Ақмолалықтар үшін жаңа құқықтық сервистер іске қосылды
Фотосурет: дереккөз
Ақмола облысында тұрғындарға заң саласында қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктері іске қосылды. Енді азаматтар тегін заңгерлік кеңесті онлайн чат-бот арқылы ала алады. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Медет Едрисов мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Қарапайым халыққа ыңғайлы болу үшін «Әділет» порталында чат-бот іске қосылды. Ол кез келген азаматқа онлайн заң кеңесін береді.
Сонымен қатар, Көкшетауда Ш. Уәлиханов атындағы университет базасында заң клиникасы ашылды. Онда студенттер тәжірибе жинақтаса, тұрғындарға тегін құқықтық кеңес алуға мүмкіндік болады.
Еске сала кетсек, Әділет министрлігі «Цифрлық атқарушылық жазба» жобасын іске қосқан болатын.

Бұл жобаның көмегімен азаматтар қарызға байланысты дауды онлайн түрде шеше алады. Сондай-ақ борышкерге egov mobile арқылы бірден қарсылық білдіру мүмкіндігі бар, - деп мәлімдеді спикер.
Жоба басталғалы бері облыста 53 мыңнан аса атқарушылық жазба жасалып, оның 8 мыңға жуығы борышкерлердің өтінішімен тоқтатылған.
Өңірде тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактілері анықталуда. Биылғы 8 айда 14 шағым түсіп, кәсіпкерлерге айыппұл салынды, - деді Медет Едрисов.
Сонымен бірге Ақмола облысының 10 өнімі ресми түрде географиялық нұсқау алды. Олардың қатарында Көкшетау балмұздағы, Бурабай балы, Көкшетау майы, Көкшетау халвасы және басқа да өнімдер бар. Бұл атаулар өнімнің сапасын қорғап, экспорттық әлеуетін арттыруға көмектеседі.
Жаңа «Сот орындаушы-робот» жүйесі қарызды автоматты түрде өндіріп алады. Хабарламалар SMS және EGov Mobile арқылы келеді. Робот тек бір шотқа ғана арест қояды, ал төлем жасалған соң шектеу автоматты түрде алынады.
Сонымен бірге «Цифрлық ассистент» жүйесі іске қосылып, борышкерлер іс барысын онлайн бақылап, өтініш бере алады. Ал «Цифрлық бақылау» жүйесі қарызын төлемегендерді әуежайда, вокзалда, ХҚКО-да немесе көлік жүргізген кезде анықтауға мүмкіндік береді.
Әділет департаменті құқықтық мәдениетті арттыруға, халыққа қолжетімді заң көмегін көрсетуге және цифрлық сервистерді дамытуға ерекше мән беріп отыр.
Пікірлер (0)