Қосшыда Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті

Қосшы жаңалықтары
view 104
news

Фотосурет: Мәншүк Оразбекқызы

Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді айқындайтын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Бұл күнді 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық сипатта, жаңа мазмұнда атап өту дәстүрі қалыптасты. Еліміздің әр өңірінде кең көлемде аталып өтіп жатқан мерекені Қосшы қаласының тұрғындары мен қонақтары да ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі "Jańa Bastau" газетінің тілшісіне сілтеме жасап. 

Бұл жолы да шаһардың қоғамдық мәдени-спорт кешенінде өткен салтанатты концерт мереке рухын айшықтап, ел бірлігінің нышанына айналды. Еңселі ғимараттың іші әсем әуен мен шаттыққа толы болды. Қала тұрғындары мен қонақтары орын толтыра келіп, сахнадағы әр көріністі ыстық ықыласпен тамашалады. Кеш шымылдығын патриоттық бейнеролик пен оқушылардың орындауындағы әсерлі әндер ашты.

Осыдан кейін сахна төріне қала әкімі Азамат Қапышев көтеріліп, барша қосшылықтарды және келген меймандарды мерейлі мерекемен құттықтады.

Мереке аясында әкім Азамат Есімұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбеков өз еңбегімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа медальдар мен алғыс хаттар табыс етті.

– Қала өміріне бейжай қарамай, өз үлестерін қосып келе жатқан барша тұрғынға шынайы ризашылығымды білдіремін. Республика күні – елдігіміздің, бірлігіміздің, татулығымыздың белгісі. Әрқайсыңыздың еңбегіңіз Қосшының дамуына және халқымыздың игілігіне бағытталған, - деді әкім марапат иелеріне ризашылығын білдіре отырып.

Салтанатты жиынның көркін өнерпаздардың әсерлі бағдарламасы қыздырды. Сахна төрінде әуелеген ән, мың бұрала билеген бишілердің қимылы көрерменнің көңілін толқытты.

Кеш барысында көрермен арасынан көтеріңкі көңіл күй, мақтаныш сезімі байқалды. Әкім атап өткендей, бұл – халықтың еңбегі мен бірлігінің жемісі. Республика күні соның айқын дәлелі іспетті: ел ертеңіне сенім ұяатқан рухты мереке.

P.S. Салтанатты іс-шара барысында «Jana Bastau» газетінің бас дизайнері Ербол Қанатұлының да қала әкімі Азамат Қапышевтің Алғыс хатымен марапатталғанын айта кеткен жөн. Газетіміздің бет-бейнесі – әріптесімізді құттықтаймыз!

Ғани АТЫМТАЙ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *