, дайын металл бұйымдарын өндіру, пластикалық құбырлар өндірісі есебінен болды. Сондай-ақ өнеркәсіптік өндірістің өсуі сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметі есебінен болды. Сонымен қатар өңірдің облыстық өнеркәсіптік өнім көлеміндегі үлес салмағы небәрі 0,4% -ды құрады.
– Қала халқының әлеуметтік хал-ахуалы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына байланысты ғой. Осы тұрғыдан алғанда, шағын бизнес субъектілерінің аяқ алысы туралы не айтасыз?
– Бұл салада да ілгерілеушілік бар. Рас, Қосшы қаласы елорданың іргесінде орналасқандықтан, ол қала дамуына ерекше серпін беріп тұр. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 2 755 бірлікті құрады, оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 2 609. Өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда өсім 165,1% -ды құрады.
Бүгінде қалада 2099 жеке кәсіпкер тіркелген. Сондай-ақ есепте тұрған шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 597 бірлік, оның нақты жұмыс істеп жатқаны– 502.
Сондай-ақ Ақмола облысы өңірлерінің кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, әр түрлі кезеңдерде 1 млрд теңгеге жуық сомаға 4 жоба іске қосылып, бұл 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Мәселен, «Құмтас АКК» ЖШС 300 млн теңге сомасына ТБ зауытын салуды қолға алды. Жобаның өндірістік қуаты жылына 46,0 мың текше метр бетонды құрамақ. Ал «Сивка Бурка» ШҚ биыл 85,0 млн теңге сомасына ет жартылай фабрикаттарын қайта өңдеу кешенін салуды жоспарлап отыр. Оның жылдық өндірістік қуаты 18,0 тонна шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттарды құрамақшы. «Главстрой» ЖШС 300 млн теңге сомасына көпфункционалды өндірістік кешен жобасын жүзеге асырмақ. Мұнда темірбетон бұйымдарын өндіру, қағаз және картон бұйымдарын өндіру, өсімдік дақылдары питомнигі ұйымдастырылатын болады. Сәндік дақылдар питомнигі жылына 8 500 дана өнім шығарса, қағаз және картон бұйымдары жылына 100,0 мың дана өнім береді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ «Asyl Tas corp» ЖШС 403,0 млн теңге сомасына жасанды мәрмәр дайындау фабрикасын салуға кірісетін болды. Жобаның өндірістік қуаты жылына 700,0 тонна жасанды мәрмәр шығаруға қабілетті.
– «Қазақтың көңілі қорасындағы малына қарап семіреді» демекші, Қосшы қазағының қолындағы мал басы қанша? Жалпы, қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісі қай деңгейде?
– Ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі есеп бойынша, қалада 1 323 бас жылқы, 581 бас ірі қара (оның ішінде сиыр – 263), 1 084 бас қой-ешкі, 58 бас түйе тіркелген. Төрт түліктің қайсына қатысты болса да өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыс-
тырғанда өсім бар. Сондай-ақ елдің қолында 788 бас құс бар. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде тірі салмақта есептегенде, 5,8 тонна мал мен құс еті өнімі алынып, 18,0 тонна сүт сауылған, 2,0 мың дана тауық жұмыртқасы сатылды.
Жалпы, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы сомасы19,0 млн теңгені құрады, оның ішінде мал шаруашылығынан түскен табыс – 14,0 млн теңге. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өсімі –
127,1% құрады.
– Кез келген экономиканың дамуы үшін тұрақты түрде қаржылық қолдау қажет болады. Осы тұрғыдан алғанда, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз...
– Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне негізгі капиталға салынған инвестициялар 11 788,8 млн теңгені құрады, бұл қаржыландыру көздері бөлінісінде өткен жылдың қаңтар-наурыз айларына қарағанда 2,7 есе көп. Оның ішінде республикалық бюджеттен 150,0 млн теңге бөлінсе, жергілікті бюджеттен 172,7 млн теңге түсті. Кәсіпорындардың меншікті қаражаты 9 326,3 млн теңгенің құрады.
Тұрғын үй құрылысына да салынған инвестиция көлемі артты – 9 171,1 млн теңге. Бұл өткен жылдың қаңтар-наурыз айларына қарағанда 2,1 есе көп.
Осы жерде айта кететін бір жайт, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің ұлғаюы көппәтерлі тұрғын үй, әкімшілік ғимараттар мен құрылыстар салу есебінен артты. Сондай-ақ халықтың жеке тұрғын үй салуының қарқыны артты. Жоғарыда айтып өттік, Қосшы елорда іргесінде орналасуына байланысты біздің қалаға қоныс аударушылар, тиісінше үй-жай салушылардың қатары уақыт өткен сайын қарқын алып келеді.
– Жыл басынан бері қанша құрылыс нысандары салынды, оның ішінде тұрғын үй құрылысының есебін де айта кетсеңіз.
– 1 сәуірдегі жағдай бойынша қалада жалпы ауданы 27 086 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 37-сі жеке үйлер. Сондай-ақ 9 көппәтерлі үй бой көтерді. Бұл жерде «Лесная Поляна» ТК-де көппәтерлі тұрғын үйдің салынуы құрылыс көлемінің ұлғаюына әсер етті. Одан бөлек, қалаға көшіп келушілердің өздері салған жеке тұрғын үйлердің саны артты. Соның есенбінен үй құрылысы былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 110,0% өсті.Пайдалануға берілген объектілерді салудың нақты құны 5 310,5 млн теңгені құрады.
Осы уақыт аралығында құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 2 273,3 млн теңгенінің үстіне шықты. Бұл өткен мерзіммен салыстырғанда 51 есе өскен.
– Халықтың төлем төлеу қабілеті қалай? Бұл да елдің әл-аухатының негізгі көрсеткіштерінің бірі емес пе?
– Дұрыс айтасыз, бұл тұрғыдан да жетістіктеріміз бар. Мәселен, халықты сатып алу қабілеті өткен жылдың есепті кезеңмен салыс-
тырғанда 154,5%-ға өсіп,жалпы бөлшек сауда көлемі 1 453,4 млн теңгені құрады. Оны жартысына жуығы, яғни 675,8 млн теңге сомасы азық-түлік тауарларынан сатып алуға жұмсалған. Ал 777,6 млнтеңге азық-түлік емес тауарлары алынған. Ең ірі тауар айналымы «Magnum Express», «SMALL» супермаркеттері, «Мұнай Маркет» ЖҚС, «Асқар» ЖҚС, «Чистые пруды» ЖШС, «Best Management Group» ЖШС, «Қазына СР» ЖШС және т. б. тіркелді. Жоғарыдағы жайт халықтың төлем төлеу қабілетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
– Қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуы қалай шешіліп жатыр?
– Бүгінде қалада 26 649 адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан бері 168 адам жаңа жұмыс орнын тапты, ал жұмыссыздар саны – 231 адам.
Сондай-ақ 310 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде тұрақты – 234, уақытша – 76.Қала халқының жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі орташа есеппен
49 225 теңгені құрады, бұл облыс бойынша орташа облыстық күнкөріс деңгейі бойынша – 107,1% .
Ал орташа айлық жалақы 299 282 теңгені құрады. Бұл жерде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есептелген жоқ. Орташа жалақының орташа облыс-
тық деңгейіне қатынасы – 119,7%.
2023 жылға меншікті кіріс көлемі 1 132,6 млн теңге сомасында айқындалды (салық түсімдері – 1 101,7 млн теңге, салықтық емес түсімдер – 2,4 млн теңге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер – 28,5 млн теңге).1 сәуіріндегі жағдай бойынша салық түсімдері 433,9 млн теңгені құрап, белгіленген жоспардан 207,4 мың теңге асыра орындалды. Бұл жетістіктер әлеуметтік салықтар түсімдері есебінен қамтамасыз етілді.
– Халықтың денсаулығын қорғау ісі қаншалықты ұйымдастырылған? Медициналық қызмет көпшілікке қолжетімді ме?
– Өкініштісі сол, өмір бар жерде, өлім-жітім, ауру-сырқау болатыны түсінікті, одан адам баласы қалай сақтансын. Әйтсе де денсаулық қорғау ісін жоғарғы деңгейге көтеру арқылы бұл көрсеткішті де неғұрылым төмендетуге қол жеткізіп отырмыз. Өткен жылы 74 адамды қайтыс болды, оның үшеуі 1 жасқа дейінгі балалар. Егер жалпы өлім-жітім коэффициентін алатын болсақ, 1000 адамға шаққанда – 1,4 адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш Көкшетауда – 8,59 және Степногорск қалаларында – 11,95. Сәбилер өлімінің коэффициенті 1 000 адамға шаққанда – 4,79 (Көкшетау қаласында – 4,81 және Степногорск қалаларында – 4,31). Қаңтар-наурыз айларында туберкулезбен, тыныс алу жолдарының жіті инфекцияларымен, ішек инфекцияларымен сырқаттанушылар тіркелген жоқ.
Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша халық саны –52 584.
Жалпы өсім 374-ге жетіп, көші-қон сальдосы +274 адамды құрады. Айта кетейік, бұл Ақмола облысы бойынша ең жоғары көрсеткіш. Қосшыдан кейін жоғары көші-қон сальдосы Целиноград ауданында (+117 адам), сосын Көкшетау қаласында тіркелген (+112).
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)