«АЭС құрылысына мамандарды дер кезінде даярлап шығуға толық мүмкіндігіміз бар»
Сурет: Ашық дереккөзден
АЭС құрылысына мамандарды дер кезінде даярлап шығуға толық мүмкіндігіміз бар. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-техника факультетінің деканы Нұрзада Бейсен айтып берді.
— Нұрзада ханым, бізде атом электр станцияларын қауіпсіз басқара алатын мамандар бар ма? Немесе оқыту керек пе?
— Әрине, жоғары оқу орнын бітірген маман бірден атом электр станцияларына (АЭС) барып жұмыс жасай алмайды, себебі реакторлармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі таңда, елімізде реакторлармен жұмыс жасайтын мамандар көп деп те айта алмаймыз. Дегенмен бар, бірақ олар арнайы реактор түріне байланысты қосымша тағылымдамадан өтулері керек. Ал, бұл біраз қосымша уақытты талап етеді. АЭС үшін мамандарды арнайы даярлау қажет. Вендор таңдалғаннан кейін, жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер арнайы дайындықтан өтіп, кәсіби құзыреттілігін растайтын сертификаттар алады. Бұл процесс 2 жылдан 5 жылға дейін созылуы мүмкін. Осы орайда АЭС құрылысы шамамен ондаған жылдарға созылатындықтан, мамандарды дер кезінде даярлап шығуға толық мүмкіндігіміз бар.
— Бұл тарапты басқаруды шетелдік мамандарға сеніп тапсыру керек пе?
— Бастапқы кезеңде АЭС-те шетелдік мамандардың жұмыс істеуі міндетті болады. Алайда, уақыт өте келе шетелдік мамандарды толыққанды жергілікті, яғни қазақстандық мамандар алмастырады. Бұл шешім ең тиімді және дұрыс шешім болып табылады. Мамандармен қамтамасыз етуге біздің мүмкіндігіміз бар, тек осы бағытта тиісті шаралар қабылдануы қажет және ұмтылыс болуы керек.
— АЭС құрылысы бағытында қандай елдердің технологиялары зерттелуде?
— Қазіргі таңда Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей мемлекеттерінің компаниялары зерттелуде. Бұрынғы іріктеулерге 11 елден компаниялар қатысқан болатын, соның ішінен 4 елдің компаниялары таңдалды. Алдағы референдумнан кейін олардың біреуі таңдалып, немесе әлемдік тәжірибеде жиі кездесетін консорциум арқылы шешім қабылдануы мүмкін.
— Атом саласында маман даярлау елімізде қандай деңгейде?
— Атом саласында мамандар даярлау Қазақстанда дәстүрлі тәжірибе. Сонау 1957 жылы Алматыда Ядролық физика институты құрылғаннан кейін біздің Қазақ Ұлттық университетінде ядролық физика мамандығы ашылды, ал 1960 жылы арнайы ядролық физика кафедрасы құрылды. Содан бері 600-ден астам маман даярланған. Яғни атом саласының мамандары көптеп дайындалуда, сонымен қатар бұл мамандардың бәрі қазіргі таңда негізінен ғалымдар болып табылады. Ал, алдағы болайын деп отырған жалпыхалықтық референдум оң шешілетін болса, яғни елімізде АЭС салынатын болса біз арнайы инженерлік мамандықтар бойынша мамандар дайындау жұмыстарын қарқынды жүргізетін боламыз. Осы орайда елімізде қалыптасқан белгілі ғалымдар, ғылыми мектептер және үлкен орталықтардың ықпалы, көмегі арқылы HighTech жетістіктерге талпыныс пен мүмкіндіктеріміз артады деп ойлаймын.
— Атом саласының түлектері қандай бағытта жұмыс жасауда? Жұмысқа орналасу жағы қалай?
— Біздің университетіміз дәстүрлі классикалық білім және ғылым ордасы болып табылады. Оның үстіне еліміздегі ең алғашқы ғылыми университет деген статусқа ие. Атом саласы мен ғылыми университеттердің дамуы арасындағы байланыс өте терең және маңызды. Бұл байланыс ғылым мен технологияның үздіксіз дамуын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Қазақстанда да бұл байланыс мемлекет дамуының стратегиялық мақсаттарына жетуде шешуші рөл атқарады. Атом саласының мамандарына арнайы білім мен дағдыларды талап қойылатындықтан, осындай арнаулы білім алған мамандар ядролық энергетика, медицина, қорғаныс және өнеркәсіп салаларында жұмыс істей алады және бұл салалар мемлекет үшін маңызды стратегиялық маңызға ие.
Физика-техника факультетінде мамандар тапсырыс бойынша дайындалады және барлығы жұмысқа орналастырылады. Біздің түлектер келесі бағыттарда жұмыс істейді:
- Ядролық физика: ғалымдарды даярлайды.
- Ядролық медицина: ядролық медицина орталықтарына қажетті мамандар мен ғалымдарды дайындайды.
- Ядролық инженерия: инженерлерді даярлайды, олар реакторлар мен басқа құрылғылармен жұмыс істейді. Бұл қазіргі уақытта аса қажет мамандардың бірі, және өткен жылдан бастап біз бұл бағытта мамандар даярлауды бастадық.
Бүгінгі таңда біздің ғалымдар ядролық физика және технологиялар саласындағы іргелі зерттеулерді жүргізеді, жаңа материалдар мен технологияларды сынақтан өткізеді және халықаралық ғылыми қауымдастықтармен ынтымақтасады. Мұндай зерттеулер атом энергетикасы мен атомдық қауіпсіздік салаларында жаңа технологиялардың енгізілуіне және дамуына ықпал етеді. Осы орайда, университет ғылыми-инновациялық экожүйелерді құра отырып, жаңа технологияларды дамытуға және оларды өндірістік процестерге енгізуге үлес қосады. Ядролық технологиялар тек энергетика саласында ғана емес, медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік өндіріс салаларында да кеңінен қолданылады. Осы арқылы атом саласы ұлттық экономика мен қоғамның түрлі салаларына елеулі әсер етеді. Университеттерде қалыптасқан ғылыми мектептер ядролық технологиялар мен ғылымның дамуына ұзақ мерзімді негіз қалайды. Қазақстанда ядролық физика саласындағы ғылыми мектептер ғылым мен технологияның жаңа жетістіктерін дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Осы мектептердің дамуы ғылыми қауымдастықтың әлеуетін арттырып, жаңа буын ғалымдарды даярлайды, бұл өз кезегінде атом саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Атом саласындағы білім беру мен зерттеулер халықаралық деңгейде ынтымақтастықты талап етеді. Ғылыми университеттер шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен және университеттермен ынтымақтаса отырып, әлемдік тәжірибені енгізеді, бірлескен зерттеулер жүргізеді және студенттер мен ғалымдардың тәжірибе алмасуына жағдай жасайды. Бұл Қазақстанның атом саласын халықаралық аренада танымал етіп, оның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Атом саласы мен ғылыми университеттер арасындағы тығыз байланыс тек ғылым мен технологияның дамуына ғана емес, сонымен бірге елдің экономикалық, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздігіне де тікелей ықпал етеді. Бұл байланыс болашақта Қазақстанның ядролық технологиялар саласындағы орнықтылығын қамтамасыз етіп, инновациялық дамуға негіз болмақ.
— Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Пікірлер (0)