Ақсақалдар кеңесі – қоғамдық келісімнің тірегі
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі 2022 жылдан бері табысты қызмет атқарып келеді. Бұл қоғамдық құрылым елімізге жанашыр, отаншыл азамат тәрбиелеуде маңызы зор.
Бүгінде Ақсақалдар кеңесі еліміздің түкпір-түкпірінде құрылды. 8 мыңнан аса азаматты біріктіретін бұл кеңестің саны 1200-ден асты. Құрылымның құрамында өмірлік тәжірибесі мол, өзінің білімі мен біліктілігін жас ұрпаққа үйретуге дайын тұратын азаматтар жиналды.
Қысқа мерзім ішінде Ақсақалдар кеңесі билік пен халық арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуда дәнекер бола алды.
Ақсақалдар кеңесінің қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында, ҚХА-ның Сессияларында көтерілген әлеуметтік мәселелер мен ұлттық басымдықтарға негізделген. Кеңес ұлттық құндылықтарды сақтау, халықтық дәстүрлерді дәріптеу және қоғамдық ұйымдармен өзара ықпалдастықты нығайтуға басымдық береді.
Мен Қарағанды облысының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде өңіріміздегі бұл институттың қоғамдық келісімді нығайтуға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды алаңға айналғанын нық сеніммен айта аламын.
Қарағанды облысы – жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан полиэтносты өңір. Бүгінде өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында 88 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олардың құрамына қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген беделді ақсақалдар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері енген. Кеңес құрамында жалпы саны 498 адам бар.
Ақсақалдар кеңесінің қызметі өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге де бағытталған. Кеңес мүшелері еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, еңбек дауларының алдын алу, өндірістегі қауіпсіздік және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне назар аударады. Мұндай кездесулер қоғамдағы сенім мен өзара жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Жыл басынан бері Ақсақалдар кеңестері 9 500-ден астам адамды қамтыған 300-ге жуық іс-шара өткізді. Соның ішінде Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Ақсақалдар кеңесінің республикалық слеті ерекше маңызға ие болды. Ауқымды жиында ҚХА-ның «Адал азамат» жобасын іске асыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Слет аясында қатысушылар өңірдің өндірістік әлеуетімен танысып, тарихи-танымдық нысандарды аралады. Сонымен қатар «Достық үйінде» өткен «Ақсақалдар тағылымы – адал қоғамның кепілі» атты салтанатты іс-шара барысында «Адал азамат» жобасының жеңімпаздары марапатталды.
Бұл іс-шара еңбек адамдарын ынталандырумен қатар адал қызмет әрқашан өз бағасын алатынын көрсете білді.
Осындай іс-шаралар барлық өңірде Ақсақалдар кеңесінің қатысуымен өтіп жатыр.
Үлкенге құрмет көрсету, оның қатесінен сабақ алу, пайдалы кеңесінен тәжірибе жинау – халқымыздың даналық дәстүрі. Осы дәстүрден айнымай, жақсыны үйретіп, жаманнан жиренте білсек, сонда ғана болашағы жарқын ұлт боламыз.
Ұлы Абай Құнанбайұлы «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегеніндей адамның адамнан артығы, не кемі жоқ. Бәріміз бір үйдің баласындай ұлтымыз үшін, мемлекетіміздің, өзіміздің жарқын болашағымыз үшін біріге қызмет етіп, ынтымағымызды нығайта берейік!
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
ҚХА мүшесі, Қарағанды облыстық Ақсақалдар Кеңесінің төрағасы
Пікірлер (0)