32 адамды алдап, 28 млн теңгені қолды қылған қазақстандық Албаниядан экстрадицияланды
Фотосурет: видеодан скриншот
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Қазақстанның Албаниядағы елшілігінің қолдауымен бірнеше рет алаяқтық жасаған азаматты қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында аталған елден экстрадициялады.
"Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жоғарғы сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғарғы оқу орындарына түсу бойынша қызметтер көрсету туралы көрінеу жалған мәліметтер таратқан", - делінген хабарламада. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде 32 азамат жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатынан айырылды.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ол 2025 жылдың мамыр айында Албанияда ұсталып, Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Пікірлер (0)