Иманғали Тасмағамбетовтің өміріне қауіп төніп тұр ма?
Фото: РИА Новости/Алексей Никольский
Белгілі журналист Ораз Әлімбек facebook-парақшасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов пен бизнесмен Гаджи Гаджиевті «қара» тізіміне қосқан Украинаның «Миротворец» сайтының шешім критерийін және сайттың мақсатын біршама зерттеп шыққанын, осыны Қазақстан және Ресей азаматтарының мысалында тәпсірлеп берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Иманғали Тасмағамбетов Украина «дұшпандарының» тізіміне енді
Еуропа әскері Украинаға кірсе, ҰҚШҰ не істейді? Тасмағамбетов жауап берді
Құлыбаев отбасы Halyk Bank акцияларын сатып жатыр
«Миротворец» кімдерді «қара тізімге» қоспады?
Жазба авторы осы орайда кімдердің «Миротворец» «қара тізіміне» енбегенін айтты.
«Миротворец» Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресейді қолдап көпірме сөз айтатындарды немесе Путинді «Пөтенжан» деп дәріптеп, оны Мәһдиге теңеген қазақстандық «зікірші» сопылардың пірі Сматулла тақсыр секілді адамдарды елемейді екен. Сондықтан, «сақалы бар, мұрты жоқ» пенделерге бірден айта салайын, Сматулла пірді «Миротворецтің» «қара» тізіміне кіргіземіз» деп жанығу бос әурешілік. «Миротворец» Украинаға қарсы әскери агрессияның әсіре пропагандашылары мен соғыстың кесірінен өлген украиндардың аққан қанына тікелей қатысы бар адамдардың «қара» тізімін жасайды. Соларды ғана «Украинаның дұшпаны» санайды екен.
«Миротворец» бұған дейін Қазақстан бизнесмені Тимур Турловты (бұрын Ресей азаматы болған) да «қара» тізімге қосқан, кейін оны тізімнен шығарды. Саяси интриганың «майын езіп ішкен» «Демос» қоғамдық ұйымының жетекшісі Тұрарбек Құсайынов 2023 жылы олигарх Тимур Құлыбаевты да «Украина дұшпандары» тізіміне қосу үшін мәлімет жинап, онысын «Миротворецке» жіберген сияқты (хат скрині комментте), бірақ ол «қара» тізімге ілікпеді. Сірә, Т.Құлыбаевтың шетелдегі бизнесі және оның табысы соғыстан қаза тапқан украиндардың қанының төгілуіне қатысы жоқ деп шешсе керек «Миротворец» сайты. Есесіне, ОДКБ-ның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовті «Миротворец» «қара» тізімге қосты, - деді журналист.
«Ресей Украинаны күніге осындай ракеталармен де атқылап жатыр»
Ораз Әлімбек Иманғали Тасмағамбетов «КАМАЗ» жүк көліктері зауытының акционерлері қатарында екенін, 2020 жылдан бастап зауыт жүк машиналарына түрлі атыс қаруларын қондыруды бастағанын жазды.
Себебі, И.Тасмағамбетов Украинада соғысып жатқан Ресей әскерін қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған екі зауыттың - «Выборг» кеме жасау зауыты мен «КАМАЗ» жүк машиналар зауытының акционерлері қатарында. Украинаның «АТЕШ» партизандарының мәліметінде «Выборг» зауыты дрон-катерлерді ғана емес, кемеден атылатын ракеталарды басқару блогын да шығарады. Ресей Украинаны күніге осындай ракеталармен де атқылап жатыр. Ал «КАМАЗ» 2014 жылдан бастап пилотсыз басқарылатын машина жасау жобасын қолға алды. 2020 жылдан бастап «КАМАЗ» жүк машиналарына түрлі атыс қаруларын қондыруды бастады, тіпті алысқа ұшатын дрондарды да осы «КАМАЗдың» бортынан ұшырып жатыр. Қазір «КАМАЗды» Ресей әскері үшін өте маңызды кәсіпорын деп атаса болғандай. Осы екі зауыттың акционерлерінің қатарында тұрғандықтан И.Тасмағамбетовті «Миротворец» сайты «Украина дұшпандары» тізіміне қосқан сияқты, - дейді ол.
«ОДКБ бас хатшысын күзетуді күшейткен жөн»
Ораз Әлімбек Украина арнайы қызметінің құпия агенттері еліне сатқындық жасап, Ресей үшін қызмет еткен талай украинның көзін жойғанын, екі-үш күннен бері Ресейдің арнаулы қызметі бұрынғы Қорғаныс министрі С.Шойгуді өлтірмек болған қастандықтың алдын алғаны жөнінде ақпарат таратып жатқанын еске салды.
Осы тұста «Миротворецтің» Украина қауіпсіздік қызметімен (сыртқы барлау, әскери барлау) әлдебір байланысы барын айта кеткен жөн. Ал Украинаның арнайы операция жасайтын барлаушыларын Израилдің «Моссад» арнайы қызметінің бұрынғы офицерлері үйрететіні, тіпті кейбір операцияны жоспарлауға және жүзеге асыруға тікелей қатысқаны кейбір деректерде айтылады. «Моссад» доктринасы «Израиль мемлекетінің қас дұшпаны қайда жүрмесін, оларды әлемнің кез келген бұрышында көзін жоюға (өлтіруге) негізделген. Осындай доктринаны қазір Украинаның арнайы операцияларамен шұғылданатын қауіпсіздік қызметі де басшылыққа алған сияқты. Мысалы, Петербургтегі кафеда отырған «әскери журналист» Владлен Татарский өзіне сыйлаған мүсіннің жарылуы салдарынан өлді. Оны да «Миротворец» «Украинанның дұшпандары» тізіміне қосқан. Әрине, Украина арнаулы қызметінің операция кезінде қателескен тұсы да бар. Мысал ретінде «Миротворец» сайтының «қара» тізіміне іліккен Ресейдің импершіл идеологтарының серкесі Александр Дугинді өлтірмек болып, оны емес, қателесіп қызы Дарья Дугинаны машина ішінде жарып жібергенін айтуға болады... Мұндай оқиға көп. Украина арнайы қызметінің құпия агенттері еліне сатқындық жасап, Ресей үшін қызмет еткен талай украинның да көзін жойды. Екі-үш күннен бері Ресейдің арнаулы қызметі бұрынғы Қорғаныс министрі С.Шойгуді өлтірмек болған қастандықтың алдын алғаны жөнінде ақпарат таратып жатыр...
Бәрін айт та, бірін айт, қалай десек те, «Миротворецтің» «қара» тізіміне енген И.Тасмағамбетовтің өміріне қауіп барын жасыра алмаймыз. Сондықтан ОДКБ бас хатшысын күзетуді күшейткен жөн, - деп жазды журналист.
Гаджиевтің үнсіздігі...
Жазба авторы Гаджи Гаджиевтің өміріне, керісінше, қауіп төніп тұрмағанын айтты.
Ал «Миротворецтің» «қара» тізіміндегі екінші адамның - қазақстандық бизнесмен Гаджи Гаджиевтің бұдан былайғы тағдырына келсек, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ сияқты. Естеріңізде болса, «Бәсе» ютуб арнасының бұрынғы қожайыны Айдос Садықов тірі кезінде Г.Гаджиевтен бір адам Киевке келіп, ютубтағы бір видеоны алып тастау жөнінде өзіне «өтініш» айтқанын хабарлаған. Осы оқиғадан кейін, бір-екі жылдан кейін қаскөйлер А.Садықовты әйелі Наталья Садықованың көзінше атып кетті... Содан бері Наталья Садықова күйеуін өлтіруге тапсырыс беруші ретінде Г.Гаджиевті дәлелсіз айыптап жүр. Дегенмен, Г.Гаджиев жөінде айтылатын бұл екі оқиға бойынша нақты дәлел жоқ, қазір Украина азаматтығын алған Н.Садықованың ашынған сөзі ғана бар. Г.Гаджиев те «мен Киевке адам жібермедім», «А.Садықовты өлтіруге тапсырыс бермедім» деп те ақталған емес. Гаджиевтің үнсіздігі оны осындай жағдайға апарған сияқты.
Украинадағы дереккөздің мәліметінше, Наталья Садықова «Миротворец» сайтындағы журналистермен достық қатынаста. Жан жарынан айырылып, қайғы жұтып жылап-сықтаған Наталья бизнесмен Гаджи Гаджиевті «қара» тізімге кіргізуді өтініп қоймаған... «Гаджиевтің «Миротворец» сайты тізіміне енгізудің себебі осы ғана. Сайт Н. Садықованың ЕГОсын қанағаттандырды» деді дереккөз. Бизнесмен Г.Гаджиевтің Украинаға қарсы Ресей соғысына қандайда да бір көмек бергені немесе Путиннің импершіл саясатын жан-тәнімен қолдағаны жөнінде де мәлімет те жоқ. Олай болса, Гаджи Гаджиев көзі жойылуы тиіс «дұшпандар» тізіміне кірмейді. Сондықтан Г.Гаджиевтің өміріне қауіп жоқ деп айтуға болады, - дейді журналист.
Пікірлер (0)