«7 күн аштыққа шыдай аламын»: Атышулы «Айка» түрмеден кейінгі өмірі туралы айтты (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз
Эскорт-бизнеске қатысты даулы іс арқылы танылған блогер Айка жазасын өтеу барысында қандай өзгерістер болғанын және колония өмірі оған не үйреткенін айтып, видео жариялады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Атышулы «Айка тізімі»: Жеңгетайлықпен айналысқан блогер бостандыққа шықты
«Айка тізімі»: эскорт қыздардың клиенттері жазалана ма
«522 кітап оқыдым»
Бостандыққа шыққан соң ол өткен жылдарға ашық көзқараспен қарап, түрмедегі тәжірибесін бөлісті. Айтуынша, түрме өзін-өзі бақылауға, тәртіпке және шыдамдылыққа үйреткен "өмір мектебі" болған.
Барлық нәрсеге позитивпен қарап, барынша пайдасын алуға тырыстым, – дейді ол.
Оның сөзінше, кітап оқу тұйықталып кетпеуге және өмірге қызығушылықты жоғалтпауға көмектескен.
522 кітап оқыдым, өз құқығымды, заңды түгел білдім. Аштық пен суықты сезіндім, 7 күнге дейін ылғалды аштыққа шыдай аламын. Түрмеде әр сөзді, тіпті ойды да бақылауды үйренесің. Жалғыз болуды, жалғыз тамақтануды, айлар бойы жалғыз қалуды меңгердім, – деп бөлісті ол.
«Зейінім жақсарды»
Сондай-ақ өмір салтындағы нақты өзгерістерді де атап өтті:
Бейберекетсіздік орнын жайлы тәртіп басты, зейінім бұрынғыдан да жақсарды. Үш жылдан бері ішімдік ішпеймін, бұрынғыдай жұма-сенбі де жоқ. Алкоголь мен темекі өмірімнен кетті, – деді блогер.
Сөз соңында ол алдағы уақытта «тәртіп пен режим» қағидатымен өмір сүретінін айтты.
Оқиғаның мән-жайы
Бұған дейін Абай облысының Жарма аудандық соты Айғаным Мырзахметова есімді сотталушының жазаны кейінге қалдыру туралы шағымын қарады. Шағым беру себебі – кішкентай баласының болуы.
2024 жылдың 21 мамырында сот Айканы 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған және оны қауіпсіздігі орташа колонияға жіберді. Заң бойынша тиісті бөлігін өтегеннен кейін ол қалған жазаны жеңіл түрге ауыстыру туралы өтініш берген, алайда 2025 жылдың 31 шілдесінде Жарма аудандық соты бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Қылмыстық кодекстің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, яғни кішкентай баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін нормалар қабылданған соң, оның адвокаты аудандық сотқа қалған мерзімді кейінге шегеру туралы өтініш түсірді. Өтінішті қарау барысында оның қорғаушысы, №23 мекеме өкілі және прокурор бұл талапты қолдады.
Сот Айканың 2020 жылы туған баласы бар екенін, оның түрмедегі тәртібі жақсы екенін, жеңілдетілген тәртіпте жазасын өтеп отырғанын, бір ынталандыру мен бір тәртіптік жаза алғанын және атқарушылық іс жүргізу бойынша қарыздары жоқ екенін ескерді. Осылайша, сот оның үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Сот қаулысы
Қылмыстық кодекстің 74-бабы кішкентай балалары бар әйелдерге, егер олардың жасаған қылмыстары ерекшелік тізіміне кірмесе, жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Айғаным Мырзахметованың жасаған қылмысы аталған тізімге жатпайды.
Баланың мүддесін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін ескере отырып, сот жазаны орындауды кейінге шегеру қажет деген қорытындыға келді. Өтелмеген жазаны екі жылға кейін өтейді, – делінген сот жауабында.
Осы екі жылдың ішінде әйел тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады.
Бұған дейін, 2024 жылдың 21 мамырында Алматы қаласының Әуезов аудандық соты блогерді психотроптық затты аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлық фактілері бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айырған еді.
Еске салсақ, 2023 жылы желіде Алматыда элиталық эскорт қызметін көрсеткен қыздар мен олардың клиенттері туралы ақпарат бар тізім тараған болатын. Тізім «Айка» лақап атымен танымал блогердің телефон кітапшасы негізінде дайындалғаны хабарланды.
Пікірлер (0)