Ақмола облысында «Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат» атты патриоттық акция өтті
Сурет: Ашық дереккөзден
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Ақмола облысында «Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат» атты кең ауқымды патриоттық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды janabastau.kz.
Бұл шара биыл ерекше маңызға ие болды. Себебі Жеңістің мерейтойы – жай ғана тарихи дата емес, өткеннің ерлікке толы беттерін қайта парақтап, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге шынайы алғыс білдіру мүмкіндігі.
9 мамыр қарсаңында Көкшетау жастары тыл ардагеріне арнап құттықтау шарасын өткізді. Жастар ұйымдарының өкілдері облыстық мәслихат депутаты Умар Шоназаровпен бірге ардагердің үйіне арнайы барып, оған естелік медаль мен алғыс білдірді. Бұл кездесу ұрпақтар арасындағы байланыс пен тағзымның нақты көрінісіне айналды. Шынайы әңгіме, алғыс сөздер, жылы жүздесу мен ықылас – бәрі де рухани сабақтастықты айқын сездірді.
«Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат» акциясы – тарихи жадымызды сақтау, жастарға ата-бабалар ерлігін жеткізу, ең бастысы – алғысты ресми мінберлерден ғана емес, жанашырлық пен шынайы қамқорлық арқылы білдіру мақсатын көздейді. Мұндай кездесулер жас ұрпақ үшін нағыз ерлік пен адамгершілік сабағына айналып, ел тарихына деген құрметті нығайтады.
Акцияға қатысушылар қайырымдылықпен айналысатын “Dauletten” қорына ерекше алғыстарын білдірді. Қордың қолдауымен қоғамды біріктіретін және жастарды игі істерге шабыттандыратын осындай маңызды шаралар іске асуда.
Игі бастама тек Көкшетау қаласымен шектелмей, Ақмола облысының өзге де аудандарын қамтыды. Облыс көлемінде ескерткіштерге гүл шоқтарын қою, мектептерде жады сабақтары, патриоттық кездесулер мен экскурсиялар өткізілді. Бұл шаралар Жеңістің тарихи мұрасын архивтерде емес, адамдардың жүрегі мен әрекетінде сақтауға мүмкіндік береді.
Пікірлер (0)