Салтанат Нүкенованың есімі ел тарихындағы маңызды тұлғалар пантеонына енді

Жаңалықтар
view 66
news

Фотосурет: дереккөз

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенованың есімі Қазақстанның тарихи тұлғалары пантеонына енді. Бұл туралы оның ағасы Айтбек Амангелді мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, анасы екеуі Қостанай облысындағы «Амангелді» кешеніне арнайы барған. Онда мемориалдық қабырға мен пантеон орналасқан.

Бұл пантеонда Қазақстан тарихындағы маңызды тұлғалар арасында Салтанаттың есімі жазылған естелік тақта орнатылды. Біз бұған дейін Павлодардан топырақ алып, мемориалға капсула түрінде жолдаған едік. Мұнда Салтуды Қазақстан тарихына ықпал еткен тұлғалардың бірі ретінде таныды, – деп жазды Айтбек Амангелді өз жазбасында.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 9 қарашасына қараған түні Салтанат Нүкенова Астанадағы BAU мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан болатын. Ал оның өліміне қатысты сот процесі 2024 жылдың 13 мамырында аяқталды. Қуандық Бишімбаев айыпты деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл оқиға Қазақстан тарихындағы ең резонансты істердің бірі болды. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам назар аударды. Осы трагедиядан кейін елде отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ашық талқылана бастады. Әйел құқығын қорғаушылар мен заңгерлер заңнаманы қатаңдатуды талап етті.

Қоғамдық резонанс нәтижесінде, 2024 жылдың басында билік осы бағыттағы реформаларды қолға алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін бірқатар заңға қол қойды.

2024 жылдың 16 маусымында әйелдердің құқығын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа заң күшіне енді.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *