Ақмола облысында кене шаққаннан кейін энцефалиттің алты жағдайы анықталды

Жаңалықтар
view 35
news

Фото: Ресми ақпарат

Ақмола облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шағуына байланысты 900-ден астам жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 пайызға көп. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі

Мамандар жүгіну санының артуын күннің ерте жылынуымен байланыстырады. Қардың ерте еруіне байланысты кенелер де әдеттегіден ертерек белсенді болған.

Кене шағу жағдайларының ең көбі Бурабай ауданында және Көкшетау қаласында тіркелген – шамамен 250-ден. Сандықтау ауданында 170-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің шамамен 250-і – 14 жасқа толмаған балалар. 600-ден астам адамға иммуноглобулинмен профилактикалық ем жүргізілді.

Биыл облыста кене энцефалитінің алты жағдайы анықталды. Оның екеуі Бурабай ауданында, екеуі Сандықтау ауданында және екеуі Көкшетау қаласында тіркелген. Сонымен қатар кене боррелиозының екі жағдайы анықталды. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде энцефалиттің төрт және боррелиоздың екі жағдайы тіркелген.

«Биыл кенелер белсенділігін ертерек бастады, соған байланысты шағу бойынша жүгінулер санының өскенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпау маңызды. Егер кене шақса, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну қажет. Себебі алғашқы 72 сағат кене энцефалитінің алдын алу үшін аса маңызды», – деді Алин Ғалымбек.

Кене шаққаннан кейінгі алғашқы 72 сағат – иммуноглобулинмен шұғыл профилактика жүргізу үшін маңызды кезең. Егер адам медициналық көмекке кеш жүгінсе, препаратты енгізу көрсетілмейді.

Облыста кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақ ретінде Сандықтау ауданы қалып отыр. Сондықтан аудан тұрғындарына, сондай-ақ эндемиялық аумақта кене шаққан адамдарға мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.

Адамның денесінен алынған кенені зертханада тегін тексеруге болады. Маусым басталғалы мамандар 370-тен астам кенені зерттеген. Зерттелген үлгілерден кене энцефалитінің антигені анықталмаған.

Қазір облыста иммуноглобулиннің 200-ге жуық дозасы бар. Препараттың қосымша партиясы қазан айында жеткізіледі деп күтілуде.

Мамандар табиғатқа шыққанда жабық киім киіп, репелленттер қолдануға, серуеннен кейін денені, киімді және балаларды мұқият тексеруге кеңес береді. Үй жануарларын да қарау қажет. Олар да кенені үйге алып келуі мүмкін.

Егер кене шақса, белгілердің пайда болуын күтпеген жөн. Адам медициналық көмекке неғұрлым ертерек жүгінсе, қажетті профилактикалық шараларды соғұрлым тез жүргізуге болады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *