«Алтын дән» балабақшасы: «Толағайдай еліне қорған болар ма екенсің?»
Қосшы жаңалықтары
758
Саламатты ұрпақ балабақшадан қалыптасады. Қосшы қаласындағы «Алтын дән» мектепке дейінгі білім беру орнында бүлдіршіндерді жастайынан спортқа баулу шарасы қолға алынған. Дені сау ұрпақты тәрбиелеуді негізгі міндет етіп алған тәлім мекемесінде «Толағай» отбасылық спорттық сайысы өтіп тұрады. Бүлдіршіндер ата-аналарымен жарыс ойындарына қатысып, түрлі сыйлықтарға да ие болды.
Спорттық сайыстың басты мақсаты – балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. «Толағай» отбасылық спорттық байқауға әр топтан белсенді үш отбасы қатысты. Әрқайсысы командағы атау да ойлап тапқан. Олар: «Қыран», «Сұңқар» және «Ынтымақ» тобы. Спорттық додаға ата-аналардың ерекше дайындықпен келгенін байқадық. Әр команда жеке ұранын әзірлеп, біргелкі спорттық киімдерін де киіп келген. Спорттық байқау 10 кезеңнен тұрды. Команда мүшелері жүгіру, секіру, кедергілерден сүрінбей өту секілді сыннан өтіп, спортқа деген бейімдігін көрсетті. Жалпы сайыс қорытындысы бойынша «Ынтымақ» тобы, Оразалиндер отбасы қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Осылайша олар жүлделі бірінші орынды қанжығаға байлады. Ал «Сұңқар» командасы – Исиндер отбасы 2 орынға жайғасса, үшінші орынды «Қыран» тобы – Кәрімжановтар отбасы иемденді. Барлық командаға ептіліктері мен шапшаңдылықтары үшін балабақша ұжымының атынан арнайы дипломдар табысталды. Ал чемпион атанған отбасы «Толағай» кубогымен марапатталды.
«Біздің отбасылық сайысымыз өте қызықты өтіп тұрады. Әсіресе ата-аналарымен бірге спорттық додаға түскен балалардың қуанышында шек болмайды», – дейді «Алтын дән» балабақшасының әдіскері Ақмарал Ешмұханова.
Әдіскердің айтуынша, балабақшада мұндай спорттық шаралар бүлдіршіндер арасында жиі ұйымдастырылып тұрады.
«Балабақша ұлт денсаулығын сақтау жобасы іске асады. Осыған дейін, балабақшада «Таза қолдар» акциясы да өткізілді. Шара аясында әр түрлі тақырыпта ересек топ тәрбиеленушілері жоба қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Бұдан өзге біз ата-аналармен бірге жүйелі жұмыс істейміз. Мәселен, «Алғыс айту» күніне орай, балаларымыз отбасыларымен бірге өте жақсы бейнеролик түсіріп, байқауға қатысты. Біздің балабақшамызда ата-аналармен байланыс үзілмейді. Баланың өнерін ашып, жан-жақты қырынан таныту үшін жыл сайын дәстүрлі «Екі жұлдыз», «Әжелер сайысы» шығармашылық байқаулары да ұйымдастырылып тұрады. Бұдан өзге, Әз-наурыз мерекесіне орай «Отбасының сүйікті ұлттық тағамы» атты сайыстар да өтеді. Ата-аналар әрбір мәдени шараға бейжай қарамай, өте жоғары деңгейде белсенділік танытып, ат салысады», – деді балабақша әдіскері Ақмарал Аманжолқызы.
Иә, расында қазір ата-ана мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты дамыту өзекті мәселенің бірі болып отыр. Отбасының да, балабақша ұжымының да мақсаты бір – ол болашақ ұрпағымыз саналатын балаларға жақсы тәлім-тәрбие беру.
Жазушы Ғабит Мұстафин айтқандай, «Ата-ана қадірін білген бала халық қадірін біледі, халық қадірін білген бала ата-ананың да қадірін біледі. Ол үшін өз халқының дәстүрін, мәдениетін, өнерін,тілін қадірлеуді ата-ана және ұстаз болып үйрету керек».
Қазір Қосшыдағы «Алтын дән» мемлекеттік мекемесінде ата-анамен ынтымақтастық тығыз. Бүгінгі іске асырылып жатқан жобалар соның дәлелі болып отыр. Осы тұста «Алтын дән» балабақшасында балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына жоғары деңгейде мән беріледі. Мұнда педагогтардың педагогикалық технологияларды қолдана білу сауаттылығын арттыру шарасыда жолға қойылған.
«Біз бүгінде балаларға үздіксіз тәрбие мен білім беруде жаңартылған педагогикалық технологияларды кеңінен қолдануға тырысамыз. Баланың бақытты болуы үшін, денінің сау болуы үшін үлкен қамқорлық жасауымыз керек. Дені сау баланың ақыл-ойы айқын, өз-өзіне сенімді, жан-жағына қуанышпен шаттана қарайтындай болуы шарт. Бала денсаулығының мықты болып, қозғалыс, дене құрылысының дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Сондықтан бала ағзасының қызметін жетілдіру, қабілетін арттыру ең басты міндетіміз. Бүлдіршіндер балабақшаға таңертең келген уақыттан бастап күн тәртібі бойынша сауықтыру шараларынан өтеді. Тәлім ошағында таңғы жаттығу, қимылдық ойындар, сергіту сәттері, серуен кезіндегі спорттық ойындар мен жаттығулар, спорттық мерекелер, ойын – сауықтар өткізеледі», – деді балабақша ұжымы.
«Ұлы Абайдай ақылы мол жан болар ма екенсің?
Толағайдай еліне қорған болар ма екенсің?» дегендей бұл бүлдіршіндер ордасынан әлі талай алыптар шығатынына кәміл сенеміз!
Азиза ӨТЕУЛИЕВА
Оқи отырыңыз
Қосшы жаңалықтары
Қасым-Жомарт Тоқаев Қосшы қаласының даму жоспарымен танысты
Қосшы жаңалықтары
Қала руханияты қалай дамып жатыр?
Қосшы жаңалықтары
Серіктестік сапалы жол салып, сенімді ақтап жүр
Пікірлер (0)