Әлемде алғаш рет арбаға таңылған әйел ғарышқа ұшты

Жаңалықтар
view 87
news

Фотосурет: blueorigin.com

Халықаралық деңгейде ғарыш кеңістігінің шекарасы ретінде мойындалған Карман сызығынан алғаш рет мүгедектер арбасындағы адам ұшып өтті. Германияның 33 жастағы азаматы Михаэла (Мичи) Бентхаус Blue Origin компаниясының New Shepard бағдарламасы аясында ғарышқа сапар шеккен, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Компанияның мәліметінше, 20 желтоқсанда Blue Origin 37-ұшуын сәтті іске асырған.

NS-37 миссиясы биылғы 9-ұшуымыз болды және 2026 жылдан бастап әрі қарай New Shepard ұшуларының санын арттыруға негіз қалайды. Бұл экипаж бүгінде ғарышқа ұша алатын адамдардың ауқымы мен алуан түрлілігін айқын көрсетеді: инженерлер мен ғалымдардан бастап, кәсіпкерлер, оқытушылар және әлемнің түкпір-түкпірінен келген инвесторларға дейін бар. Әрқайсысы өз көзқарасы мен зерттеуге деген құштарлығын ала келеді. Ал Мичидің ұшуының мәні айрықша. Ол ғарыштың баршаға қолжетімді екенін дәлелдейді. Біз оған осы арманын жүзеге асыруға көмектескенімізді мақтан тұтамыз, – деді New Shepard бағдарламасының аға вице-президенті Фил Джойс.

Айта кетсек, New Shepard аппаратын жобалау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктері ескерілген. Кеме толықтай автономды және ұшыру алаңында лифтпен жабдықталған.

Аэроғарыштық техника мен мехатроника саласының инженері, Еуропалық ғарыш агенттігінде қызмет ететін Михаэла (Мичи) Бентхаус кәсіби жолын ғаламаралық зерттеулерді дамытуға бағытталған ғылыми ынтымақтастыққа арнаған. Ол 2018 жылы тау велосипедімен серуендеу кезінде апатқа ұшырап, соның салдарынан жұлын жарақатын алған. Соған қарамастан, спортпен айналысуды жалғастырып келеді, оның ішінде арбадағы тенниспен де шұғылданады.

Ұшу штаттық режимде өтті және 10 минут 26 секундқа созылды. Экипаж отырған капсула Жер бетінен 106 шақырым, ал теңіз деңгейінен 107 шақырым биіктікке дейін көтерілді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *