«Алтын күннің шапағы әлі-ақ шашырайды төбемізден»: Мақсат Тәж-Мұраттың соңғы жазбасы
Фото: facebook.com/Janabastau.kz
Бүгін көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұраттың қайтыс болғанын хабарлаған болатынбыз. JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі төменде қаламгердің 2 күн бұрын ғана facebook-парақшасына жазған соңғы жазбасын жариялап отыр.
Біз «Қайратпен» жүргенде мына жақта Voise Қазақстан басталып кетіпті ғой
Көрмей тыңдаудағы қырғын талапкердің бірі ән таңдаудан, бірі тон таңдаудан, екіншілері нотадан тайып жығылып жатыр екен. Өз басым тараздық Нұрғұлан Оспановты ұнатып тыңдадым. Біздің кезіміздегі хит - Достар орындауындағы «Жан досымды» таңдағаны үшін емес, жалпы артистік харизмасы үшін. Сақа жігіт, базбіреулер сияқты әнді дайындай сала тұра шаппай, сынға өзін жылдар бойы дайындағаны көрініп тұр. Труба дыбысын дауысқа салып келтіргені қалай кетті...
Биылғы жюри алабөтен. Кәсіби білгір Байғали, байыпты Мейрамбек, шошаңдап кетсе де шынайы Бағым + Баян, албырт Тұрар алғашқы нотаны ести сала түймелерін әкелерінің өші бардай тоқпақтап кететіндері болмаса, қалған жағында бірін-бірі әдемі толықтырып отырады екен.
Тек жоба өтіп жатқан студияның акустикасы болғандай нашар. «Микрофонның ақшасын жеп қойған сияқты ғой» деп бір камментші жазбақшы, сапасыз аппаратурадан ұшқан дыбыс реверберациямен жаңғырығып, одан әншілердің даусын бэк пен фон музык басып, тәп-тәуір қатысушылардың өнерінің әптер-тәптерін шығарды. Жобаны «Қазақстанға» беру керек еді деген жұртшылық пікірі құлаққа кіреді.
Осы тектес форматтарда Көрмей тыңдауда бір белгілі тұлғаға ән айтқызатын амал бар ғой. Сондай тосынсыйдың бұл жолғы иесі актёр Берік Айтжанов болды.
Берік мәшһүр «Трубадур серенадасын» таңдаған екен. Түпнұсқадағыдай етіп орындады. Сол мүсілімдік тоналдылық, сол тембр, сол бруталдылық. Тіпті серенадаға түпбейне болған Элвис Пресли бейнесі қылаң беріп тұрды дер едім. Осы ретте жюридегі ББ-ның «Музыкальность жоқ» дегендерін онша түсінбей қалдым. Ілгергі Магомаевты, кейінгі Шевчукты тыңдап көрсең, екеуінде де бұ жағы бір аяғынан ақсап тұр, оның себебі, әуенде екпін интонацияға емес, жалпы әуен мен тексті біріктіріп тұрған көмес мазмұнға - түпөзек идеяға түсірілген.
Ойымша, кеңес эстрадасында қоғамды Перестройка дәуіріне дайындаған үш композиция болды. «По следам бременских музыкантов» мультфильмінің осы сазды тақырыбы, Геннадий Гладков - Юрий Энтин тандемінің қолынан шыққан «Серенада Трубадура», «Мэри Поппинс, до свидания!» мюзикл-фильмінде Павел Смеян орындайтын «Ветер перемен» және «АССА»-да Цой орындайтын «Перемены». Осы үшеуі масқаралық алып ұйқыда жатқан бізді дем салған бақсыдай оятты. Ал мұның басында, тоталитаризмнің сіреуінің мұрты бұзыла қоймаған 1969 жылы өткір әлеуметтік сатирасымен елді елең еткізген Бремендер мультфильмінің тұруы - өзіне еріксіз назар тіктететін құбылыс. «Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда» деген гимн сөзі осы жерге дәлірек. Сондай әнді турап тастады ғой, мына көбейгірлер!
Ночь пройдет, настанет утро ясное,
Знаю, счастье нас с тобою ждёт.
Ночь пройдет, пройдет пора ненастная,
Солнце взойдёт...
Алтын күннің шапағы әлі-ақ шашырайды төбемізден!
Мақсат Тәж-Мұрат
P.S. Бұған дейін белгілі қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат өмірден өткенін хабарлаған едік.
Пікірлер (0)