3,6 млн тенге: Қостанайда мұғалім әріптестерінің атына бірнеше несие рәсімдеген

Жаңалықтар
view 173
news

Фото: ашық дереккөз

Ақпараттық жүйе пайдаланушыларын алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы бірнеше рет алаяқтық жасаған С.-ға қатысты іс Қостанай қаласының №2 сотында қаралып, аяқталды. 2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы наурызға дейінгі аралықта С. оқу орны қызметкерлерінің жеке деректеріне қол жеткізе отырып, түрлі микроқаржы ұйымдарынан мектеп қызметкерлерінің атына онлайн-қарыздар рәсімдеген. Кәсіподақ тарапынан материалдық көмек көрсету және басқа да ойдан шығарылған себептерді алға тартып, ол әріптестерін микроқаржы ұйымдарында онлайн бейне-верификациядан өтуді ұйымдастырған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Қостанай облыстық «Наша газета»-ға сілтеме жасап.

«Қостанай облысының Құқық қорғау орталығының» мәліметінше, айыпталушылар орындығында №24 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ирина Скобликова. «НГ» басылымы Сот кабинетінен тапқан үкімге сәйкес, Скобликова құмар ойындарға әуестеніп кеткен. Алдымен ол өз атына банктерден кредиттер рәсімдеген, кейін жеке тұлғалардан қарыз ала бастаған. Ал қарыздарын өз бетінше жаба алмаған соң, микроқаржы ұйымдарынан ақша алу схемасын ойлап тапқан. Іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде екі микроқаржы ұйымы танылған. Бірнеше айдың ішінде Скобликова жеті әріптесінің атына микрокредит рәсімдеген.

Қызметкерлер оның заңсыз ниетін білмей, оған сеніп, кәсіподақтық көмек алу рәсімінен өтіп жатырмыз деп ойлап, бейне-верификациядан өткен. Кейін мақұлданған қарыздар С.-ның банк шотына аударылған, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі. Алынған қаражаттың аз ғана бөлігі мектеп қызметкерлеріне материалдық көмек ретінде беріліп, қалған соманы ол өз қалауынша жұмсаған.

Қылмыстық әрекеттердің салдарынан С. микроқаржы ұйымдарына жалпы сомасы 3,6 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының істеген ісіне өкінуін, кінәсін толық мойындауын ескерді, делінген хабарламада.

Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың бір бөлігі өтелгенін ескере отырып, сот С.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын, пробациялық бақылау белгілеу және 5 жылға кәсіподақ ұйымының төрағасы лауазымын атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистияны ескере отырып, сотталған адамның жаза мерзімі 2 жыл 9 ай 18 күнге дейін қысқартылды.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *