Ақтау әкімдігі депутатқа заңсыз жерін сатып жіберуге септескен

Жаңалықтар
view 148
news

Фотосурет: gov.kz

Ақтау қаласының №2 сотында Каспий теңізі жағалауындағы жер учаскесін беру туралы заңсыз қаулының салдарынан келтірілген залалды өтеу жөніндегі азаматтық іс қаралып жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Талап қоюшының өкілі хабарлағандай, ер адам бұл жерді облысқа танымал кәсіпкерден – бұрынғы мәслихат депутатының өзінен сатып алған. Жаңа иесі ол аумақта туристік нысан салуды жоспарлап, жерді игеруге қомақты қаржы жұмсаған. Алайда кейін учаске мемлекетке қайтарылды. Сот сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды.

Әкімнің жер беру туралы бастапқы қаулысының заңсыздығы сот шешімімен расталған. Талап қоюшының айтуынша, жер бөлу кезінде заңнама өрескел бұзылған.

Әкімдік жер учаскесін тендерсіз, яғни бар нысанды «кеңейту» деген сылтаумен берген. Бірақ ол нысанның пайдалануға берілу актісінің болмағаны анықталды. Сондай-ақ әкімдіктің кейбір лауазымды тұлғалары мен жердің бастапқы иесі арасында сөз байласу болғанын жоққа шығармаймыз, – деді заң кеңесшісі Абай Қазтуғанов.

Оның айтуынша, мәселе 2021 жылы туындаған. Сол кезде кәсіпкер Каспий жағалауынан туристік нысан салу үшін жер сұрап, әкімдікке жүгінген. Архитектура бөлімінде бос учаскелердің жоқ екені айтылғаннан кейін ол өзі іздеп, бұрынғы жер иесін тапқан. Сол арқылы әрқайсысы 4 сотықтан тұратын 12 жер телімін сатып алған. Кәсіпкер бұл аумақ теңіздің бірінші жағалау сызығында деп сенген.

Алайда жерді игере бастағанда, оның учаскесі мен теңіз арасында басқа жеке меншік жерлер бар екені анықталған. Талап қоюшы мәмілені бұзып, ақшасын қайтаруды сұрағанда, бұрынғы иесі оған басқа жерлер ұсынған. Кейін белгілі болғандай, ол учаскелер заңсыз алынған.

Талап қоюшы өкілінің айтуынша, бұрынғы депутат бұл жерлерді 2021 жылдың көктемінде өз иелігін «кеңейту» мақсатында алғандай етіп рәсімдеген. Бірақ іс жүзінде ол жердің мақсатты пайдалану түрін демалыс базасын салуға өзгертіп, кейін оны 64 жеке учаскеге бөліп, сатылымға шығарған.

Залалды өтеу туралы талап сомасы – 94 миллион теңге. Сотқа жауапкерлер ретінде қалалық әкімдік пен жердің бұрынғы иесі қатысты.

Қалалық әкімдікке сұрау жіберілгенмен, олар сот шешімі шыққанға дейін жағдайға түсінік бермейтіндерін мәлімдеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *