Aitu мен Kcell Қазақстандағы цифрлық өнімдерді дамыту үшін күш біріктіреді
Фото: BTS-Digital
Қазақстанда SuperApp Aitu мен «Кселл» АҚ стратегиялық серіктестік орнатқанын жариялады. Компаниялар қазақстандықтардың заманауи цифрлық қызметтерге деген сұранысын қанағаттандыру үшін бірлескен өнімдер әзірлеуге ниетті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Әлемдік трендке сай, телеком операторлары тек байланыс қызметін ұсынып қана қоймай, цифрлық экожүйелердің дамуына бет бұрса, ал платформалар күнделікті өмірді жеңілдететін кешенді шешімдерге айналуда. Kcell мен Aitu ынтымақтастығы — осы үрдістің Қазақстандағы алғашқы қадамдарының бірі.
«BTS Digital» ЖШС бас директоры Нұртай Абилғалиев бұл серіктестікті елдің цифрлық тәуелсіздігімен байланыстыра отырып:
«Мұндай ұлттық жобалар технологиялық дамуға елеулі үлес қосады. Сондықтан әрбір қазақстандықтың қолдауы біз үшін маңызды. Бұл қадам отандық телекоммуникация нарығын дамытуға серпін береді», — деді.
Ал «Кселл» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жамбакин серіктестіктің артықшылықтарына тоқталды:
«Ұлттық цифрлық платформаны ұялы байланыс тәжірибесімен біріктіру арқылы біз жаңа өнімдер жасауға мүмкіндік аламыз. Абоненттер үшін байланыс пен цифрлық қызметтерді ыңғайлы қолдану жеңілдесе, Aitu пайдаланушылары үшін қолжетімді шешімдердің ауқымы кеңейеді», — деп атап өтті.
Aitu бүгінде қарапайым мессенджер шеңберінен шығып, толыққанды ұлттық SuperApp деңгейіне көтерілді. Оның көмегімен хабарласуға, ақша аударуға, кино билеттерін сатып алуға, музыка тыңдауға, жаңалық оқуға, арналарға жазылуға, тіпті ақылды AI көмекшісінен жәрдем алуға болады. Ең бастысы, барлық деректер Қазақстан аумағында сақталып, ұлттық заңнамаға сай қорғалады.
Компаниялар арасындағы серіктестік — Қазақстанның цифрлық экономикасын нығайтып, заманауи қызметтерді халықтың күнделікті сұранысына бейімдеуге бағытталған маңызды қадам.
Пікірлер (0)