«Адам төзер жер емес екен» – әскерде көз жұмған сарбаздың соңғы сөзі

Жаңалықтар
view 108
news

Фотосурет: qaz365.kz

Қызылордадан Алматы облысындағы Қарасай ауданының шекара қызметіне шақырылған 18 жастағы Нұрасыл Әнуардың ажалы әскердегі әлімжеттік мәселесін тағы бір көтертті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ресми диагноз менингококцемия. Менингококк бактериясы денеге тарап, сепсис тудырған. Дәрігерлердің алдын ала мәліметінше, сарбаз осы қауіпті инфекцияның асқынуынан қайтыс болған. Алайда марқұмның туыстары бұған күмән келтіріп отыр. Айтуларынша, әскерге шақырылмас бұрын Нұрасылдың денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.

Егер оның денсаулығында ақау болса, медициналық комиссия анықтар еді. Мұндай қауіпті инфекция кемі бір тәулік ішінде белгісін беретін еді ғой. 4 қазанда кешке аға-әпкесімен телефон арқылы тілдескенде денсаулығына шағым айтқан жоқ. Тек «мына жер адам төзер жер емес екен» деп бірнеше рет қайталаған. Армияны мүлде басқаша елестеткен сияқты, – деді Orda порталына пікір білдірген сарбаздың әпкесі Динара.

Еске сала кетсек, Нұрасыл Әнуар әскерге биыл 27 қыркүйекте өз қалауымен кеткен. Бір аптадан соң, 5 қазанда таңғы сағат 7:40-та туыстары оның қайтыс болғанын естіген.

Марқұмның туыстары осы оқиғаға байланысты президентке үндеу жолдап, істің ашық әрі әділ тергелуін талап етті.

Біз Нұрасылдың отбасы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып отырмыз. Осы істі өз бақылауыңызға алыңызшы! Біз мемлекетке сеніп, баламыздың қауіпсіздігіне кепілдік береді деп үміттендік. Бейбіт заманда жастар неге осылай қаза болуға тиіс? Бұл бір ғана отбасының трагедиясы болып қалсын. Мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін барлық шара қабылдансын. Біз Қорғаныс министрлігі мен Шекара қызметінен жауап күтеміз, – деді марқұмның жақындары.

Шекара қызметі дәл қазір әскери бөлімде қызметтік тергеу басталғанын, ал полиция сотқа дейінгі тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

Сарбаздың денесі толық сараптамадан кейін Қызылордаға жеткізіліп, туған жерінде жерленеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *