Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан

Редакция таңдауы
view 776
news

Биыл Ұстаздар күні 5 қазанда алғаш рет мерекеленіп отыр. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі 10 наурызда қабылдаған болатын. Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, осы уақытқа дейін республикада мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді. Ұстаздар мерекесіне орай Қосшы қаласында «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Жаңа мектепте жаңаша ортада ұйымдастырылған шараға қала басшысы Гайдар Қасенов қатысып, ұлағатты ұстаздар қауымына ақ тілегін арнады.

– Құрметті ұстаздар қауымы! Білім саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Ұстаз – ұлағатты есім. Адам баласын білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, адами қасиеттерді шәкірт бойына дарытуда, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі орасан зор. Президентіміздің айрықша көңіл бөлуі нәтижесінде, білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жабдықтау білім саласын дамытуға жасалған қамқорлық. Өздеріңіз білетіндей, Қосшы қала мәртебесін алғалы жыл сайын білім ордасының саны артып келеді. Биыл екі бірдей мектебіміз жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдап, үш ауысымдық білім беру толықтай жойылды. Келер жылы тағы 1 200 орындық бір мектеп қолданысқа беріледі және «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша тағы да үш мектептің құрылысы басталады, – деді Гайдар Қаболлаұлы.

Мектептің көптеп ашылуы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде, сіздердің елеулі еңбектеріңіздің арқасында, өз елінің патриоты және тәрбиелі әрі жауапты ұрпақты тәрбиелеп шығуға септігін тигізеді. Ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді. Мұнан кейін әкім балалардың бойынан дарын мен қабілет байқап, оны әрі қарай дамыту жолында аянбай қызмет атқарған бірқатар ұстаздар қауымын алғыс хаттармен марапаттап, сыйлық табыстады. Сондай-ақ Ақмола облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыстау үшін сахна төріне Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы Әлихан Жұмаханұлы көтерілді. Ол: «Ұстаздардың өмірімізде ерекше орын алатыны белгілі. Сіздерге мол табыс, ерекше төзім, мықты денсаулық тілеймін. Мереке құтты болсын!» деп ыстық ықыласын білдірді.

Келесі сөз кезегі келгенде, Қосшы қаласының білім бөлімінің басшысы Қанат Есенбекұлы мұғалімдер қауымына деген ілтипатын былай білдірді: «Білім саласының ардагерлері, ұстаздар қауымы, мерекелеріңіз құтты болсын! «Алты алаштың баласы бас қосқанда құрметті орын ұстаздікі» дейді.

Еліміздегі басты кәсіби мерекелердің бірі – Ұстаздар күні құтты болсын! «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Ұлы Абай тегін айтпаса керек. Ұрпақ санасына сан ғасырлық тарих пен жаңа заман білімін ұштастыра білген сіздер – шеберсіздер! Тәлім мен тәрбие беру – ұлы мұрат. Сіздердің осы жолдағы еңбектеріңіз ұшан теңіз» деп ізгі тілегін арнап, білім саласының үздіктерін алғыс хатпен марапаттады. Орайы келген соң, айта кетейік, Қосшы қаласының білім беру ұйымының желісіне 35 балабақша кіреді. Онда 4 мыңға тарта бала тәрбиеленіп жатыр. 420 орындық 2 мемлекеттік балабақша («Алтын дән» және «Сұлу-ай») және 3 600 балаға арналған 31 жеке балабақша бар. Қазіргі уақытта балабақша кезегінде барлығы 1 456 бала тұр. Мектепке дейінгі жаста барлығы 8 160 бала бар. Қосшы қаласымен Тайтөбе ауылы бойынша 2023-2024 оқу жылының басында жалпы саны 7 мектепте 10 809 оқушы білім алып жатыр. Бірінші сынып оқушыларының саны –1 321, оның ішінде жеке мектепте – 77, Тайтөбедегі мектепте – 71. Қаланың білім беру жүйесінде барлығы 1 437 қызметкер жұмыс істейді. Оның 866-сы педагог. Білім беру ұйымдарының жаңа модификациялы кабинеттермен қамтамасыз етілуі 40 пайыз деңгейінде. Мектептер интернет желісімен 100% қамтылған. Дегенмен, оптикалық талшықты интернет желісі тек ІТ мектеп лицейі мен жаңадан ашылып жатқан объектілерде орнатылған. 2022 жылы 1 200 орындық бір жаңа мектеп, ал биыл жаңа оқу жылында қыркүйекте екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдар кезеңінде 3 мектеп салу жоспарланған. Бұл білім ошақтарындағы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесін жоюға септігін тигізді. Тағы бір ескеретіні, биылғы оқу жылының басты ерекшелігі – қазақ тілінде білім алатын бірінші сынып оқушылары «Әліппе», «Ана тілі» пәндерін оқитын болады, 2-сыныпта «Орыс тілі» пәнін оқи бастайды. Академиялық жылды негізгі орта (5-8-сыныптар), жалпы орта (10-сынып) білім деңгейінде аяқтаған кезде қазақ тілі бойынша емтихан тапсырады. Жоғары сыныптарда ағылшын тілі бойынша оқу жүктемесі 1 сағатқа ұлғаяды. Экологиялық білім беру сапасын арттыру мақсатында білім алушылардың практикалық дағдыларын дамытуға айрықша маңыз беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы жылы өңірде 10 мектептің құрылысы басталды, олардың дені 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жаңа құрылыстар негізінен елорда маңындағы Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандары және Қосшы қаласында орналасқан. Жаңа оқу жылында 4 000 орындық 6 мектеп ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін облыс аумағында 1 800 орындық қосымша 8 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда. Ақмола облысының білім беру нысандарын жаңғырту аясында қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету, мектеп жиһазы мен кітапхана базасын жаңарту мәселелері шешілуде. Сонымен қатар соңғы екі жылда өңірдің 200 білім беру нысанын жөндеуге шамамен 12 млрд теңге бөлінді. Бүгінде Қазақстанның білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді. Мұғалімдер қауымы үшін жақсы жаңалық, енді еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлерінің ардагерлер Кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер елдің әр аймағында құрылады. Кейінгі төрт жыл ішінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға көтерілді. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төленіп отыр. Қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар, биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Астанада республикалық педагогтер съезі өтті. Мұндай шара 2005 жылдан бері өткізілмеген. Оған еліміздің барлық өңірінен 700-ге жуық мұғалім қатысты. Педагогтер арнайы ұйымдастырылған алаңдарда озық еңбектерімен және халықаралық тәжірибелермен бөлісті. Қосшыдағы мерекелік жиынды «Мұра» тобы халық әндерінің поппуриімен, жетігеншілер Айжан Құрақ пен Әйгерім Елемес «Аққу» күйімен әрлей түсті. Ал «Сауран» оқу орталығының «Өрнек» би ансамблі қазақ биімен кешті жандандыра түсті. Сахна төрінде өнер көрсеткен Парасат Отан «Аяулым» әнімен жүректі тербеп, «Ән қанат» балалар хоры «Ұстазым» әнін тамаша орындап, ардақты қауымға алғыс айтқандай. Жас өреннің бойындағы талантты ұштап, қабілетті қалыптастыра білген ұстаздың орны бір төбе. Еңбегі ерен. Білім нәрін сіңіру жолында жалықпай қызмет атқарған әрқайсысының асуы биік. Мерейін арттырар мереке көп болсын деп тілейміз.

Гүлназ Бисен

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *