Мектептің жүрегі саналатын ұстаз қашанда құрметке лайықты. Оның бейнесі шәкірттің жадында мәңгілік. Күннің сәулесіндей жан-жағына шуақ шашып, қайтсем адамдығы мен адалдығы, еңбекқорлығы мен ерлігі қатар жүрер жақсы азамат қалыптастыра аламын дейтін дара ұстаздар бар. Соның бірі Қосшы қаласындағы ІТ мектеп-лицейінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Нағашбек Ахбаев Түймебайұлы. Ол Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», «Герой Чернобыля», «Чернобыль ардагері», «Совет армиясы және әскери теңіз флотына 100 жыл», «Ерлік даңқы» төсбелгілері мен «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің үздің педагогі» медалінің иегері.
Нағашбек Түймебайұлы 1964 жылы 6 сәуірде қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Жұлдыз ауылында дүниеге келген. 1981 жылы мектепті үздік аяқтап арман қуып, Жетісай қазақ педагогикалық училищесіне «Дене тәрбиесі» факультетіне оқуға түседі. 1983 жылы 25 маусымда «дене тәрбиесі мұғалімі» мамандығын меңгеріп шықты. Сол жылы алғашқы қызметін Майбұлақ мектебінде бастайды. 1985 жылы 9 мамыр күні Украинаның Киев қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге кетеді. Әскерде жүргенінде 1986 жылы 26 сәуірде әлемді дүр сілкіндірген АЭС Чернобыль жарылысы болып, апат салдарынан қираған қаланы залалсыздандыруға жөнелтіледі. Өз міндетін 40 күн бойы жоғары дәрежеде атқарған азамат оның денсаулыққа тигізген зардабын да көрді. Ерен еңбегі үшін оған 2005 жылы 26 сәуірде «Чернобыль ардагері» атағы беріледі.
Нағашбек Түймебайұлы жас кезінен еңбекке, өзін шыңдауға жақын азамат ретінде көзге түседі. 1987 жылы Майбұлақ негізгі мектебінде өз жұмысымен қатар, волейболдан, қазақ күресінен аудандық, облыстық, халықаралық, әлем чемпиондарын баптады. Ол мектепте дене тәрбиесі мұғалімі қызметінен бөлек кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін қалтқысыз 13 жыл бойы атқарды. Осы еңбегі үшін 2013 жылы 24 мамырда «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталып, дәрежесі артады. Қырық жылға жуық шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысып келе жатқан Нағашбек Түймебайұлы «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақылды берік ұстанады.
Ғұмырының қырық жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған ұстаз мектепте волейбол ойыны бойынша және джамп роуп қаларалық жарыста дайындаған оқушылары жүлделі орынды иеленіп, облысқа жолдама алып жүр. Жалықпай, білгенін үйретіп жүрген ұстаз: «Тәртібі, сымбаттылығы, денінің саулығына кепіл берер дене шынықтыру пәнінен сабақ беретіндігімді әрдайым жоғары мәртебемен айтып жүремін. Шәкірт тәрбиелеу ісі қашанда оңай болған емес. Спортқа баулыған балаларымның әрдайым абырой биігінен көрініп келе жатқандығы жігер береді, қуаныш сыйлайды» дейді.
Нағашбек Түймебайұлы соңғы уақытта балалардың күш-қуаты, денсаулығына алаңдайтындығын ерекше атап қалды. «Қанша жылдан бері осы салады баламен жұмыс істейтіндіктен, ерекше атап өтетін, алаңдайтын жайт бар. Бұрын балалар спортқа үлкен ықыласпен ізденіп жүріп келетін. Сосын жігері мықты, өздері күшті болатын. Қазіргі балалар сәл әлсіздеу, қабілеті аздау. Мен мұны қазіргі смартфон заманымен байланыстырамын. Әр нәрсеге тиянақтап арнаған уақыт болуы керек. Уақытпен істеген тірлік нәтижелі болады. Балаларды үйде де, мектепте де жігерлендіріп отыру маңызды. Адамның қолынан келмейтін іс, бағындыра алмайтын биігі жоқ. Спорт дегеніңіз тәуекел. Жақсы дайындық болса жеңіс тұғыры алыста емес. Осыны спортшыларыма үнемі айтып отырамын», дейді білікті маман.
Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына адами, парасатты, ұлттық құндылықтарды дарытатын сәулеткер дейтін болсақ, ортадан оза шыққан шәкірттерінің есімін үнемі айтып жүретін Нағашбек Түймебайұлының да мақтан етер оқушылары бар. Бұл тұрғыда ол «2000 жылы өзімнің балам Ерғали Түймебаевты күреске баулып, Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне түсірдім. Ол Якутия, Венгрияға барып дәреже қорғады. Өз ауылымнан Олжас Кенехан баламнан әлем чемпионын дайындадым. Қазақстан барысында аға төреші болып абыройлы қызмет атқарып жүр. Рауан мен Роман деген егіз шәкірттерім болды. Екеуі де спорт саласын таңдап, қазір ұстаздық етуде. Нұрлыхан Байзалиев деген шәкіртім волейбол саласында мықты команда дайындап жүр. Кейде жарыстарда кездесіп қаламыз. Бір бірімізден үйренеріміз көп», дейді.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, жақсы әкенің ізін жалғаған Нағашбек Түймебайұлы: «Әкем Түймебай Ақбайұлы бастауыш мектепте ұстаздық еткен дана, парасат-пайымы биік кісі еді. Ақындығының өзі бір төбе болатын. Спорттан да құр алақан емес еді. 56 жасында өмірден ерте кетті. Әкемнің атынан күрестен шағын жарыстар өткіздім, ауыл мектебінен , спорт мектебін аштым. Отбасында ағайынды екеуміз, қарындасым бар. Өзімнің жанұямда төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Жан жарым да ұстаздық етеді. Жұмысқа бірге келіп, бірге қайтамыз. Бір-біріміздің қызметімізді жақсы түсінеміз, үнемі қолдап отырамыз. Мен қандай жетістік биігінен көрінген болсам, оған үлкен үлес қосқан жан жарым деп айтар едім. Спортта жүрген адам сәл бұзық, тентек болады. Мені сабырға келтіріп, ашуымды ақылға бой алдырып отыратын жан жарымның бар екендігіне шүкір етемін. Балалармен тез тіл табысуды да осы кісіден үйрендім деуге болады», дейді.
Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты насихаттай жүретін ұстаз: «Сергек, бойында қуаты мол, күш-жігері тасыған шәкірт тәрбиелеу үшін өзің де соған лайықты болуың маңызды. Таңертең ерте тұрып, жаттығу жасап, жүгіремін. Балаларды үйірмеге дайындап қана қоймай, өзім де шынығамын. Волейболдан ардагерлер командасында ойнаймын. Қайда жүрсем де спортты насихаттап жүремін. «Дені саудың жаны сау» деген сөз тегін айтылмаған. Қоғамды жақсарту үшін саулық маңызды. Бұл әрі стресс, күйзеліс деген дертпен күресу үшін де керек», дегенді алға тартады.
Елдің баласын тәрбиелеу қиын іс дейді ұстаздардың басым көпшілігі. Бірақ осы тұрғыда талай жылды жалықпай бала тәрбиелеу ісіне арнаған Нағашбек Түймебайұлы «Бар баланың жақсы болуы мүмкін емес. Әр сыныпта енжар, жалқау, тентек балалардың болуы заңды. Бірақ соған бола бүкіл сынып жаман болмауы керек қой. Сондықтан дара мінездісін даналықпен түзу жолға салып, бағыттап жіберу ұстаздық парызымыз деп қараймын. Баланың жаман жағын көп айтуға болмайды. «Сенің қолыңнан келеді, сынып болып, мектеп болып саған сенеміз. Үмітті ақтау да ерлік, өзіңді төменге тастама. Сенің орның биікте» деп қолдап, қолпаштап отырамын. Одан жаман болған шәкірттерім жоқ сияқты. Бұзық деген балаларымның өзі чемпион болып жүр. Баланы бөлмей жақсы көру керек», деп даналықтың үлгі болып жүр.
«Армансыз адам, қанатсыз құс» демей ме? Өз ісінен рахат пен қуаныш алатын ұстаз үлкен армандарын да шәкірттерімен байланыстырады. Ол: «Зейнетке шықсам, жеке үйірме ашып, балаларды күреске дайындасам деймін. Кеудеден жан шыққанша, жақсы спортшыларды тәрбиелеу негізгі мақсатым. Одан бөлек өзім де қалыс қалмай жаяу жарыстарға, марафондарға қатысқым келеді. Өз балаларым аяқтанса, жан жарыммен Меккені көргім келеді. Немерелеріміздің қылығына тоймай, қарттықты әдемі өткізсек деймін», дейді.
Мектепте Нағашбек Түймебайұлының сабағын асыға күтетін оқушылар көп. Бұның себебін көбісі оның ашық-жарқын мінезімен байланыстырады. Соның бірі Әнел Оңғарбек: «Ағайымыздың мінезі ашық. Үнемі күліп жүреді, мейірімді. Осы мектептің намысын қорғап, волейбол командасында ойын көрсетіп жүрмін. Нағашбек ағай біздің команданың жаттықтырушысы. Жоғары дәрежеде дайындайды деп айта аламын. Біздің мықты екендігімізді үнемі айтып, қолдап отырады» десе, болашағын өнермен байланыстыратын Ділназ Қамтаева «Ата-анамыздай мейірімді, қамқор ұстаз деуге толықтай негіз бар. Жанашырлықпен, ұқыптылықпен бәрін жалықпай түсіндіреді. Мені жүгіру, шаңғы жарысынан дайындаған болатын. Алдағы уақытта мамандығым басқа сала болса да жаттығудан қол үзбеймін деп ойлаймын», дейді.
«Мен волейбол ойнай алмайтын оқушылардың бірі едім. Бірақ ұстазымның жалықпай үйретіп, тактикаларды шебер меңгерткенінің арқасында жарыстарда жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жүрмін», дейді алдына үлкен мақсат қойған Аяна Базарбек. Ал адамның бойында спорт арқылы игі қасиеттер қалыптасатындығын сөзіне тиек еткен Абылай Дәулетхан: «Ағаймен көршілес тұрамыз. Алғаш танысқан кезде мектепте мұғалім екендігін білмеген болатынмын. Жарыстан қалма, көп шынық, жаттығудан жалықпа деп үнемі айтып отырады. Волейболдан екінші орын алып келдік. Спортқа жақын болсаң, жаман болмайсың дегенді жиі айтады. Болашақта «әскери ұшқыш» болғым келеді. Сондықтан жаттығу мен үшін маңызды», дейді жас спортшы.
Мәуелі ағаштай жемісі мен жетістігі көп ұстаздың ортадағы орны бөлек. Одан алар үлгі көп. Мақтан етер шәкірттері қаншама. Құрметті мамандық иесінің мәртебесі артып, абыройы асқақтай берсін деп тілейміз!
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)