Дүкен Мәсімханұлы халықаралық «Алтын қалам» сыйлығының алғашқы иегері атанды
Фото: ашық дереккөз
Белгілі ақын, аудармашы, ғалым Дүкен Мәсімханұлы Сидней қаласында Халықаралық Пен клубы әлемдік поэзия ұйымының «Алтын қалам» сыйлығының алғашқы иегері атанды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ақынның өзі facebook-парақшасында жазды.
Сүйінші, ағайын!
Аустралияның Сидней қаласынан аса қуанышты хабар келіп жетті.
Штаб пәтері аталған қалада орналасқан ақындардың Халықаралық Пен клубы ((Poets International Pen Club - PIPC) деп аталатын әлемдік поэзия ұйымының әділқазылар алқасы бірауыздан Клубтың ең басты марапаты «Golden Pen Award» («Алтын қалам» ) сыйлығын бізге беру туралы шешім қабылдағаны хабарланған.
Әрине, әлемдік поэзия ұйымның мәртебелі сыйлығын қанжығаға байлау кез келген ақын үшін қуаныш!
Дегенмен бұл марапатты біз бір ақынға ғана емес, Қазақ еліне көрсетілген құрмет, сондай-ақ тұтас қазақ әдебиетінің абыройы мен жетістігі деп қабылдадық.
«Алтын қалам» сыйлығын тапсыру рәсімі желтоқсан айында әлемнің әйдік ақындары жиналған басқосуда салтанатты жағдайда Сидней опера театрында өтеді.
Қуанышың құтты болсын, Алаш жұрты! - деді ол.
Еске сала кетейік, Poets International Pen Club — әртүрлі елдер мен өңірлерден шыққан ақындар, аудармашылар, сыншылар, редакторлар мен поэзияны насихаттаушылардың бастамасымен құрылған халықаралық коммерциялық емес ұйым.

Құрметті Дүкен Мәсімханұлы мырза, Poets International Pen Club төрелік комитетінің қарауынан кейін, Сізге Poets International Pen Club ұйымының алғашқы «Алтын қалам» халықаралық сыйлығының иегері атанғаныңызды қуана хабарлаймыз.
Аталған марапатты табыстау рәсімі 2025 жылғы 7 желтоқсанда, Аустралияның Сидней қаласында өтеді. Сізді салтанатты рәсімге қатысып, марапатты қабылдап алып, сөз сөйлеуге шақырамыз.
Өзіңіз туралы қысқаша өмірбаян, бес өлең және екі соңғы фотосуретті Word және JPG форматында төмендегі электронды мекен жайға жіберуіңізді сұраймыз: pipcpft@sina.com.
Клуб 2024 жылдың қарашасында Аустралияның Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында тіркеліп, сол жылдың желтоқсанында Бангкокта (Таиланд) ресми түрде құрылған.
«Бейбітшілік, еркіндік және ой» ұранын басшылыққа алған ұйымның басты мақсаты — халықаралық поэзиялық ынтымақтастықты дамыту, әлемдік поэзияның өркендеуіне үлес қосу және поэзия арқылы адамзатқа жақсырақ әлем жасау.
Марапаттау рәсімінің және онымен байланысты іс-шаралардың бағдарламасы қоса берілген.
Лауреаттар Сиднейге барып-қайту әуе билеттерін өздері қамтамасыз етеді, ал өзге конференция шығындарын Poets International Pen Club ұйымы көтереді.
Сізбен кездесуді асыға күтеміз! - деп жазылған клубтың ақын Дүкен Мәсімханұлына жолдаған хатында.
Еске салсақ, Poets International Pen Club ұйымының өзге елдермен қатар Қазақстанда да филиалы ашылған болатын. Алматыда алғашқы жиналысы өткізілді.
Пікірлер (0)