Айтыскер ақын Жұлдыз Қазихан жаңа Конституцияны қолдауға шақырды
Фотосурет: әлеуметтік желіден
Айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұлдыз Қазихан Конституцияның жаңа нұсқасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Конституция – іргелі мемлекеттің одан әрі дамуына жол ашатын тарихи құжат.
Ақын бұл нұсқа ашық диалог негізінде, мыңдаған қазақстандықтардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып әзірленгенін атап өтті.
Жұлдыз Қазиханның сөзінше, құжат тек бүгін мен ертеңді ғана емес, өткен тарихты да қамтиды. Ол Конституция преамбуласындағы «Құрылтай» сөзінің қолданылуын тарихи сабақтастықтың белгісі ретінде бағалады. Сондай-ақ үш жүздің басын қосқан құрылтайлар мен Сырым Датұлы ұсынған халық кеңесі атауын мысалға келтірді.
Ақын жаңа редакциядағы басты ерекшеліктердің бірі ретінде мемлекеттің негізгі байлығы табиғи ресурстар емес, білімді әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ екені нақты жазылғанын атап өтті.
Сонымен қатар білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның құндылық ретінде айқындалуын және мәдени мұраны сақтау мәселесінің көрініс табуын оң бағалады. Ол мұның барлығы жаңа қоғам мен жаңа заман талабына сай келетінін айтып, Конституция мәтінінің қазақ тілінде, бай әрі шырайлы тілде жазылғанына назар аударды.
Сөз соңында Жұлдыз Қазихан азаматтарды Конституцияның жаңа нұсқасын қолдауға шақырды.
Пікірлер (0)