Қосшы – интеллигенттер қаласы

Руханият
view 639
news

Қосшы қаласы Елорданың экономикалық қана емес, мәдени-рухани серіктесіне де айналып отыр. Олай дейтініміз – бүгінде астанаға шоғырланған қазақ интеллигенциясының, әсіресе ақын-жазушы қауымының басым бөлігі Қосшы қаласында тұрады. 7-9-беттер Сонымен бірге, ғалымдар, өнерпаздар, қолөнер шеберлері, журналистер және т.б әртүрлі сала мамандарын айтуға болады. Әлқисса, Қосшы қаласының бүгінгі интеллигенциясын айтпас бұрын, жаңа құрылған қаланың мәдени-рухани тарихына шағын шегініс жасасақ... 2021 жылы 27 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы жарлығы жарияланды. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес, қаулы етемін: Ақмола облысының Целиноград ауданы одан Қосшы ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын. Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылы «облыстық маңызы бар қала» санатына жатқызылсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Осы жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» делінген жарлықта. Мемлекет басшысы Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы шешімін былай түсіндірген еді. «Жарлыққа қол қойылды. Аталған құжатқа қол қойылуын және облыстық маңызы бар қала мәртебесінің берілуін көпшілік кеңінен қолдап жатыр. Бұл шешім, ең алдымен, Қосшы тұрғындарының өмірін жеңілдету мақсатында қабылданды. Онда қағаз бойынша 40 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Шын мәнінде, ол жерде 80 мыңнан астам халық тұрады. Олар тұрмыстық мәселелерімен облыс орталығы Көкшетауға баруға мәжбүр болады. Оған көп уақыт, күш жұмсайды. Әрине, бұл тұрғындардың жүйкесін жұқартады. Сондықтан қаланың әкімшілік мәртебесін өзгертетін осындай шешім қабылданды. Мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін» деді Президент Тоқаев. Өткен жылғы көрсеткіштерге сәйкес, Қосшы қаласының жалпы көлемі – 2 413 гектар. Көше-жол желісінің ұзындығы – 185 шақырым (асфальт – 34,4 шақырым, қиыршықтас-шағылтас жабынымен – 50 шақырым, қара жол – 98,6 шақырым). Қазіргі қазақ жеріндегі ортағасырлық қала мәдениетінің іздерінде де негізгі қаланың іргесінде шағын қалашықтар болғаны тарихтан белгілі. Мұны тарихшылар «жазғы қала» деп жүр. Сонымен қатар, қазір мұндай серіктес моноқалаларды әлемнің көптеген ірі мегаполистерінен байқауға болады. Сондықтан да елорданың іргесінен орын тепкен Қосшы қаласының маңызы қала тұрғындарына ғана емес, еліміз үшін де ерекше екені сөзсіз.

