Қосшыда 1500 орындық мектептің іргетасына капсула салынды

Қосшы жаңалықтары
view 57
news

Фотосурет ашық дереккөзден

Ата Заңның 30 жылдығына орай Қосшы қаласында 1500 орындық мектеп құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті,  деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен педагогикалық еңбек ардагері Айсулу Сәрсембаева қатысты.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыс әкімі өңірдің дамуы үшін сапалы білімнің маңызын атап өтті:

«Мемлекет басшысының Жарлығымен қала мәртебесін алған Қосшы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жылда оқушылар саны 40 пайызға артып, 12 мыңға жетті. Мектеп жасына дейінгі балалардың саны 9 мыңнан асты. Сондықтан Қосшыда жаңа мектептер салу – ең маңызды міндеттердің бірі. Бүгін біз жаңа мектептің іргетасын қалап отырмыз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Айсулу Сәрсембаева да бұл оқиғаның мән-маңызына тоқталды:

«Жас ұрпақ – елдің баға жетпес қазынасы. Бар-жоғы төрт жыл бұрын Қосшыда бір ғана мектеп болса, қазір олардың саны сегізге жетті. Қала тұрғыны әрі педагогикалық еңбек ардагері ретінде қаламыздың дамуына шын жүректен қуаныштымын», – деді ол.

Жаңа мектептің құрылысына арналған жер қаланың болашағы бар ауданынан таңдалды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақ.

Сонымен қатар, Қосшыға сапары барысында облыс әкімі орталық көше бойымен ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын сквер құрылысының барысымен танысты. Абаттандыру аумағы 2,7 гектарды құрайды. Жобаға ойын алаңдары, ворк-аут және балаларға арналған аймақтар, тас төсеу және көгалдандыру кіреді.

Бүгінгі таңда жұмыстардың 60 пайызы орындалған. Сквер құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында толықтай аяқталуы жоспарлануда.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *