Ақмола билігінің кезекті уәдесі: «әділ тариф» мәселесі тағы да талқылаумен шектелді

Жаңалықтар
view 95
news

Фотосурет видео скрин

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов байытылған каолин өндіретін «Qazaq kaolin» тау-кен байыту комбинатының құрылыс барысын аралап шықты. Ресми дерекке сенсек, компания 650 млн теңгеден аса қаржы құйып, бюджетке 400 млн теңгеден көп салық төлеп, 50 жаңа жұмыс орнын ашқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Бір қарағанда, бұл – үлгілі кәсіпорын. Бірақ шын мәнінде мәселе шаш-етектен.

«Инвестициялық штаб» қағаздағы шешім бе?

Кәсіпорын алаңында Өңірлік инвестициялық штаб жиналып, теміржолға қолжетімділік пен тариф теңдігі мәселесін талқылады. Нәтижесінде «жедел шешім табылды» деп хабарланды. Бірақ нақты шешім қандай? Кім үшін әділ тариф орнайды? Оны кім бақылайды? Әзірге бұл – жай ғана хаттамада қалған келісім.

50 жұмыс орны аймақ үшін жетістік пе әлде тамшы ма?

Ресми мәлімет 50 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтады. Бірақ өңір үшін бұл жеткілікті ме? Бір облыстың әлеуметтік мәселесін 50 адамға жұмыс берудің шешпейтіні анық. Әсіресе кен өндірісі сияқты миллиардтаған пайда әкелетін салада мұндай көрсеткіш – тым мардымсыз.

Инвестиция бар, нәтиже қайда?

650 млн теңге – қағазда үлкен инвестиция. Бірақ бұл қаражат нақты қандай инфрақұрылымды өзгертті? Өңір тұрғындары үшін қандай қолжетімді нәтиже берді? Қарапайым халыққа оның қай жері сезілді? Бұл сұрақтар ашық күйінде қалып отыр.

Жаркешовтің сапары кезінде «барлық кәсіпорынға тең мүмкіндік беріледі» деп айтылды. Бірақ Ақмоладағы бизнес өкілдері мұндай уәделерді талай естіген. Шындықта теміржолға кім бірінші қол жеткізеді, тарифті кім «жеңілдетіп алады», оны уақыт көрсетеді.

Әзірге бар көрініс мынау: қазынаға миллиардтаған пайда әкелуге тиіс өндіріс бар, бірақ облыс тұрғындары үшін пайдасы мен тиімділігі нақты сезілмейді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *