Анасы 3 жасар баласының қазасына дәрігерлерді кінәлайды

Жаңалықтар
view 81
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Қостанайда 10 магнит жұтып қойып, ауруханада қайтыс болған баланың анасы болған оқиғаға қатысты өз пайымын Tengrinews порталына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды  janabastau.kz.

Қостанай облыстық балалар ауруханасына 7 шілде күні Рудныйдан 10 дана магнит жұтып қойған 3 жасар бала жеткізіледі. Қостанай облыстық балалар ауруханасының хирургиялық қызметінің меңгерушісі Игорь Белобржицкий бүлдіршіннің ауруханаға “бөтен дене” табылды деген диагнозбен түскенін мәлім етті. 

Дәрігердің айтуынша, баланың анасындағы рентген суретінен бір-біріне жабысқан 10 магнитті көруге болады. Бала бірден ауруханаға жатқызылып, қажет анализ тапсырылады. 

“Асқазанына ФГДС жүргіздік. Магниттер асқазанында тұр екен. Оларды наркозбен алдық. Алғашында 6 магнитті шығарып алдық. Ота жасайтын бөлмеде лапароскопия көмегімен құрсақ қуысын тексердік, бәрі қалыпты еді. Тағы да ФГДС жасап, жетінші магнитті шығардық. Үш магнит асқазаннан ішке түсіп кетіпті. Ал ішектен алу үшін ота жасау керек болды”, – дейді Игорь Белобржицкий.

Сөзінше, әдетте, балалар жұтып қойған түйреуіштер, шегелер, болттар табиғи түрде шығады. Олар ішек арқылы өтіп, нәжіспен бірге шығады екен. Рентгенге түсіргенде магниттер ішекте болған. Дәрігерлер магниттердің табиғи түрде шығуын күтеді. Бала дәрігерлердің бақылауында болған. Медицина қызметкерлері балаға система салып, ішектегі магниттерді шығаруға тырысқан. Бірақ магниттер еш қозғалмай, бір орында тұрып қалған.

“Анасына ота жасау керегін түсіндірдік. 9-10 күнге дейін бәрі жақсы болды. Бала секіріп, ойнап, өзін жақсы сезінді. 10 шілде күні таңертең операцияға бардық. Магниттер ішекте перфорация мен перитониттің пайда болуына әкеп соққан. Бірақ бізге перитонитпен жағдайы нашар кеткен науқастар да келген. Ол кезде де ота сәтті өткен. Операция кезінде барлық магнитті алып тастадық. Отадан кейін бала шок алып, жүрегі тоқтап қалды. Бала жансақтау бөліміне ауыстырылып, бір сағат бойы реанимациялық шаралар жүргізілді. Жүрегі қайта соғып, қайта тоқтап қалды. 10 шілде күні бала қайтыс болды”, – дейді дәрігер.

Игорь Белобржицкийдің айтуынша, сараптамадан баланың магниттердің салдарынан емес, шоктан қайтыс болғаны анықталды. Ол балаға Қостанай облыстық балалар ауруханасында қажет диагностикалық шаралардың барлығы жасалғанын жеткізді. Атап айтқанда, ФГДС, лапароскопия, құрсақ қуысының компьютерлік томограммасы, рентгенографиясы.

Бірақ бүлдіршіннің анасы дәрігерлердің айтқанымен келіспейді. Ұлынан айырылған Анна Агаркова болған жағдайға қатысты өз шындығын айтты. Оның сөзінше, баланы ауруханаға апарған кезде дәрігерлер қатты алаңдаудың қажеті жоғын жеткізіп, магниттердің табиғи жолмен шығатынын айтқан. 

“Келесі күні дәрігер келіп баламды тыңдап, кетіп қалды. Дәрігер тексергеннен кейін олар Сашадан қан алды. Дәрігер  балама жел шығару керегін айтты. Балам өзін өте нашар сезініп, мазасызданды. Іші ауырғанын айтып, ішіне үрлеуімді өтінеді. “Қай жерің ауырады” деп сұрап едім, ұлым ішінің жоғары жағын көрсетті. Ол бір рет дәретханаға сұранды, бірақ тепе-теңдік сақтай алмай, аяққа тұра алмады. "Қорқамын, қорқамын" деп қайталай берді. Баламның іші ісінген соң лапароскопиядан кейін солай болуы керек деп ойладым”, – дейді Анна Агаркова.

Анна отадан кейін баланың өзін нашар сезінгенін, сол себепті бірнеше рет ауырсынуды басатын дәрі салғанын айтады. Бірақ магнит табиғи жолмен шықпады. 9 шілде күні таңертең дәрігер баланы тексерген соң, клизма жасайтынын айтқан. Сөйтіп назогастральді түтік салған. 

“Бірде баламның асқазанынан шіріктің иісіне ұқсас батпақ түсті сұйықтық шықты. Сонда болған мейіргер мен дәрігер түтікке сөмке байлап, артығымен тағы біреуін берді. Кейін рентгенге түсірді. Баланың ішінде тағы 3 магнит бір-бірімен түйіскен күйі тұр екен. Дәрігер бәрі жақсы деп сендіріп, ота жасаудың қажеті жоғын айтты. Кішкентай баланың пышаққа түскенін қаламайтынын жеткізді. Кешке баланың қызуы көтерілді. Қызуын түсірген соң дәрігерлер ішектегі магнитті қозғау үшін көп жүру керегін айтты. Ал ұлы қатты әлсіреп қалды. Түнгі уақытта қызуы қайта көтерілді. 10 шілде күні таңертең Сашаның іші ауырып, температурасы көтеріле бастады. Іші өтіп жатқандықтан температурасын өлшеуге уақыт болмады. Бізді ретгенге түсуге жіберді. Тұрып түсуі керек еді, бірақ Саша тұра алмағандықтан жатқызып түсірді”, – дейді баланың анасы.

Дәрігер ешқандай өзгеріс болмағандықтан Сашаны операцияға алып кететінін айтқан. Анасына суретті де көрсетіп, магниттер арасында арақашықтық болғандықтан ішектерінің бүтін екенін жеткізген. Тіпті тесіктер (перфорациялар) болса да, оның үлкен мәселе еместігін және қажет болса тігілетінін айтты. Мейіргер келіп дәрі тамызғыш қойған. Әйелдің айтуынша, баланың қолы сұйықтық тері астына жиналып жатқандай ісіп кетті.

“Магниттердің ішектен алынғанын, бірақ баламның қайтыс болғанын айтты. Баламның құрсақ қуысына бірден ота жасағанда ол тірі болар еді. Сараптама көрсеткендей, ұлымның өліміне тоқ және аш ішектегі бөгде заттар себеп болды. Салдарынан ішек қабынып, гепатит, перитонит және миға қан құйылды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Дәрігерлерге қатысты 317-бап (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша іс қозғауды сұраймыз. Неліктен олар балаға бірден ота жасамады, нені күтті? Отаны кейінге қалдырғандықтан екі күн ішінде қабынулар пайда болып, соңы өлімге әкеп соқты”, – дейді баланың анасы. 

Полицейлер қазір баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын, тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. Сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын айтты.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *