Ақмола облысының әкімі Қосшы қаласына жұмыс сапарымен келді

Редакция таңдауы
view 171
news

Қосшы қаласына жұмыс сапарымен келген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.

Әкім сапары «АQ ANYZ» кондитерлік цехына барудан басталды. Қуаттылығы жылына 10 тоннаға дейінгі кәсіпорын осы жылдың наурыз айында іске қосылды. Цехта 20 адам жұмыс істейді. Цех менеджері Азат Хамзин өндірістік үй-жайларға шағын экскурсия жүргізді. Цехты аралап, ұжыммен сөйлесе отырып, өңір басшысы қызметкерлерге нәтижелі жұмысы үшін алғысын білдіріп, табыс пен өндірілетін өнімді өткізу нарықтарын кеңейтуді тіледі. Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде тамақ өнеркәсіптің игі ықпалы өлшеусіз. Жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы тамақ өнеркәсіп саласын дамыту болып табылады. Бұл саланың өнімдеріне деген сұраныс та жоғары – жеңіл өнеркәсіптен кейінгі екінші орынды иеленеді. Сондықтан қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте тамақ өнеркәсібі саласын дамытуға айрықша басымдық беруге тиіс. Содан кейін облыс әкімі Қосшы қаласында бой көтеріп жатқан 1200 орындық мектеп құрылысының барысын тексерді. Қазір мектеп құрылысында қабырғаларды сылау, екінші қабаттың монолитті еден плитасын нығайту, ағаш шатырды орнатуға дайындық және дайындау жұмыстары, баспалдақ марштарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі құрылыс барысын тексергеннен кейін жұмысты жеделдетуді және барлық кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Қосшы қаласындағы құрылысы жүріп жатқан тағы бір маңызды нысандардың бірі – өрт сөндіру депосы. Құрылыс нысанының бастығы Бақытбек Ибраевтің айтуынша, нысанның жалпы ауданы 2,2 м3 - тен асады. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2023 жылдың 4 тоқсанына жоспарланған. «Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, деподан басқа мұнда қызметкерлер үшін 6 пәтерлі тұрғын үй салынуда, үш бөлмелі 1 пәтер, екі бөлмелі 2, бір бөлмелі 3 пәтер» деді Б.Ибраев. «Өрт сөндіру депосының қызметкерлері үшін тұрғын үй құрылысы салынуы дұрыс шешім болып табылады, қызметкерлер сол жерде тұрып, жұмысқа қатысты жедел шешім қабылдайтын болады» деп атап өтті Е.Маржықпаев. Сапар соңында соғыс ардагері 98 жастағы Нұрқасым Әжітаев ақсақалға амандаса барды. Облыс әкімі көпті көрген қариямен әңгімелесіп, қал-жағдайын сұрап, иығына шапан жапты. Нұрғасым Әжітайұлы 1943 жылы әскер қатарына алынады. Сол жылы Новосібір қаласының мергендер мектебінде оқу-жаттығудан өтеді. Майдан даласында авиациялық қызметте атқыштар қатарында болған. Берлинді алуға жасалған шайқасқа қатысып, 1945 жылы Жапониямен болған ұрыста да ерлік танытады. Көп тіл білгендіктен Қытай жерінде аудармашы болып та жұмыс істейді. Жапонияны жеңгені үшін медалімен марапатталған. Одан бөлек, 2 дәрежелі Отан соғысы ордені, Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков медалі және тағы басқа көптеген марапаттарды кеудесіне таққан. Нұрғасым Әжітаев 7 баласынан 10 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Ал 2012 жылы қажылық парызын өтеп келген. Қосшы қаласындағы жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Ермек Маржықпаев: «Жалпы, қала бойынша жақсы жұмыс жүргізілуде, әлеуметтік нысандар мен бизнес нысандары салынуда. Біз әрқашан халыққа ауыл бірден қалаға айналмайтынын айтамыз, бірақ бүгінде қала үшін, халықтың қауіпсіздігі үшін көп нәрсе жасалуда» деп баға берді.

Рамазан БАУЫРЖАН

   

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *