Арманшыл жастың алар асуы биік

Редакция таңдауы
view 241
news

ҚР Мемлекеттік Рәміздері күніне орай Ақмола облысында жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың және облыс жастарының қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Патриоттық акция Мемлекеттік Әнұранды жанды дауыспен орындаудан басталды. Онда Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, халықтың тәуелсіздік туралы сан ғасырлық арманының бейнесі ретінде ел рәміздерінің маңыздылығына тоқталды.

«31 жыл бұрын біздің еліміз мемлекеттік рәміздерді қабылдады және бұл күн жас егемен мемлекеттің маңызды оқиғаларының біріне айналды. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, және Мемлекеттік Әнұран – бұл кез-келген мемлекеттің өзіндік ерекшелігін, саяси тәуелсіздігі мен егемендігін бейнелейтін ажырамас атрибуттары, онда Отанға қызмет етудің жоғары мұраттары, халықтың тарихи тамыры мен дәстүрлерін құрметтеу жатыр», деп атап өтті аймақ басшысы. Акция барысында «Жыл патриоттары» сыйлығының номинанттарын марапаттау рәсімі өтті. Олардың арасында 20 ақмолалық батыр, еріктілер және халықаралық ғылыми, мәдени және спорттық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары болды. Олардың ішінде Қосшы қаласындағы «Дара» бизнес академиясының оқушысы сегіз жасар Ахмет Лейла мен 10-сынып оқушысы Медина Сапабекова да бар. Лейла Ахмет – Афинадағы «WADA – 2023» Ашық әлем чемпионатының жеңімпазы, Мәскеудегі би олимпиадасының лауреаты, акробатикалық биден Қазақстан Республикасы чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері атанып үлгерген. Бала кезінен бойындағы қабілетін байқаған анасы Айпері Батырқанова оны небарі екі жарым жасынан бастап, балет пен көркем гимнастика үйірмесіне апарады. «Кіп-кішкентай кезінен биге құмар еді. Өзінің қызығушылығының арқасында жаттығуды қалт жібермейді. Табандылығының, еңбегінің нәтижесінде, биік белестерді бағындырып келеді. Қызым 2020 жылдан бері «Esquire» студиясында Жакишева Екатерина ұстазының жетекшілігімен спорттық, заманауи биді меңгеріп жүр. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы демекші, қызымның жетекшісі халықаралық дәреже алдыңғы орыннан көрінген жеңімпаздардың жаттықтырушысы», деп шын талантты ашуда ұстаз бен атаананың ықпалының маңызды екендігін жеткізді. Айта кететін ерекше жайт, Лейла – көпбалалы, үлгілі отбасында тәрбиеленген ұқыпты, тиянақты, жауапкершілікті ерте сезінген бала. Ол аптаның алты күнін жаттығумен өткізеді екен. Тәуліктің екі сағатқа жуық уақытын би үйірмесіне арнайтын Лейланың іс-қимылы ширақ, бойы сергек. Таңмен таласа оянатын Лейланың күндік жоспары бар. Соның аясында тиянақты жұмыс жасалып, нәтижеге қол жеткізіп келеді. Алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан би тобы, әлі де биіктерден көрінері сөзсіз. Қазір биші қыз жұбы Улейко Сонямен жаңа дуэттік нөмірге дайындық жасау үстінде. Ойының ұшқырлығы, көшбасшылық қабілетімен көзге түскен «Дара» бизнес академиясының үздік оқушыларының тағы бірі – Медина Сапабекова 10-сыныпты тәмамдады. Білім ордасының Президенті атанған зерек оқушы Ақмола облысы әкімінің «Жыл патриоты» номинациясына лайықты деп табылған еді. «Мектебіміздің ерекше тұсы – оқушыларды ерте жастан кәсіп меңгеруге, қабілетіңді анықтап, маркетинг заңдылығын бағамдауға айрықша мән беретіндігі. Осы бағытта бірнеше рет сайысқа қатысып, алдыңғы орыннан көріндім. Бизнес жүргізу оңай шаруа емес. Бастаған істі абыроймен алып жүру, тұтынушының сұранысын жақсарту міндет», дейді бизнесті жастайынан зерттеген Медина. Бос уақытын шағын жобаларды дамытуға арнайтын оқушы алдына үлкен мақсат қойып отыр. «Мықты университетте білім алып, ел дамуына сүбелі үлес қоссам деймін. Маған үміт артып, үнемі қолдау танытатын ата-анам, ұстаздарымның сенімін ақтағым келеді», дейді экономика саласының мықты маманы болуды көксейтін мектеп Президенті Медина Абзалбекқызы. «Арманы бар адамның бойында қайнар қуаты, алдында жанар мұраты» деген аталы сөз қос кейіпкеріміздің мақсаттарының айқын екендігіне дәлел болатындай. Бір білім ордасында қалыптасып келе жатқан арулардың әлі талай жетістігіне куә боламыз деген сенім зор.  

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *