«Кедейліктен нәр алатын жүйе»: сарапшы халық есебінен баюға қарсы үн қатты
Фотосурет: автордікі
Қоғам белсендісі Ғалым Байтұқ өзінің Facebook-тегі парақшасында қоғамды кедейшілік дендеп алғанын ашық жазды. Ол елімізде байлық пен кедейліктің арасы алшақтап бара жатқанын нақты мысалдармен алға тартты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Халқы 20 миллионға жуық және жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші 12 мың доллардан сәл асатын ел үшін активі 5 млрд доллардан жоғары бірнеше адамның болуы – үлкен аномалия. Әсіресе халықтың басым бөлігінің айына 150-200 мың теңге шамасындағы табысқа күнелтіп, әрбір үшінші отбасының қарызы мен несиесі бар екенін ескерсек, - дейді сарапшы.
Айтуынша, елдегі байлығы артып отырған миллиардерлердің дәулеті технология немесе өндірістен емес, қарапайым халықтың қарызынан құралған.

Иә, бұл сөз қаталдау естілуі мүмкін, бірақ шындық. Олардың капиталының өсуі – халықтың қарызға белшесінен батуының тікелей салдары. Бүгін әрбір екінші қазақстандық банкке немесе микроқаржы ұйымына қарыз. Біреу азық-түлікке несие алса, біреу киімге, енді бірі ескі қарызын жабу үшін жаңа қарызға кіреді. Ал дәл осы сәтте қаржы топтары рекордтық табысқа кенеліп отыр. Бұл – халық есебінен баюдың жаңа түрі. Бұрын байығандар мұнай мен металдың қасында тұрса, қазіргілер – қарыз бен айыппұлдың жанында тұрғандар. Халық күйзеліспен өмір сүріп жатса, қаржы элитасы пайдаға батып отыр, - деді Ғалым Байтұқ.
Оның пікірінше, мұны экономика деу қиын, бұл – кедейліктен нәр алатын жүйе. Қалыпты елдерде банктер инвестицияға, дамуға, бизнестің өркендеуіне ақша салады. Ал бізде негізгі пайда кешіктірілген төлемдерден, өсімпұлдардан және «жеңіл ақша» жарнамасынан түсіп отыр.

Енді шындықты ашық айту қажет. Өзгенің қарызынан алынған байлық – жетістік емес, моральдық құлдырау, – деп түйіндеді сөзін жазба авторы.
Пікірлер (0)