Ақмоладағы денсаулық сақтау нысандары: уәде көп, нәтиже аз
Фотосурет Aqmola_region
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова денсаулық сақтау саласында жүріп жатқан құрылыс пен жөндеу нысандарын аралады. Ресми ақпаратта «барлығы жоспарға сай» делінгенмен, тұрғындар күтіп отырған басты мәселе – бұл жобалардың қашан аяқталып, халыққа нақты пайда әкелетіні, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Болашақ» орталығы – созылып кеткен үміт
Облыс бойынша ғана емес, көршілес өңірлерге де қызмет көрсетуге тиіс «Болашақ» балаларға арналған оңалту орталығында күрделі жөндеу әлі жалғасып жатыр. Шенеуніктер «жыл соңына дейін аяқталады» деп сендіргенмен, мұндай уәделер бұрын да талай рет айтылған.
Ал бұл аралықта жүздеген бала қажетті медициналық көмекті толық ала алмай отыр. Егер орталық расымен «әлеуметтік маңызы бар жоба» болса, оның кешігуі – жай ғана статистика емес, нақты тағдырларға әсер етіп жатқан проблема.
Балалар ауруханасы – қағаздағы «заманауи технология»
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының операция блогында «бірегей антибактериологиялық материалдар, отқа төзімділік, жеке желдету жүйесі» қолданылады деп хабарланды. Алайда мұндай әдемі сипаттамаларды халық бұрын да естіген. Көбіне іс жүзінде сапасы сын көтермей, қайтадан жөндеуді қажет ететінін жұрт ұмытқан жоқ. Сондықтан бұл «заманауи технологияның» қағазда ғана қалмауына күмән бар.
630 орындық аурухана – халық күткен, бірақ кешіккен құрылыс
Сарыарқа ауданында салынып жатқан 17 гектарлық жаңа аурухана «үшінші деңгейлі орталық» ретінде өңірдің барлық тұрғындарына жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге тиіс. Бірақ құрылыстың қашан толық аяқталатыны нақты айтылмайды. Халыққа бүгін қажет аурухана қашан қолжетімді болады? Уақыт созылған сайын аймақ тұрғындары сапасыз немесе қолжетімсіз медициналық қызметке тәуелді болып қала береді.
Ұлттық жоба: жоспар мен шындықтың айырмасы
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 нысан салынатыны айтылған. Оның 28-і 2024 жылы пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда 2025 жылдың соңына таяп қалсақ та ауылдардың біразында әлі күнге дейін дәрігерлік пункт жоқ. Бұл – уәде мен шындықтың айырмасын ашық көрсететін мысал.
Алтынай Әміренованың сөзі – әдемі, бірақ күмәнді

Денсаулық сақтау нысандары – әлеуметтік маңызы бар жобалар. Олардың уақтылы іске асуы аймақ тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігіне тікелей байланысты, - деді Алтынай Әміренова сапар қорытындысында.
Бұл сөзге ешкім қарсы емес. Бірақ халықтың көкейінде бір сұрақ бар: егер шынымен «уақтылы іске асуы» соншалық маңызды болса, неге Ақмоладағы басты жобалар мерзімінен кешігіп жатыр?
Әміренованың айтқаны – қағаздағы әдемі сөйлем. Ал шынайы өмірде науқастар да, дәрігерлер де сол «уақтылы» орындалмаған құрылыс пен сапасыз жұмыстың зардабын тартып отыр.
Әкімдіктің мердігерлерге тапсырма бергені тағы да айтылды. Бірақ Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында басты мәселе шешілмей тұр: сөз көп, іс аз.
Шенеуніктердің «әлеуметтік маңызы бар» деп сипаттайтын жобалары халыққа қашан қолжетімді болады? Уақтылы аяқталмаған әр нысан – жай ғана кешіккен құрылыс емес, адамдардың денсаулығына тікелей соққы.
Пікірлер (0)