30 жыл бұрынғы сөз ойынан кетпеген азамат ақыры әйелін атып өлтірді

Жаңалықтар
view 171
news

Фотосурет: mse-online.ru

Атырау облысында қызғаныштың жетегінде жүрген 61 жастағы тұрғын әйелін атып өлтірген. Сот оның әрекетін аса ауыр қылмыс деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Қанды оқиғаның түп-төркіні 30 жыл бұрын басталған. 90-жылдардың ортасында ер адамның көршісі дастарқан басында қатты мас болып отырып: «Қыздарыңның бірі сенің туған қызың емес» деп айтып қалған. Ертеңіне ол мас халде мәнсіз сөз айтып қойғанын мойындап, кешірім сұрағанмен, сол күдік ер адамның санасында қалып қойып, жылдар өте келе мазалай берген.

Сөйтіп, ол уақыт өте келе әйеліне сенуден қалып, әр әрекетінен опасыздық іздейтін болған. Қызғаныш пен айыптаулар отбасының берекесін қашырып, жанжалға ұласқан. Өзі де ішімдікке әуестеніп, агрессивті мінез көрсете бастаған.

Биылғы мамыр айының басында өткеннің елесі қайта оралып, ер адам бір апта бойы үздіксіз ішімдік ішкен. 6 мамырда түнде ол әйелін қайтадан жазғырып, ішкі ашуын баса алмай, сейфінен заңды түрде тіркелген аңшы мылтығын алып шыққан. Таңға жуық жанында ұйықтап жатқан әйеліне мылтықты тақап тұрып, екі рет оқ атқан. Әйелі оқиға орнында көз жұмды.

Қылмыскер көп ұзамай жасаған әрекетін жасырмай, өзі полицияға қоңырау шалып, қылмысын мойындаған. Тергеу барысында оның әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сараланды.

Сот үкімі бойынша судья Зарема Хамидуллина айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *