Әкім Ахметжановтың кадр таңдауы: жаңару емес, ескі кадрға қайта оралу
Фотосурет gov.kz
Ақмолада Еңбек күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Әкімдік мұны «еңбек адамдарына құрмет» деп сипаттады. Шара барысында ән айтылды, би биленді, марапаттар берілді. Әкімнің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйлеп, 2025 жылды мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын атап өтті. Бірақ сахнаның іші мен сыртында аймақтың ең үлкен проблемасы – кадр саясаты тағы да көзге ұрып тұр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Жастарға жол қайда?
Ақмола облысының мәдениет басқармасын бүгінде зейнет жасындағы Айгүл Баубекқызы басқарып отыр. Бұл бір ғана жағдай емес, облыс әкімінің кадрлық таңдауда жиі «ескі кадрға» сүйенетіні байқалады.
Сұрақ орынды: облыста мәдениет саласын басқаруға лайықты, жігерлі, білімді жастар табылмай қалды ма? Әлде билік әлі де «тәжірибе» дегенді желеу етіп, жүйені жаңартудан қашып отыр ма?
«Жұмысшы мамандықтар жылы» қағаздағы бастама ғана ма?
Әміренова сахнадан «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп әдемі бастама жөнінде айтты. Бірақ шын мәнінде жас мамандарға сенім артпайтын, басшылық орынға жаңа буынды шығармайтын жүйе қалайша жұмысшының мәртебесін көтере алады? Сөз бен істің арасындағы алшақтық осындай сәттерде анық көрінеді.
Әкімнің кадр саясаты – жаңару емес, тоқырау
Облыс әкімі Марат Ахметжанов кадр саясаты арқылы өңірдің даму бағытын айқындап отыр. Алайда «зейнетке жеткен басшыға сүйену» – даму емес, керісінше, тоқырау.
Қай салаға қарасаңыз да жас мамандарға жол ашу – сөз жүзінде ғана. Ал шынайы өмірде билік орындары «ескі кадрдың ыңғайына» икемделіп қалған.
Сәнді концерт бар, жүйелі шешім жоқ
Еңбек күні салтанатты шара ретінде өтті. Ән айтылды, марапат берілді. Бірақ бұл – сыртқы сән ғана. Ал еңбек адамына да, жас мамандарға да нақты қолдау көрсететін жүйелі шешімдер айтылмады.
Ақмоланың кадрлық саясаты әлі де ескі тәсілге сүйеніп отыр. Мәселенің басы ашық: облыс қашан жаңа буынға сенім артып, болашақты жастарға тапсырады?
Пікірлер (0)