Ақмола облысындағы құрылыс нысандарында 100-ден астам тексеріс жүргізілді
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Биылғы жылы Ақмола облысының құрылыс нысандарына қатысты 100-ден астам тексеріс жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша ондаған заң бұзушылықтар анықталып, сәйкессіздіктерді жоюға нұсқама берілді. Бұл туралы Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бақыдбек Оспанбеков журналистермен өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері барлығы 108 жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Соның қорытындысы бойынша 85 заң бұзушылық анықталып, олар бойынша кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді. Осы орайда 23 мердігер ұйым мен 7 техникалық инспектор жобалық құжаттамадан ауытқу және құрылыс стандарттарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Бұдан басқа, бір жыл ішінде қайталама құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 7 мердігер ұйым әкімшілік жауапқа тартылса, олардың бесеуі бойынша сот шешімі бар.
Есепті кезеңде 33 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды, ал соттарға 41 әкімшілік іс бойынша материалдар жіберілді. Сондай-ақ жобалық және рұқсат құжаттамасының жоқтығы үшін 43 құрылыс субъектісі бойынша заң бұзушылықтар анықталды.
«Сонымен қатар, 1 қарашадан бастап лицензиаттар үшін компанияларды білікті қызметкерлер мен өндірістік базаның болуы туралы өзекті деректерді қолдауға міндеттейтін жаңа ережелер енгізілді. Егер тізілімде расталған мамандар немесе жұмыс істеу үшін қажетті база туралы деректер болмаса, лицензиялар автоматты түрде тоқтатылады немесе жойылады. Бұл деректердің тізілімде болмауы лицензияның алты айға дейін тоқтатылуына, ал заң бұзушылықтар жойылмаған жағдайда қалпына келтіру мүмкіндігінсіз жойылуына әкелуі мүмкін. Әсіресе бірінші және екінші санаттағы компаниялар лицензиясын жоғалтқан кезде барлық жинақталған тәжірибелерін жоғалтады, бұл елеулі тәуекелдер мен шығындарға әкеп соғады», - деді Бақыдбек Оспанбеков.
Сондай-ақ, ведомствоның міндеттеріне өңірдегі үлестік құрылысты бақылау кіреді. Мәселен, «Diamond Park» ТК, «Құрылтай» ТК, «Сиреневый сад» ТК және «Шоколад» ТК сынды бақылауда 4 проблемалық тұрғын үй кешені қалып отыр, онда 527-ге жуық үлескерлер құрылыстың аяқталуын күтуде.
«Бақылау барысында«Сиреневый сад» ТК және «Diamond Park» ТК-нің инвесторы – «КГС Сауда» ЖШС анықталды. Ғимараттарға жобалық және техникалық зерттеулер жүргізілді. Екі кешеннің құрылысын аяқтау мерзімі 2025 жылдың шілдесіне жоспарланған. «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары аяқталуда. «Diamond Park» ТК үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», - деп толықтырды Бахыдбек Оспанбеков.
«Табыс Құрылтай» тұрғын үй кешенінің құрылысын үлескерлердің өтініші бойынша «МАХ ВЕТ PV2» ЖШС инвесторы бастаған болатын. Қазіргі уақытта екі бөлім аяқталды. Алайда, компанияның құрылтайшыларының бірі үлескерлердің қаражатын жымқырғаны үшін тергеліп жатыр. Наурыз айында компания жаңа мердігері ретінде – «Reliable Building Company» ЖШС-мен шарт жасасты, ол кешенді аяқтауға сөз берді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс компаниясының басқармасы мердігерден жазбаша міндеттеме алды, дегенмен жұмыс әлі басталған жоқ.
«Шоколад» тұрғын үй кешені шамамен 70% дайын, бірақ құрылыс баяу жүріп жатыр. Төртінші қабатта кірпіш қалау және еден плиталарын орнату жұмыстары аяқталуда. Қаңтар айында құрылыс салушы жаңа инвестор ретінде – «lets Comfort» ЖШС тағайындады. ЖШС «lets Comfort» ғимаратты аяқтау бойынша міндеттемелерді өзіне толықтай алды. Нысанды тапсыру мерзімі осы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған», - деп түйіндеді Бақыдбек Оспанбеков.
Пікірлер (0)