Ақмола облысында өзендер мен арналардың деңгейіне тұрақты бақылау жұмысы жүргізіліп жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Қазақстанда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар тас жолдар бақылауға алынды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мамандары қазіргі таңда көпірлер мен дамбалардың жай-күйін тәулік бойы тексеріп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің бірі – Ақмола облысында өзендер мен арналардың деңгейіне тұрақты бақылау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жол қызметтері көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін келесі шараларды қолға алды:
Көкшетау — Атбасар тас жолының қауіпті учаскелерін нығайту жұмыстары жүріп жатыр;
Астана — Қорғалжын бағытындағы көпірлер мен су өткізу құрылғылары тазартылды;
Жол жиектеріне арнайы қорғаныс үйінділері қойылды.
Батыс Қазақстан облысында су басу қаупі бар тұстарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Мамандар су деңгейінің кез келген өзгерісін жіті қадағалап отыр.
Қарағанды облысында да жағдай тұрақты бақылауда. Мұнда төтенше жағдай орын алған жағдайда қолданылатын арнайы материалдар қоры дайындалды:
1. Құм толтырылған қаптар мен инертті материалдар әзірленді;
2. Уақытша қорғаныс бөгеттерін тұрғызу жоспары бекітілді;
3. Қауіп төнсе, бірден ескерту белгілері қойылады.
Жол қызметкерлері су бұру жүйелері мен көпірлердің су өткізу қабілетін үнемі тексеріп отыр. Мақсат – республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — деп атап өтті мекеме өкілдері.
Пікірлер (0)