Қосшылықтар қысқы маусымға даярлықтарын пысықтады

Редакция таңдауы
view 144
news

Қаланың кез келген күні қарбаласқа толы: әр аптада, әр айда атқарылуы тиіс іс-шаралар, орта және ұзақ мерзімді жоспар бар. Шаһар басшысы Гайдар Қасеновтің жетекшілігімен сейсенбі күндері жүйелі түрде өткізіліп келе жатқан аппарат кеңесінде өңірдің көкейтесті мәселелерімен және ағымдық кезеңдегі жай-күйі қаралды. Бұл жолы қысқы мал азығын дайындау, егін орағының нәтижесі туралы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еділ Қабыкеновтің, қаладағы ветеринарлық-профилактикалық жұмыстардың барысы туралы ветеринарлық дәрігер Ақмерей Мештайдың есебі тыңдалды. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, егін орағы аяқталып, күрең күз келіп жеткен шақта қысқы маусымның қамы, дәнді дақылдар қоры, малдың жем-шөп әзірлігі алғашқы кезекте талқыланатын тақырыпқа айналады. Бүгінде Қосшы қаласына тиесілі 354,9 га шаруашылық мақсатындағы жердің 268,4 гектары ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін пайдаланылады. Тұрғындардың қажеттілігіне қарай 121,1 га алқапқа картоп, 24,99 га алқапқа басқа көкөністер егіледі. Орақ науқанының нәтижесі бойынша «Нива» шаруа қожалығы 40 тонна арпа, 144 тонна картоп, 3,12 тонна қияр, 0,527 тонна бұрыш, 0,657 тонна баклажан, 2 тонна қарбыз, 0,980 тонна қызанақ жинаған. «Темеш – Астана» ЖШС 2 тонна картоп, 1 тонна қияр өндірді. Одан бөлек, 37,5 тонна шөп шапты. «Нива» қожалығы 6,0 тоннаға тарта жемшөп жинады.

– Қосшы қаласында жыл басынан бері 26 ауыл шаруашығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мұнда жалпы сомасы 140 400 000 теңгенің тауарлары сатылды. Жәрмеңке әр апта сайын «Лесная поляна» шағын ауданында өткізіледі. Осыған орай, өздеріне тиесілі аумақта жәрмеңке өткізуге рұқсат берген «Жанұя» басшылығына алғыс айтамыз,– деді Еділ Қабыкенов.

Айта кетейік, бүгінде тұрғындардың қолында 985 бас жылқы, 733 бас ірі қара, 1 252 бас қой-ешкі, 54 бас түйе және 760 құс бар. Ауыл шаруашылығы бойынша нақты көлем индексі 101,2%-ға орындалған. Өңірде 9 айдың көрсеткіші бойынша 105,3 млн теңгенің өнімі өндірілген. Аумақта жалпы сомасы 264 876 462 теңгені құрайтын 12 арнайы техника тіркелген. «Целиноград ауданының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК ветеринар дәрігері Ақмерей Мештай кәсіпорынның ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті, жұқпалы емес және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар жүргізетінін, ветеринариялық-санитариялық салауаттылықты қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірумен айналысады.

– Жыл басынан бері бірдейлендіру жұмыстары бойынша 188 бас жылқы, 293 бас ірі қара, 652 тұяқ қой-ешкі, 8 бас түйе төлі бірдейлендірілді. Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы бойынша профилактикалық іс шаралары жоспар бойынша орындалуда,– деп атап өтті Ақмерей Әбдікәрімұлы.

Оның айтуынша, бүгінге дейін сібір жарасына қарсы 400 бас ірі қара (жоспардың 80 пайызы), 1 000 тұяқ қой-ешкі (80 пайыз), 250 бас жылқы егілген( 21пайыз). Сондай-ақ қала аумағындағы төрт түліктен басқа, ит-мысыққа түгелдей құтыруға қарсы екпе салынған. Одан бөлек, жан-жануарда кездесетін аусыл, қарасан, туберкулез, бруцеллез, иттердің эхинококкозы мен құс тұмауына қарсы тексерулер жүргізіліп, екпе жасалды. Диагностикалық зерттеу бойынша бруцеллезге шалдыққан 31бас сиырдың 27-сі Қарағанды облысы Нұра ауданы Киевка ауылының ет комбинатына санитарлық союға жіберілді және 4 бас өлді.

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға қатысты Ақмола облысының ветеринария басқармасы қараусыз қалған және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бойынша баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алулар жүргізді. Бұл қызмет «ҚАЗШОСҚҰРЫЛЫС» ЖШС-на жүктелді. Осыған байланысты «Целиноград ауданының Ветеринарлық станциясы» ШЖҚ КМК қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен айналыспайды. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау бәсекелестік ортаға берілген.

Аппарат кеңесінің соңында қала әкімі қоғамның басқа да ағымдық мәселелерін талқылап, жауапты лауазымды тұлғаларға тиісінше тапсырмалар берді.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *