Аймағамбетов мектептерде ұялы телефонға тыйым салудың қажеттілігін айтты
Сурет: Ашық дереккөзден
Назарбаев зияткерлік мектебінің басшылығы білім ордаларында смартфон қолдануға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл – оңай қабылданған шешім емес. Дегенмен еліміздің көптеген мектебі қазірдің өзінде осындай ережелерді енгізіп, осы бағытта қадам жасап жатыр. Әрине, ата-ана мен оқушы үшін мұндай бастаманы бірден түсініп қабылдау қиын болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе қоғам бұл шешімнің маңызын толық ұғынатын болады, – деді депутат.
Қазір ұстаздар оқушылардың үлгерімінің төмендеуі мен тәртібінің әлсіреуін көбіне смартфонға тәуелділікпен байланыстырады. Сондықтан мектептерде телефонға шектеу қою қалыпты әрі уақыт талабына сай шараға айналып отыр.
Әлемдік тәжірибеде де мұндай үрдіс бұрыннан бар. Көптеген дамыған елдердің жетекші мектептерінде смартфонға тыйым әлдеқашан енгізіліп, оң нәтижесін беріп отыр. Тіпті Еуропаның кейбір мемлекеттері бұл шектеуді заңмен бекіткен.
ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін әлемдегі білім беру жүйелерінің 40 пайызы мектептерде смартфон қолдануға ресми түрде шектеу енгізген.

Бұл – технологиямен күрес емес, керісінше, баланың ойын бөлмей, зейінін шашыратпай, шынайы білім мен қарым-қатынасқа жол ашатын орта қалыптастыруға бағытталған шешім, – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.
Пікірлер (0)