Қосшы қаласының мәдени-рухани тарихы

Қосшы қаласының мәдени-рухани тарихы енді зерттеле бастады. Қосшы қаласының тарихы дегенде, ең бірінші Тайтөбе еске түседі. «Астана маңында, Арқаның қос өзені Есіл мен Нұра арасында Тайтөбеден биік жер жоқ. Біздің қолымыздағы барлық деректерді салыстыра қарасақ, қазақ «Ақ мола» атап кеткен ортағасырлық кесене Тайтөбенің басында тұр. Сонымен қатар, Тайтөбенің басында сақ дәуірінің оншақты қорғандары сақталған. Академик К. Ақышев археологиялық қазбадан табылған дүниелерге қарап, қорғандар біздің жыл санауымызға жақын уақытта көтерілген деп жазды. Тайтөбе басында сақ қорғандарынан басқа, көлемі 8х8 метр қарауыл мұнара мен үлкен архитектуралық құрылыстың орны, яғни іргетасы сақталған. Тайтөбе басында күйдірілген кірпіш сынықтары кездеспейді, осыған қарағанда Ақмола «Домбауыл», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ескерткіштері сияқты «дың» түрінде тастан қаланған шошақ құрылыс болған. Оның Ақмола атануына сыртқы сылағы ақ балшық себеп болды деген пікіріміз бар. Тайтөбе атауы көне дәуірден тарихи орталық ретінде белгілі екендігіне қазақ халқының эпикалық жырлары мен аңыздары дәлел. Тайтөбенің басында әкесі Ер Көкшенің кегін даулаған Ер Қосай мен Қобыландының арасында адам баласы бұрын соңды көрмеген жекпе-жек болды дейді Г.Н. Потанин. Тайтөбе өңірі қазақ хандарына мекен болған жер. 1825 жылғы атақты кеншілер әулетінің өкілі Демидов жазбаларында бұл туралы мәлімет бар. 1830 жылдары біз Тайтөбе маңында Сәмеке ханның немересі Қоңырқұлжа Құдаймендіұлын жиі көреміз. 1838 жылы Кенесары ханның қозғалысы кезінде Тайтөбе атауы саяси оқиғалардың контексінде соңғы рет аталды да, кейін белсенді айналымнан шығып қалды. Тайтөбе Есіл мен Нұра аралығындағы елдің қадым заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі тарихының куәсі» дейді тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев. Бүгінде Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ батыры – Рақымжан Қошқарбаевтың (1924-1988 ж.ж.) дәл осы Қосшы қаласының маңында туғаны жайлы біреу білсе, біреу біле бермес. Бұл да қаламыздың мақтанышы екені даусыз. Рақымжан Қошқарбаев – 1924 жылы 19 қазанда қазіргі Қосшы қаласы маңындағы Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. 4 жасында анасы дүниеден өтті, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. Оның қиын да қилы тағдыр және соғыс туралы Қошқарбаевтың өзі жазған «Штурм» деген кітабында жан-жақты баяндады. Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30 сәуірде жауынгер Григорий Булатовпен бірге Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. Ол 1988 жылы дүниеден өтті, ал «Халық қаһарманы» атағы 2001 жылы берілді. Бұдан кейінгі Қосшы қаласының тарихымен тығыз байланысты – Қосшығұловтар әулеті. (Бірақ тарихшылардың айтуынша, Қосшы қаласының атауына Қосшығұловтардың қатысы жоқ. Бұл жай ғана сәйкестік дейді). XX ғасыр басындағы қазақ даласында орыс, татар көпестері көбейіп, сауда-саттықпен, өндіріспен айналыса бастайды. Олармен қатар қазақтан шыққан ірі саудагер, өндіріс ашқан байлардың бірі – Қараөткел өңірінің аса ірі байы, көпес Баймұхамбет (Байкөп) Қосшығұлов пен оның балалары болды. Алғашқы автомобиль әлемде XIX ғасырдың басында пайда болса, қазақ даласына алғашқы автомобиль 1900 жылы келіпті. Алғашқы автомобильді қазақ жеріне әкелген көпес В.М. Кубрин деп келдік. Ал шын мәнінде осы автомобильді қазақ даласына алып келген Байкөптің ұлы Құрманғали Қосшығұлов еді. Байкөптің ұлдары да әке жолын қуып сауданы кәсіп еткен. Қосшығұлов әулеті Ақмолада кірпіш өндіру, тері өңдеу, пәуескі, арба, шана жасау секілді шағын өнеркәсіптен тартып әртүрлі шетел мен ел ішіндегі өнімдерді сатумен айналысқан. Қысқаша айтқанда, Ақмола мен Қарағанды арасында Қосшығұловтардың ел игілі үшін жасаған істері мол. Қосшығұловтардың қазіргі Қосшы қаласы мен Қабанбай ауылының орнында жайлауы болыпты. Онда қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы болған. Жаз бойы Байкөп өзі осында демалып, бір жағы малшы-қосшыға бас-көз болып жүреді екен. Қосшы қаласының орны Қосшығұловтардың жаздық мекені ғана емес, осы жерде өнерпаздарды жинап, ән айтылып, күй тартылып жататын орын болған дейді тарихшылар. Сол секілді бүгінде Қосшы қаласында белгілі Алаш қайраткері, ғалым, драматург-жазушы Қошке Кемеңгерұлының ұрпақтары, белгілі алаштанушы қайраткер Қайырбек Кемеңгеровтың әкесі Ризабек Нарманбетұлы Кемеңгеров және Бейбіт Кемеңгеровтар, яғни ғалымдар әулеті тұратынын да айта кеткен жөн.

 Қосшы қаласында тұратын бүгінгі интеллигенция

Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының мәліметінше, қазір астанада 150-дей Жазушылар одағының мүшесі бар. «Jańa Bastau» газетінің зертеуінше, елорданың іргесінде орналасқан Қосшы қаласында 30-ға жуық Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі бар. Демек, ақын-жазушы, журналистерді қосқанда, астана қаласындағы қаламгерлердің бестен бір бөлігі Қосшы қаласында тұрады деуге болады. Осы аптаның өзінде қаламызға ақын-жазушы, кинодраматург Ұларбек Нұрғалым және ақын, аудармашы Файзулла Төлтай сынды екі қаламгер қоныс аударып отыр. Қазіргі біздің зерттеуіміз бойынша, Қосшы қаласында тұратын ақын-жазушылар: Мақсот Ізімұлы – жазушы-журналист, аудармашы. ҚазҰУ-ды бітіргеннен кейін 1983-89 жылдары Батыс Қазақстан облысы «Орал өңірі» газетінде, 1989-91 жылдары Республикалық «Зерде» журналында, «Ана тілі» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1991-1997 жылдары «Теміржолшы-Железнодорожник», «Аруана» газеттерінде, «Жалын» журналында бас редактордың орынбасары, бас редактор, бөлім редакторы, 1997-2005 жылдары «Қазақстан энциклопедиясы» бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 2008 жылы «Астана ақшамы» газетінде әдеби редактор қызметтерін атқарған. Бірнеше кітаптардың авторы. Ол Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген энциклопедиялық мақалалардың авторы. Әлемдік бестселлер Юваль Ной Хараридың «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабы және әйгілі ағылшын философы Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» еңбегін аударған. Қазір «Ұлттық аударма бюросында» әлемдік үздік бестселлер кітаптарды аударады. Бодаухан Тоқанұлы – жазушы, журналсит. Моңғолия Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1976 жылдан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында баспасөз, ақпарат ұйымының бастығы, радиохабар редакциясында бас редактор қызметтерін 2004 жылға дейін атқарған. Моңғолия Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. «Рауан», «Жүрек лүпілі», «Қайран да, қайран, қайран ел» секілді бірнеше жыр жинақтарының авторы. Моңғолияның ақын, жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Сондай-ақ, Әбілғазы баһадүрдің «Түрік шежіресі» кітабын, Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқық (Тоныкөк) құлпытастарындағы көне түрік жазулары мәтіндерін моңғол тіліне аударған. Моңғолияның мерекелік медалдарымен және теле-радио және баспасөз қызметінің үздігі белгісімен марапатталған. Елге келгеннен кейін «Дидар» газетінде көп жыл қызмет атқарды. Қазір зейнетте. Төкен Әлжантегі – жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық конкурстың проза жанры бойынша жеңімпазы. Төрт роман және «Жаңаарқа вальсі», «Қызылтас», «Тым кештеу жолықтық па...» атты әндердің авторы. 15-тен астам әдеби және публицистикалық еңбегі жарық көрген. «Періштелер жерде ғұмыр кешпейді», «Күнәһар» пьесалары Қарағанды, Атырау, т.б. облыстық театрларда қойылған. Мирас Асан – ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Педагогика ғылымдарының магистрі. 2010 жылғы ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің және 2021 жылғы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. «Соңғы раушан», «Бекзат», «Сүйесің, жүрек, сүйесің» жыр жинақтарының авторы. Республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналында Бас редактордың орынбасары, «Орталық Қазақстан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде жұмыс істеген. Бүгінде ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болып қызмет етеді. Жадыра Байбұланова – ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің және «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. Академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Бүгінде «Хабар-24» телеарнасында қызмет істейді. Ахат Расул – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қ.И. Сәтбаев атындағы Қаз ҰТУ-дың түлегі. Өлеңдері елімізде және шетелден шыққан ұжымдық жинақтарда жарияланған. «Қойшының қойын дәптері», «Ай құсы» жинақтарының авторы. ҚР Ұлттық архивінде қызмет істейді. Нұрлан Қабдай – жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2002-2006 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақ әдебиеті», «Дала мен қала», «Ақжол Қазақстан», «Азамат.kz» газетінде және «Хабар» телеарнасында редактор болып қызмет атқарған. «Сұр әңгімелер» кітабының авторы. «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауының жеңімпазы және «Семсер» әдеби сыйлығының иегері. Қазір «Әдебиет» порталының бас редакторы, жетекшісі. Серікбай Әбілмәжін – ақын, журналсит, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің магистрі. «Үркертолғақ», «Саршатамыз», «Мизамшуақ» жыр жинақтарының авторы. «Бурабай» газетінің бас редакторы қызметін атқарған. Қазір «Jańa Bastau» газетінде бас редактордың орынбасары. Ұмтыл Зарыққан – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында қызмет еткен. «Бозжусан бүр жарғанда» және «Қоңыр көлеңке» жыр жинақтарының авторы. Қазір «Әдебиет» порталының шығарушы редакторы болып қызмет істейді. Олжас Қасым – ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Серпер» сыйлығының иегері. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. «Боз беткей» және «Жанырайы» өлеңдер жинағының авторы. Бүгінде «Samuryq» журналы бас редакторының орынбасары, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасында шеф-редактор қызметін атқарады. Саян Есжан – ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Серпер» сыйлығының иегері. 2013 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетін тәмамдаған. «Астана ақшамы» және «Қазақстан» РТРК» қызмет атқарған. «Іңкәр» жыр жинағының авторы. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінде қызмет етеді. Аян Мейраш – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Саған арнадым» жыр жинағының авторы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Қазір ҚР Парламент Сенаты баспасөзінің бас сарапшы маманы болып қызмет істейді. Рауан Қабиболдин – ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2011 жылы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. 2013 жылы «Жылдың үздік ақыны» (Қарағанды облысы), Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» сыйлығының иегері (2007). «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі қызметін атқарған. «Ақ қайың болсын есімің...» жыр жинағының авторы (2014). Бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі. Айзада Рахымжанова – ақын-журналист. ҚарМУ-дың филология факультетін тәмамдаған. Ж. Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» атты жыр додасында «Жылдың жалынды ақыны» (2012). Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Меруерт моншақ» және Рауан Қабиболдинмен бірге шығарған «Біз екеуміз» жыр жинақтарының авторы. «Абай» телеарнасындағы «Сана» бағдарламасының редакторы. Қабиден Қуанышбай – ақын-журналист. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін журналситика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. «Сәкен Сейфуллин» музейінің ғылыми қызметкері. Бақытбек Қадыр – жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2020 жылғы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. «Жасыл шатырлар» кітабының авторы. Халықаралық «Түркістан» газетінде қызмет атқарған. Қазір «Jańa Bastau» газетінің веб-редакторы. Темірлан Жорабай – ақын. 2011-2015 жж. Сулейман Демирел Университеті Филология және педагогикалық ғылымдар факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасын «Филогогия» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015- 2017 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті және ҚР ҰҒА-ның ғылыми кадрларды дайындауға арналған бірлескен жобасы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әдебиеттану мамандығының магистрі. Қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің PhD докторанты, «А. Байтұрсынұлы Білім Академиясы» мекемесінің оқыту жобалары бойынша менеджері. Ұларбек Нұрғалым – ақын, жазушы, сценарист. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2005-2009 жж. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «Кинотеледраматургия» 2013-2015 жж. Қазақ Ұлттық Өнер университі «Өнертану магистрі». 2009- 2012 жж. Республикалық «Оян, намыс» журналында тілші, жауапты хатшысы, 2016-2018 Жалпы ұлттық «Егемен Қазақстан» газетінде «Руханият» бөлімінде журналист қызметтерін атқарған. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. 2017 жылғы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. «Керағыс», «Болмыс», «Жазушы жаны», «Дайағашшы», «Тағдыр мен Майдан» және балаларға арналған «Ілияс пен Заңғардың планшеті» кітаптарының авторы. «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» телесериалдарының сценарий авторларының бірі. 2016 жылдан бері Қазақ Ұлттық Өнер университетінде аға оқытушы болып қызмет етеді. Файзулла Төлтай – ақын, аудармашы. М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің түлегі. Түркия Республикасы, Денизли қаласы, Памуккале университетінде түркология мамандығы бойынша білім алған. «Қос есікті түстер» жинағының авторы. Орта Азиялық диссидент ақын Мұхаммед Салихтың «Вал-Фажр» кітабын қазақша аударған. Қазір «Jańa Bastau» газетінің бас редакторы.

