Ақмола жастары: жаңа мүмкіндіктер және даму көкжиегі
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақмола облысы жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына және өзін-өзі дамытуына жан-жақты жағдай жасап, жастар саясатын белсенді түрде ілгерілетуде. Бүгінде өңірде 35 жасқа дейінгі 210 мыңнан астам жас азамат тұрып жатыр. Оларды 30-дан астам жастар ұйымы, 20 еріктілер бірлестігі және 21 Жастар ресурстық орталығы қолдап, түрлі жобаларға бағыттап келеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Облыста жастардың бастамаларын қолдау тетіктері жақсы жолға қойылған. Стартаптарға арналған гранттардан бастап әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға дейінгі кең көлемді мүмкіндіктер қарастырылған. Жастар ресурстық орталықтары мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамту, бизнес ашу және тұрғын үй алу мәселелері бойынша тегін кеңес береді. Әсіресе, NEET-жастар, маргиналды топтар мен ауыл жастарын әлеуметтендіруге ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына 894 жас маман өтініш білдіріп, оның 416-сы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау тапты.
Жазғы маусымда іске асқан «Жасыл Ел» бағдарламасы 1365 жасты жұмыспен қамтып, олар елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысты. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету аясында 40 миллион теңгеге 10 грант бөлінді.
«Дипломмен ауылға!» жобасы арқылы мамандарды ауылдық жерлерге тартуды жалғастыруда. Оның аясында 80-нен астам жас маман 942 миллион теңгеге бюджеттік кредиттер алды, ал 800-ге жуық адам жалпы сомасы 276 миллион теңгеге көтерме жәрдемақыларды пайдаланды. Өңір студенттері үшін «Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендиясы» бағдарламасы жұмыс істейді, оның ішінде 232 оқушы стипендиат атанды, олардың ішінде 92 болашақ дәрігер және 41 педагог» - деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
Жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыру үшін өңірде түрлі мәдени және ғылыми жобалар жүзеге асуда. Солардың қатарында «JAS AQMOLA» облыстық жастар сыйлығы, «AQMOLA POWER» инновациялық жобалар байқауы, «Студенттік көктем» фестивалі және «Jaidarman» әзіл-сықақ турнирі бар. Сонымен қатар, ғылыми, IT, мәдени және медиа-жобаларды дамытуға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағдарламасы іске қосылып, жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде грант бөлінуде.
Жастардың кәсіби дамуына ерекше назар аударылып отыр. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу мақсатында ірі кәсіпорындарда жас мамандармен кездесулер ұйымдастырылып, үздіктер облыс басшылығы тарапынан алғыс хаттармен марапатталуда.
Осы бастамалардың барлығы өңір жастарының кәсіби және тұлғалық дамуына, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануға ықпал етуде. Ақмола облысы жастардың өз әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасап, олардың елдің дамуына үлес қосуына барынша қолдау көрсетіп келеді.
Пікірлер (0)