Астанадағы Халықаралық HackAlem AI хакатоны GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатты
Фото: Ресми дереккөзден
Астанада өтіп жатқан AI Month аясында HackAlem AI хакатоны қатысушылар саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнатты. HackAlem AI 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында орнатылған алдыңғы әлемдік рекордтан асып түсті. Сол кезде Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонға 2 089 қатысушы жиналған болатын, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Хакатон басталғанға дейін мен бұл рекордтың бұған дейін орнатылғанын айтқан едім. Оны өткен жылдың желтоқсан айында Үндістанда Google компаниясы орнатып, оған 2 089 адам қатысқан. Менің міндетім іс-шараның өту барысын бақылап, стюардтар және тәуелсіз куәгерлермен бірге Guinness World Records талаптарының толық сақталғанына көз жеткізу болды. Біз хакатонға нақты қатысқан, қажетті талаптарды орындаған және белгіленген уақыт бойы алаңда болған қатысушыларды ғана есепке алдық. Қатысушылардың барлық деректері мен жұмыстарын тексергеннен кейін HackAlem AI нәтижесі 2 415 адам болғанын ресми түрде жариялай аламын. Сіздер Guinness World Records жаңа әлемдік рекордын орнаттыңыздар!» — деп GUINNESS WORLD RECORDS ресми төрешісі Гленн Поллард мәлімдеді.
«GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнату — Қазақстанның технологиялық қоғамдастығының ортақ жетістігі және еліміздің жоғары әлеуетінің дәлелі. HackAlem AI озық технологияларды қолдана отырып, экономиканың нақты міндеттерімен жұмыс істеген мыңдаған дарынды әзірлеушіні, студентті және жас маманды біріктірді. Біз үшін мұнда жасалған жобалардың идея мен прототиптен бастап пилоттық жобаға және нақты енгізуге дейінгі жолын жалғастыруы маңызды. Бұл нәтиже Қазақстанның жаһандық технологиялық күн тәртібіне қатысып қана қоймай, оны қалыптастыруға да қабілетті екенін көрсетеді. HackAlem AI Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылына орай өтіп жатқан AI Month аясында ұйымдастырылды», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Әлемдік рекорд GUINNESS WORLD RECORDS талаптарына сәйкес орнатылды. Қатысушылар тіркеуден және сәйкестендіруден өтті, олардың алаңға кіріп-шығуы жеке бейдждерді сканерлеу арқылы тіркелді. Әр секторда ережелердің сақталуын стюардтар бақылап отырды. Қорытынды нәтижеге белгіленген талаптарды орындаған және хакатон барысында жобалармен тікелей жұмыс істеген қатысушылар ғана енгізілді.
«Бүгін Қазақстан Guinness World Records әлемдік рекордын орнатты. Бұл нәтижеге ең алдымен адамдар, біздің жас әзірлеушілеріміз, студенттеріміз және AI энтузиастары үлес қосты. Мыңдаған қатысушы Астанаға жиналып, бірнеше сағат ішінде өз идеяларын нақты AI шешімдеріне айналдырды. Біз үшін бұл рекорд HackAlem AI ауқымының көрсеткіші ғана емес, Қазақстанда және өңірде мықты технологиялық қоғамдастық пен таланттардың жаңа буыны қалыптасқанын да көрсетеді. Біз олар үшін жаңа мүмкіндіктер жасап, жаһандық технологияларға, білімге және серіктестікке жол ашуға ұмтыламыз. Бұл олардың идеяларын бәсекеге қабілетті өнімдерге айналдырып, әлемдік нарыққа шығаруына мүмкіндік береді. HackAlem AI Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының маңызды оқиғаларының біріне айналды», — деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
HackAlem AI жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға арналған іс-шаралар сериясы — AI Month бағдарламасын бастады. Іс-шаралар сериясы Astana Hub қолдауымен, AI & Digital Bridge 2026 қарсаңында және Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтуде.
HackAlem AI ұйымдастырушылары мен серіктестері: Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center (BAITC), AI & Digital Bridge, OpenAI, NVIDIA, Arizona State University, Palo Alto Networks, MSSP.GLOBAL және «Романовский продукт».
HackAlem AI демеушілері: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Freedom Holding Corp., «Kaspi.kz» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (Halyk Bank), «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, Beeline Қазақстан және Firebird Inc.
Пікірлер (0)