ӨНЕРПАЗДАР:

Нұрлан Өнербаев – елімізге белігі әнші. Актер, диктор Нұрлан Әлтайұлы – мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1995). Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2008). «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері (1995). 1980-1991 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болды. 1990- 1998 жылдары Қазақ радиосының директоры. 1996-1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі. 1998-2002 жылдары Қазақстан Президентттік оркесторының әншісі. 2001-2006 жылдары Қазақстан ұлттық телеарнасының бас директорының орынбасары. 2007-2008 жылдары Алматы қаласының мәдениет басқармасының басшысы. 2008-2011 жылдары ҚР Парламенті мәжілісінің 4 шақырылымының депутаты болды. 2011 жылдан жеке шығармашылықта. Қазір Қосшы қаласында тұрады. Ардаби Мәулетұлы – күйші, өнертанушы. Екі монографияның және 30-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі 100 күйі» (2009 ж) атты музыкалық антологияға жеке қорынан 100-ден астам белгісіз күйлерді қосқан. 2012- 2015 жылдар аралығындағы Қазақ радиосының эфирінен «Ұлт мұрасы», «Күй құдіреті» атты рухани мұраларды насихаттау мақсатында арнайы бағдарламалар жасаған. 2019 жылы «Өнертнау» мамандығы бойынша философия (PhD) докторы дәрежесін қорғаған. Бүгінде ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері. Еркебұлан Қайназаров – белгілі айтыскер ақын, жыршы, термеші. «Айтыстың ақтаңгері» атанған. Республикалық және халықаралық айтыстардың жүлдегері, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағының» атқарушы директоры. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің педагогика факультеті, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында білім алып, үздік бітірген (2002-2006). ҚР Президенттік Мәдениет орталығының «Ұлттық дәстүрлер театрында» қызмет атқарған (2007-2012). 2012 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университеті, Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Кәдірхан Қизатұлы – ақын. 1980-1995 жж. Үрімжі Педагогикалық институтынан білім алған. 1995-2014 ж.ж. аралығында Дөрбілжін аудандық мәдениет үйінің директоры міндетін атқарып, 2014 жылы зейнетке шыққан. 1986 жылдан бастап аудан, аймақ, облыс және өлкелік айтысқа қатықан танымал айтыскер ақын. «Өлке дәрежелі айтыс ақыны» алтын медалінің иегері. Тарбағатай аймағына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Іле облыстық ақындар қоғамының мүшесі. «Қарымжы» атты айтыс және өлеңдер жинағының, «Қайран дәурен» атты сатиралық жинақтың және «Сауға» атты зерттеу мақалалар жинағының авторы. Халқымыздың материалдық емес мәдениетін жинастырушы. 2016 жылы атажұртқа қоныс аударып келген. Қазір зейнетте, Қосшы қаласында тұрады. Абыл Аяш – әнші. Абыл – елімізге белгілі бард әнші Табылды Досымовтың ұлы. 2013 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына «Музыка өнері» факультетіне оқуға түсіп, 2017 жылы «эстрадалық вокал» мамандығын тәмамдаған. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» «Эстрада» бөлімінде қызмет атқарған. Абыл Аяш әкесі Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған 7 бардтық жанрдағы шығармашылық кешін және 2 үнтаспасын басып шығарған. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан бастып «Тұңғыш рет» атты шығармашылық кеші еліміздің біраз өңірінде өткен. Сол жылы Атырау қаласы «Қыр баласы қол созады аспанға» атты ән кеші 2019 жылы Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің қолдауымен Табылды Досымовтың «Өмір жолы» атты деректі фильмінің көрсетілімі мен Абыл Аяштың жеке ән кеші өтті. «Қыр баласы қол созады аспанға» атты альбомының авторы. Қазіргі таңда «Қазақстан» РТРК» АҚ-ында sound режиссері болып қызмет атқарады. Ардакерей Кәп – айтыскер ақын. Қосшы қалалық «Тілдерді дамыту орталығының» қызметкері.

Журналистер:

Дархан Әбдік – белгілі журналист. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы «Парасат майданы» және «Абай ТВ» арнасындағы «Соңғы муза» интеллектуалды хабарларының жүргізушісі. Бауыржан Сабырбеков – журналист. «Qazaqstan» РТРК» және «Айқын» газеті т.б. БАҚ саласында қызмет атқарған қарымды журналсит. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінде қызмет етеді. Еркеғали Бейсенов – ақын, сатирик, журналист. 2001- 2006 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен журналистика мамандығы бойынша білім алған. Қазақ радиосының «Астана» студиясында бағдарламалар редакторы қызметін атқарған. Одан кейінгі жұмыстарының бәрі баспасөз саласында жалғасын тауып келеді. «Полиция.kz» журналы мен Skifnews.kz, Paryz.kz, Turkystan.kz сайттарының бас редакторы болды. 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша І орын және 2016 жылы өткен республикалық «Алтын тобылғы» байқауының «Ең үздік поэзия» номинациясы бойынша І орын иегері. «Қайран, құндылық!» атты жыр жинағының авторы. Қазір республикалық «Halyq uni» сайтының шеф-редакторы. Әлия Тілеужан – журналист, аудармашы. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Leicester университетінің Медиа және мәдениет факультетін тәмамдаған. «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапатталған. Халықаралық «Түркістан» газетінің шолушысы. Алмас Байдырахман – журналист. 2000 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика мамандығына оқуға түсіп, 2005 жылы аяқтаған. 2006 жылдан бастап «Қазақ» радиосында қызмет етіп келеді. Әр жылдары «Алматы ақшамы», «Қазақия» газеттерінде журналист қызметтерін атқарған. Бүгінгі күнде қара шаңырақ Қазақ радиосында «Тұңғыштар», «Парламент сағаты» және «Басты тақырып» хабарларын жүргізеді. Жанболат Шәкім – журналист. 2012 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған, 2015 жылы аталған ЖОО-да магистратураны аяқтаған. С. Сейфуллин музейінің бөлім меңгерушісі, «Астана» радиосының редактор-жүргізушісі қызметтерін атқарған. Қазір «Қазақ» радиосының Жаңалықтар қызметінде редактор-жаңалықтар жүргізушісі болып жұмыс істейді. Жарқынбек Жұмаділ – журналист, сатирик. 2011- 2015 жылыдары Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкері. Ескендір Тасболат – ақын, журналист. Әр жылдары басылымдарда істеген журналист. 2017 жылдың қаңтар айынан Ішкі істер министрлігінің республикалық «Сақшы» газетінің Бас редакторы болды. Еліміздегі діни тақырыпқа бейімделіп, тұрақты жазып жүрген журналистердің бірі. 2003 жылы «Шабыт» фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша дипломанты атанды. Өлеңдері 2002 жылы Орал қаласында шыққан «Жас өркен» жас ақындар альманахына енген. Дін тақырыбындағы мақалалары бірқатар жинақ кітаптарда басылды.

Суретші және қолөнер шеберлері:

Талант Ордашев – белгілі суретші. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Технология ғылымдарының кандидаты. 40-тан астам халықаралық, республикалық және облыстық көрмелер мен симпозиумдарға қатысқан. 2004 жылғы Түркияда өткен «Достық көпірі» атты симпозиумға қатысып, туындылары көрмеге қойылған. Талант Хамитұлы қазір Қазақ технология және бизнес университетінің профессоры. Манатбек Аманбаев – суретші, дизайнер, мүсінші, график. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Еуразия дизайнерлер одағының және Халықаралық Педагог-суретшілер одағы, Кипр республикалық суретшілер одағының мүшесі. 1981 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің Көркемсурет-графика факултетін тәмамдаған. Ол – әлемнің көптеген елдерінде болып, көрмелерге қатысқан. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Әбілқайыр Оразбақов – суретші, қолөнер шебері. Еуразия дизайнерлер одағы және «Қазақ қолөнер» ассоциациясының мүшесі. Алматы қаласындағы Гоголь атындағы Көркемсурет училищесін бітірген. ЕХРО-2017 көрмесі аясында шеберлер ауылында туындылары қойылған. «Жұлдызды сәт» конкурсының бас жүлдегері. «Еңбек сіңірген дизайнер» медалімен марапатталған. Нұржан Ділманов – қолөнер шебері, кәсіпкер. 20 жылға жуық музыкалық аспап жасаумен айналысып келеді. Оның қолынан шыққан аспаптар қазір еліміздің белгілі күйшілері, әншілері, жыршы-термешілерінің қолында күмбірлеп жүр. Нұржан Қыдырбайұлы жасаған ұлттық аспаптар Канада, Қытай, Моңғолия, ТМД елдеріне дейін жеткен. Талас Оразбайұлы – мультипликатор. Анимациялық фильмдер жасаумен айналысады. «Quantfilm» киностудиясының негізін қалаушы. 2005-2007 жылдар аралығнда Қытайдың Күйтін қаласында графикалық дизайын мамандығы бойынша білім алған. 2018 жылы тарихи Отанына оралған соң, анимациялық фильмдер жасайтын қырықтан астам маман тәрбиелеген. Өзінің оқушыларымен бірге өткен жылы «Қаһарман» атты анимациялық телесериал жасаған, ол фильм «Балапан» телеарнасы арқылы кішкентай көрермендерге жол тартты. Бұдан тыс «Ырысты ыдыстар», «Үкілі әуен», «Айдар», «Махамбет» қатарлы бірқанша фильмдерге қатысты. Қазіргі таңда қытайдың бірнеше кино компанияларымен жұмыс істейді.

Жалғасы мына сілтемеде...

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *