Ахметтің үйін күреткен – Архимед
Руханият
686
Өткен аптада ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі сүріліп тасталғаны жайлы ақпарт тарады. Бұл ақпаратты Қостанай телеарнасы растаған болатын.
Ал биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл толып отыр! Көненің көзінендей ескі үй – Алаш ардақтысының артында қалған бірден бір құнды мұра еді. Алып туған үйдің қиратылуы қоғамның наразылығын туғызып отыр. Осыған орай, алматылық ақын Айбек Ережеп тарихи орынның ойран-топыр болғанын естіп, аймақтағы азаматтарға сұрау салыпты. Ал торғайлық Айбектен әзірге үн жоқ.
«Жергілікті жердегі азаматтардың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы туған үй қалпына келтірілмекші болған екен. Мердігерлер ескі іргетастың орнынан қабырға тұрғыза бастапты. Алайда, ол сапасыз болып аймақ тұрғындары наразылық білдірген. Ақыры ауылға облыс әкімі Мұханбетовтің өзі келіп, соңында ғимаратты күреп тастау туралы шешім шығарылған», – дейді А.Ережеп.
«Тарихи ескерткіштен әп сәтте көз жазып қалдық дейді. Ахметтің бұрынғы үйінің іргетасы сол жерде. Қабырғасы қара шым кесектен тұрғызылған. Үйдің арасы пешпен бөлініп тұрған. Сол пешпен бөлінген бұрышта әжеміз Ахметті өмірге әкеліпті. Қазір іргетастың ізі де қалмаған, кірпіштері ғана жинаулы тұр», – дейді А.Байтұрсынұлы ауылының байырғы тұрғыны Әбдісалық Жақсыбек ақсақал.
Ал Қостанай облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі үйдің әбден тозығы жетуіне байланысты осындай шешімге келгендерін алға тартады.
«2009 жылы А.Байтұрсынұлы дүниеге келген үйдің болжанған жеріне жергілікті жұртшылық күшімен ешбір жәдігері жоқ, шағын ағаш үй тұрғызылған. Осы жылдар ішінде импровизацияланған материалдардан салынған бұл ғимарат айтарлықтай тозған және қалпына келтірілмеген. Өңір тұрғындары мен жұртшылығының өтініші бойынша республикалық жоспарға үй салып, оны музей-үйге айналдыру пункті енгізілген. Жангелдин ауданының әкімдігі тарапынан бұл іс-шараға байқау өткізіліп, оның қорытындысы бойынша мердігер компания анықталды. Алайда компания жосықсыз болып, құрылыс барысында сапасыз материалдарды қолданған. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар шағымданды. Ал тапсырыс беруші құрылыс жұмыстарын тоқтатып, келісім-шартты бұзған», – дейді ол.
Баспасөз қызметінің айтуынша, үйдің бұзылуын облыс әкімі А.Мұхамбетовтің өңір тұрғындарымен кездесуінен кейін шыққан шешім деп отыр. «Бірақ ол үйдің тарихи мәні болмайды, кәдімгі заманауи үй болады», – дейді баспасөз хатшысы.
«Болар іс болды. Дегенмен қоғам белсенділері, Ахмет мұрасына жанашыр азаматтар үйге реставрация жасалып, құнды ескерткіш ел игілігіне айналуы тиіс еді», –деп өкінішін білдірді Кенже Қонысбай.
«Кезінде Ыбырайдың ашқан мектебін де осылай қирата салған. Енді не ескісі жоқ, не жаңасы жоқ үйінді болып қалды», – дейді Айбек Ережеп.
Ал Жангелдин ауданының әкімдігі «екі айдың ішінде үй құрылысын аяқтап, оны тарихи экспонаттармен толықтырамыз» деп уәде беріп отыр. Қоғам белсенділері «екі айдың ішінде зәулім үй тұрғызбақ түгілі, реставрацияның өзін жасай алмайды» деп ашық айтты. Ауылға барар жолдың жырығы да ащы ішектей созылып кетіп еді, енді оған күрелген үй қосылды. Ахмет ауылына апаратын 106 шақырым жолдың 40 шақырымнан астам бөлігін жөндеу жоспарланғанына қаншама уақыт өтті. Бірақ, ол да жоспар күйінде қалып келеді. Ахаңның 150 жылдығына Қостанайдың жасаған «тартуы» әзірше осы болып тұр.
Пікірлер (0)