Домбыраның үніне ғашық Владислав

Қосшы жаңалықтары
view 281
news

Алты мың жылдық тарихы бар қазақ домбырасының үні кімді де болсын елітпей қоймайды. Тыңдаған адамның бойын баурап ерекше күйге бөлеп, сырлы сезім тудыратын домбыраны үйренуге құштар жандар көп-ақ. Осы ретте, халық үшін Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген сөзі Құран сөзіндей болып кеткелі қашан?! Мұны қазақтардан ғана емес, өзге ұлт өкілдерінен де естісек, таң қалмайтын болдық. Орыс ұлтының өкілі, Қостанай облысының тумасы Владислав Казанюк та бұл сөзді ұранындай айтып жүр. Ол қазір 15-тен астам күйді шебер орындайды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті Владислав ұлттық аспапты дәріптеп жүрген өзге ұлт өкікілдерінің бірі. Владислав бала кезінен қазақтың ұлттық салт-дәстүріне, мәдениеті мен тіліне, өнері мен дүинетанымына қызығып өскен айтады. «Балалық шағымда қазақ ортасында өстім. Сонда да қазақылық көре қоймадық. Себебі Қостанайда қазақтардың өзі қазақша біле бермейді. Қазақ тілін біртіндеп үйреніп жүрдім. Қазақылық өзіне тартып тұратын. Осыдан 7 жыл бұрын мектептен домбыраның үнін естідім. Бірден үйренемін деген ынта пайда болды. Домбыра үйірмесіне барып, 1 айға жетер-жетпес уақытта үйреніп кеттім. Ары қарайғы нәтиже – адамның талантына байланысты деп ойлаймын», – деп ағынан жарылды ол. Қазақтың жерінде туып-өскен орыс баласыныа қасиетті даланың топырағы әсер еткен секілді. Өзге ұлтты да өз өнеріне тартып тұратын қасиетті қазақтың өнерін өз баласы неге үйренбейді деген сұрақ көкейіңе сап ете қалады мұндайда. Владислав домбыра шерткенде, бойыңды өзгеше бір рух билеп, қанаттана түсесің. Рухты күйлерді шабыттана шерткенде, қазақ екеніңе мақтанып, марқайып қаласың. Домбырадан бөлек дауылпазда ойнайтын Владислав қазақ тілін жетік білмейді. Владиславқа көп қойылатын сұрақтардың бірі – «Қазақтың бар өнерін бойыңа сіңіріп, неге тілін үйреніп алмадың?» екен. Бұл сұраққа ол: «қазақ тілін үйренгім келеді. Үйрену үшін көп тырыстым. Курстарға бардым, кітап оқыдым, бәрін істедім. Бірақ үйрену қиындық туғызды. Мұның себебін ортамда қазақылық болмауынан деп ойлаймын. Айналамның бәрі орысша сөйлейді. Сосын маған қиын болды. Қостанайдан Астанаға келгенімде қазақшам біршама жақсарып қалды. Енді үйреніп кетемін деп ойлаймын», – дейді Владислав Казанюк. Ол домбыраны 1 айдың ішінде үйреніп, оркестрмен бірге концерт қойған. Домбыраның үніне ғашық орыс баласынан домбыраны қалай тез үйренуге болатынын сұрап көріп едік. Домбырада ойнау әрбір адамның басына қона бермейтін бақ деп ескертіп, «Домбыраны үйрену үшін, бірінші дұрыс домбыра таңдау керек. Қазір неше түрлі домбыралар бар. Жақсысын нашарынан айыра алмай қалып жатамыз. Сіздерде «Домбыраның жақсысы – ағашынан» деген сөз бар екен ғой. Бір мұғалімімнен естіп едім. Екінші – өзіңізге ыңғайлы үйрену тәсілін таңдау. Домбыра үйренудің 2 тәсілін білемін. Біріншісі, «слухпен үйрену». Екіншісі, нота арқылы. Ізденіп көрсе басқа да тәсілдер бар ғой. Ынта болса кез келген тәсілмен үйренуге болады. Бірақ домбыра математика емес қой, формулаға сала салатын. Ол – өнер. Кез келген адамға дарымауы мүмкін. Сосын домбыра үйренгенде жақсы ұстаз керек. Төртінші, қиын күйден емес, жеңіл күйлерден бастағаныңыз абзал. Сабақтан тыс уақытта домбырада көп ойнасаңыз, жаттыға бересіз. Домбыра үйренудегі ең маңызды факторлар – шыдамдылық пен ынта», – деп жауап берді. Өзінің қоңыр үнімен қаншама жанды өзіне ғашық еткен домбыраның құдіретінде шек жоқ. Ол қазақылықтан алыстап кеткен өз баласының бойына қазақылық дәнін сеуіп, рухын оятады. Үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын өзге ұлт өкілін қазақы болмысқа жақындатады. Қазақтың тіліне, үніне тамсандырады. Владиславтың бойында қазақ баласына тән мінез де бар. Оны да осы қоңыр домбыра қалыптастырған секілді.

Елігімай Төнкер

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *