Ақмола облысында үлестік құрылыс мәселесі шешімін тауып келеді
Фотосурет: дереккөз
Ақмола облысының Қосшы қаласында «Ынтымақ» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысан 2025 жылғы 5 маусымдағы қабылдау-тапсыру актісімен пайдалануға берілді. Облыс әкімі Марат Мұратұлының жетекшілігімен кешеннің 103 үлескерінің мәселесі сәтті шешілді. Бұл туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Рауан Шаймерденов брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері жоба мен құрылыс сапасын сақтамағаны үшін 9 мердігер ұйым мен техникалық қадағалауды іске асыратын 5 адам жауапкершілікке тартылған. Жалпы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басты міндеті – облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сапасын қадағалау, лицензиялау және аттестаттау саласында мемлекеттік қызмет көрсету.

Құқықбұзушылықтарды бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін 2 мердігер ҚР ӘҚБтК 312-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жобалау және рұқсат беру құжаттарының болмауына байланысты 37 құрылыс субъектісі жауапкершілікке тартылды, – деді Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Рауан Шаймерденов.
Құрылыс және ТКШ істері комитеті құрылыс реестрлерін автоматтандыруды қолға алды. 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап жаңа қағидалар күшіне енді: егер компанияның аттестатталған мамандары немесе өндірістік базасы жөнінде деректер базада көрсетілмесе, жүйе лицензияны автоматты түрде 6 айға тоқтатады.

Егер деректер 6 ай ішінде енгізілмесе, лицензия қалпына келтіру құқығынсыз жойылады. Бұл жинақталған тәжірибенің толық жоғалуына әкеледі. Лицензияны қайтарып алудың салдары, әсіресе, бірінші және екінші санаттағы компаниялар үшін ауыр. Лицензия тоқтатылған кезде барлық бұрынғы тәжірибе мен санат құқығы қалпына келтіру мүмкіндігінсіз жоғалады. Көптеген компания үшін бұл жинақталған тәжірибе мен нарықтағы қалыптасқан позицияларды жоғалтуды білдіреді, – деп атап өтті Рауан Шаймерденов.
Бұған дейін облыста 4 проблемалық нысан болған. Оның бірі – «Сирень бағы» тұрғын үй кешені (қазіргі «Ынтымақ»). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестор тарту тетігі әзірленіп, GALAMAT компаниялар тобымен (KGS Sauda ЖШС) келісім жасалды. Соның нәтижесінде «Ынтымақ» кешені аяқталып, тұрғындар өз баспаналарына кірді.

Енді Diamond Park тұрғын үй кешені үшін KGS Sauda ЖШС-мен бірлескен қызмет туралы келісім жасалды. Қазір тұрғын үйлердің аяқталмаған құрылымдарын зерттеу жұмыстары аяқталып, геологиялық-топографиялық түсіру жүргізілді. Нәтижесінде 141 үлескерді баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қалған екі тұрғын үй кешенінің мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Басқарма тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ құрылыс саласында мемлекеттің мүдделерін қорғау бағытында жұмысын жалғастырады, – деді Рауан Шаймерденов.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)