Қосшы – «Отбасы банк» пилоттық жобасының алғашқы плацдармы
Фотосурет Ақмола облысының ішкі саясат басқармасынан
Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында Ақмола облысында азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған еліміз үшін бірегей пилоттық жобаға старт берілді. Оның алғашқы қатысушылары – Қосшы қаласының тұрғындары, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, Президенттің тапсырмасымен «Отбасы банк» жаңа өкілеттіктерге ие болды – енді дәл осы банк тұрғын үйге бірегей кезек жүргізіп, оның үлестірілуімен айналысады. Банк іс жүзінде еліміздің тұрғын үй саясатының басты операторы мәртебесін иеленді. Жаңа форматтағы пилоттық жоба алғаш рет Қосшы қаласында іске қосылды.

«Бүгін біз «Отбасы банк» өкілдігіне 371 пәтерді тапсырамыз. Оның ішінде 261 отбасы – сатып алу құқығымен жалға берілетін баспанаға, ал 110 отбасы – несие бағдарламасы бойынша қоныстанады. Жалпы алғанда, Қосшыда 560 отбасы тұрғын үймен қамтылады. Бұл жоба – Қазақстандағы тұңғыш тәжірибе. Қосшы жаңа жүйенің плацдармына айналды, ол мыңдаған отбасыға өз үйін иеленуге жол ашады», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Банк өкілдері Қосшының таңдалуы кездейсоқ еместігін атап өтті: жас әрі қарқынды дамып келе жатқан қала өзгерістердің символына айналды және жаңа жүйенің оң нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік беретін алаң болып отыр.
«Бұл – жаңа механизм, және оны дәл осы жерден бастағанымызды мақтан етеміз. Жалдамалы пәтерлер мен несиелік тұрғын үйлер – бұл тек бастамасы ғана. Жергілікті атқарушы органдарға қолдауы үшін алғыс айтамыз және жыл соңына дейін барлық міндеттемелер толық орындалатынына сенімдіміз. Қосшы басқа өңірлерге үлгі болмақ», – деді «Отбасы банк» Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов.
Жаңа «Ынтымақ» тұрғын үй кешеніндегі 70 пәтер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған. 3,7 гектар аумақта салынған кешен төрт көпқабатты үйден тұрады: бір тоғыз қабатты және үш бес қабатты. Барлығы – 549 пәтер, оның 103-і үлескерлерге бөлінген. Әкімнің айтуынша, мұндай кешенді тәсіл бір мезетте бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді: кезектегі азаматтарды баспанамен қамту, әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау және алданған үлескерлердің мәселесін жабу.
Марат Ахметжанов Қосшының дамуы тек тұрғын үй бастамаларымен шектелмейтінін де атап өтті:

«Қалада өзге де маңызды жобалар жүзеге асырылуда – газ тарту, халықты сапалы ауызсумен қамту, жолдарды жөндеу. Бүгін жаңа мектептің іргетасы қаланды. Бұл – қаланың жаңа әлеуметтік нысаны ғана емес, ерекше келбетін айқындайтын жоба. Мұның барлығы Қосшының тұрақты дамуына қуатты серпін береді», – деді облыс әкімі.
Айта кетсек, тұрғын үй бастамалары тек Қосшымен шектелмейді – жалпы Ақмола облысы бойынша да айтарлықтай нәтижелер бар. Тек соңғы екі жылдың өзінде 4 800-ге жуық отбасы баспаналы болды, оның ішінде 1 500-ден астамы – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Мұндай көрсеткіш өңірде соңғы жеті жылда болмаған.
Оқи отырыңыз



Пікірлер (0)