АҚШ-Қытай шиеленісінің кульминациясы. Державаларды алаңдатқан Тайвань тәуелсіздігі

Редакция таңдауы
view 404
news

Тайванның егемендік мәселесі державаларды алаңдатып отыр: Қытай «өз меншігінен» айырылып қалмауды ойласа, Америка аймақтың тұтастығын қолдайды. Ахуал жаңа бағыт алғандықтан бас мақаласын «Ескертпеді демеңіз!» деп сес көрсету сипатында жариялаған қытайлық Global Times басылымының кезекті саны Америкаға қарсы мәлімдемелерге толы. Украина жағдайынан кейін Американың Тайвань тәуелсіздігі үшін күресінен қауіптенген Қытай қазір ауқымды әскери жаттығулар бастаған. Ал тәуелсіздікке ұмтылған Тайвань тарапы АҚШ Бейжіңнің «қатаң һәм жауыз саясатынан» қорғайтынынан үмітті.  Global Times редакциясы Американың Тайванға қатысты ұстанымын Қытайдың «ішкі ісіне араласу» деп санайды. Дәл осындай сипаттағы материалдар қытайлық басылымдарда 1962 жылы Бейжің Үндістанмен шекаралық соғыс бастағанда және 1979 жылы Қытай-Вьетнам соғысы қарсаңында жарияланған. Ресми Бейжің «Америка өкілдері азиялық тур барысында Тайвань аралына ешқандай сапар жоспарламасын және тәуекелге бармасын» – деп ескертті. Қытайлық ақпарат құралдары ғана емес, Тайвань саясатымен тікелей айналысатын жетекші талдау орталығы ұйымдастырған форумның талқысы да Америка саясаткерлерінің Азияға сапарына арналған. АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси бастаған делегацияның Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея және Жапонияға ресми сапары кеше басталды. Financial Times басылымы АҚШ спикерлерінің аралға сәуірде баруды жоспарлағанын, бірақ коронавирусқа байланысты сапардың кейінге шегерілгенін жазған. Бірақ әзірге, Қытайдың «жанды нүктесіне» айналған Тайванға сапар жайлы ресми хабар жарияланған жоқ. Соған қарамастан Тайванның тәуелсіздігінен қауіптеніп отырған Қытай Американың бұл сапарына қарсы алдын ала дайындық бастады.

Қытай қоқан-лоқысы

Жақында Қытай төрағасы Си Цзиньпин АҚШ президенті Джо Байденмен әңгіме барысында Вашингтонға Тайвань мәселесінің маңызын тағы да еске салды. «Біздің саясатқа қарсы шығуға болмайды. Отпен ойнағандар оттан өледі!», деген Си Цзиньпин Тайванға сыртқы күштердің араласуы ҚХР егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы шабуыл деді. Сонымен қатар Бейжіңнің Америка саясаты «бір Қытай» ұстанымына нұқсан келтіреді деген қорқынышы да бар. Ал Америка Тайванның тәуелсіздігін жақтаушылар қатарында. Бұған дейін Джо Байден егер Қытай басып кірер болса, АҚШ-тың Тайванды әскери жолмен қорғауға дайын екенін бірнеше мәрте еске салған.

Ресми мәлімдемесінде Байден: «Қытайдың Тайванға күш қолдану жөніндегі кез келген талпынысы жөнсіз. Өйткені ол әрекет Украинадағы жағдай сияқты тұтас аймақтың тыныштығын бұзады», – деді. АҚШ президентінің сөзінше, Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Тайванды қорғаудың өзектілігі арта түскен.

Байденнің бұл сөзінен кейін Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь «Тайвань мәселесі — тек қана Қытайдың ішкі ісі», – деп, бұл мәселе бойынша ешқандай келісімге келмейтінін айтты. Бұрын АҚШ Тайвань тәуелсіздігін танып, қауіпсіздік кепілін беруге тартынып келген. 1979 жылдан бері АҚШ-тың Тайванмен байланысын реттеп келе жатқан заң Қытай басып кірген жағдайда Америкадан аталған аймақты қарумен қорғауды талап етпейді. Бұл құжат егер Қытай Тайвань статусын өз бетімен, біржақты өзгерткісі келсе, Тайванның өзін-өзі қорғауын қамтамасыз етуді ғана міндеттейді.

Қақтығысқа дайындық

Қазір Қытай Америка өкілдерін Тайванға жібермеудің түрлі амал-әрекетін ойластырып жатыр. 29 шілдеден Қытай Оңтүстік Қытай теңізінде әскери жаттығуларын бастады. Қытай теңіз қауіпсіздігі басқармасының сайты жариялаған қысқаша хабарламада жаттығулар Гуандун және Хайнань провинцияларына жақын төрт аймақта өтетіні көрсетілген. Бейжің бұл жаттығулардың мақсаты және оған тартылған күштер жайлы ақпаратты құпия сақтап отыр. Бірақ Қытай Халық азаттық армиясының негізгі күштері осы аудандарда шоғырланғанын ескерсек, әскери маневрлердің өте ауқымды екенін айтуға болады. Осы тұста Global Times газетінің бұрынғы бас редакторы Ху Сицзинь «егер Америка өкілдері Тайван шекарасынан бір адым аттап басса, әскери-әуе күштерінің ұшақтары іске қосылады», деген тағы бір ескерту жасады. Ал Қытай Әлеуметтік ғылымдар академиясы Тайвань зерттеулері институтының жетекшісі Ян Минджи АҚШ делегациясына қарсы тұру үшін PLA жойғыш ұшақтарын жіберуге, сондай-ақ Тайвань аралын ұшуға тыйым салынған аймақ деп жариялауға рұқсат берді. Соңғы кездері Тайвань бұғазына жақын маңда америкалық күштер айтарлықтай белсенді. «Сол себепті «Роналд Рейган» атомдық ұшақ тасығышы Оңтүстік Қытай теңізінен Тайвань бұғазына қарай бет алуы мүмкін», деп болжайды Гонконгтың The South China Morning Post басылымы.

Ресейдің ұстанымы

Мәскеу мен Бейжіңнің қарым-қатынасы уақыт өте күшейіп келеді. Сол себепті қандай да бір үшінші тараппен әскери қақтығыс туындаған жағдайда бірі екіншісіне көмекке асығады. Екі тарап та қазіргі Ресей-Қытай байланысы кез келген ресми одақтан да жақын екенін бірнеше мәрте мәлімдеді. Сонымен қатар, жақында Ресей Аэроғарыш күштерінің Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшағы мен Қытай армиясының Хун-6К әуе күштері Азия-Тынық мұхиты аймағында бірлескен әуе патрульдік жаттығулар жасаған. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова өзінің Telegram арнасында АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Азия-Тынық мұхиты аймағына сапарын «мағынасыз және сюрреалды» деп сынға алды. «Бір жағынан, АҚШ өкілі Пелосидің Тайванға сапарын қауіпті әскери-саяси авантюризм дегім келеді. Екінші жағынан, Ақ үйдің бұл саясаты мағынасыз», – деді Захарова. Ал Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Біз Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтейміз. Вашингтонның Тайванға қатысты әрекеті әлемде қосымша шиеленіс тудыруы мүмкін», – деді. «Біртұтас Қытайға деген ұстанымымыз өзгеріссіз қалады», – деген Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Американың Тайванға қатысты ұстанымына қарсылық білдірді. Осылайша, Украина ахуалында Кремльдің әрекетін жақтайтын ресейлік шенеуніктер әңгіме Тайвань тұтастығы жайлы өрбігінде, Қытай саясатынан мін тапқан жоқ.

Қақтығыс кульминациясы

Си Цзиньпиннің Байденмен екі сағаттан астам уақытқа созылған телефон сұхбатында тағы қандай сес көрсеткені белгісіз. Дегенмен, Тайвань төңірегіндегі жағдай мен Украина дағдарысынан бөлек, олар АҚШ-Қытай экономикалық байланыстарын да талқылағаны сөзсіз. Сонымен қатар Байден Қытай Тайвань саясатына қарсы батыл қадамдар жасаса немесе Украина жағдайында Ресейді қолдаса, дипломатиялық байланыс шарттарын қайта қарауы да ықтимал. Қытай сыртқы саудаға тәуелді және оның негізгі сауда серіктестері – АҚШ пен Еуроодақ. Бейжіңге қарсы болжамды санкциялар Қытай экономикасына, әсіресе елдің оңтүстігі мен шығысындағы экспортқа бағытталған аймақтарға айтарлықтай зиян келтіреді. Биыл Си Цзиньпин мемлекет басшысы мен билеуші ​​партия лауазымдарын өмір бойына сақтап қалса, дәл қазіргі саяси ахуал тіптен күрделене түспек.

Айта кетейік... Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытай­дың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. 1949 жылдан бастап, яғни Куоминтанг күштерінің қалдықтары Қытай азаматтық соғысында жеңіліске ұшыраған кезден бастап Тайвань әкімшілік басқаруға көшкен. Содан бері мұнда коммунистер билікке келгенге дейін материкте болған бұрынғы Қытай Республикасының туы мен басқа да белгілері сақталып келеді. Көптеген елдер, соның ішінде Ресей қолдайтын ҚХР-дың ресми ұстанымына сәйкес, бұл арал – Қытай провинцияларының бірі саналады. Бұған дейін Тайванның қорғаныс министрі Цю Гочжэн  Қытай 2025 жылға қарай Тайванға түпкілікті басып кіру үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады деп ескерткен.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *