Алагөзов қарамағындағы адамдардың ата-аналарына «зейнетақы» тағайындап отыр
Фотосурет: ашық дереккөзден
Танымал кәсіпкер, GALANZ Bottlers компаниясының негізін қалаушы Тұрсынғали Алагөзов әлеуметтік жауапкершілікті алдыңғы орынға қоятын игі бастамасымен жұртшылықтың ықыласына бөленді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Кәсіпкер компания қызметкерлерінің 65 жастан асқан ата-аналарына тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол компанияның жаңа жылға арналған корпоративтік жиынында айтып, ұжыммен бірге жылды қорытындылап, алдағы мерекелермен құттықтады.
Тұрсынғали Алагөзовтің айтуынша, табысты ұжымның қалыптасуында тек қызметкерлердің ғана емес, оларды тәрбиелеп, өмірге жолдама берген ата-аналардың да еңбегі зор. Сондықтан әрбір ата-ана ерекше құрметке лайық.
Кәсіпкердің бастамасына сәйкес, жасы 65-тен асқан әрбір ата-анаға ай сайын компания қаражаты есебінен 50 мың теңге көлемінде төлем жасалады. Бұл қадамды ол аға буынға деген алғыс пен ризашылықтың нақты көрінісі ретінде бағалады.
Бұл шешім қоғамда әлеуметтік қолдаудың жаңа үлгісі ретінде қабылданып, кәсіпкердің азаматтық ұстанымын айқындай түсті.
Пікірлер (0)