Әскерде тағы бір сарбаз көз жұмды
Фотосурет: дереккөз
Алматыда шекара қызметінің әскери бөлімінде әскерге шақырылғаннан кейін бір апта өткен соң сарбаз қайтыс болды. Бұл туралы марқұмның туыстары 5 қазанда таңертең білген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның аты-жөні – Нұрасыл Ануар. Ол 27 қыркүйекте әскерге шақырылып, Қарасай ауданындағы шекара бөлімінде қызмет еткен. Алайда бар болғаны 7 күннен кейін өмірден өтті.

Біз оны әскерге жібергіміз келмеді, жүрегіміз бір жамандықты сезді. Бірақ Нұрасыл Отан алдындағы борышын адал атқарғысы келді. Ол үшін әскерде қызмет ету – ел алдындағы абырой мен жауапкершілік еді, – дейді туыстары.
Алдын ала мәлімет бойынша, өлім себебі менингит делінген. Алайда отбасы бұған күмәнмен қарайды. Себебі Нұрасыл әскерге кеткенге дейін сау болған және ешқандай ауру белгілері байқалмаған.

Таңнан бері бізге оның денесін көрсетпей отыр. Бір мекемеден екіншісіне жіберіп жатыр, – дейді марқұмның әпкесі.
Туыстары объективті және жан-жақты тергеу жүргізуді, барлық мән-жайды анықтап, тиісті шаралар қабылдауды сұрайды.

Нұрасыл өте мейірімді, адал, жүрегі таза, өмірді сүйген жігіт еді. Оның қазасы біз үшін орны толмас қасірет болды, – дейді отбасы мүшелері.
Редакция бұл оқиға бойынша Қорғаныс министрлігіне, ҰҚК-ге және Шекара қызметінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдаған. Әзірге жауап жоқ.
Бұған дейін де Маңғыстау облысында Дінмұхамед есімді әскери қызметші көз жұмған еді. Ол әскерге егіз ағасымен бірге алынған. Алғашында екеуі бір әскери бөлімде болғанмен, кейін бөлек бөлімшелерге бөлінген. 17 қыркүйекте отбасы суыт хабар алды: Дінмұхамед қайтыс болған. Алдын ала нұсқа бойынша, ол өз-өзіне қол салған делінген. Алайда туыстары бұл нұсқаға сенбейді.
Пікірлер (0)