Қосшыдағы қос шара: тіл мәртебесін асқақтатқан күн
Фотосурет: janabastau.kz
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аясында еліміздегі дәстүрлі жалпықазақстандық ашық диктант Қосшы қаласында да жалғасын тапты. Қоғамдық мәдени спорт кешенінің дәріс залында өткен шараға қаланың өзінен және Тайтөбе ауылынан 53 тұрғын ерікті түрде келіп қатысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат порталы.
Айта кетсек, бұл бастама биыл Үкімет бекіткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты іс-шаралар жоспары негізінде іске асып отыр.
Бұл жолғы жалпықазақстандық ашық диктанттың мазмұны ел тарихында айрықша орны бар белгілі тұлғалардың, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, мәдениет пен әдебиет өкілдерінің өмірі мен еңбегіне арналды. Оның ішінде диктантты Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының тұрғындары ұлы ақын, ғұлама ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай, «Ұлы Абай туралы қызықты 10 дерек» тақырыбында жазды.
Қосшы қаласының әкімдігіне қарасты «Тілдерді оқыту орталығы» КММ өкілдерінің айтуынша, бұл дәстүр жұртшылықты елге еңбегі сіңген қайраткерлердің мұрасын дәріптеп, тарихи және рухани құндылықтарды терең тануға жетелейді.
Жалпы алғанда, диктант еліміздің барлық өңірінде Астана уақытымен сағат 11:00-де басталған болатын.
Сонымен қатар, дәл осы күні жергілікті тұрғындар арасында «Тілге құрмет – өзіңе құрмет!» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында қала көшелеріндегі автокөліктерге тілге қатысты нақыл сөздер жапсырылды.
Әрине, бұл дегеніңіз – мемлекеттік тілге сүйіспеншілік пен қазақ ұлтына көрсетілген құрметтің бір белгісі. Сондықтан автокөліктерге жапсырма жапсыру кезінде көлік иелері «Тілдерді оқыту орталығы» КММ мамандарына алғыс білдіріп, акцияға белсене қатысты.
Тілге құрмет – адамның өз ана тіліне, мемлекеттік тілге және жалпы кез келген ұлт тілдеріне сыйластықпен қарауы. Себебі тіл – әр адамның болмысы, ұлттық коды. Онсыз халықтың тұтас тарихы мен мәдениеті жойылады. Ал Заң бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тіліне ресми деңгейде басымдық беріледі. Қосшы қаласының әкімдігі осы жағына да баса назар аударып отыр.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)